Метка: Ауыл шаруашылығы

  • Тоқаев: ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу қажет

    Тоқаев: ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу қажет

    Ақмола облысында өткен егін жинау науқанына арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал шаруашылығының әлеуетін толық ашу қажеттігін айтып, ауыл шаруашылығын цифрландыруға ерекше назар аударды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    – Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз. Бұл туралы мен Жолдауымда да айттым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу қажет. Өсімдік пен мал шаруашылығындағы барлық үдерістерді қадағалау үшін цифрлық тәсілдерді қолдану керек. Осы жұмыста ІТ-бизнес өкілдерімен ынтымақтастық орнату маңызды, – деді Президент.

    Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отырғанын еске салып, әрбір жоба нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.

    – Мемлекет адал еңбек етіп жүрген шаруаларды әрқашан қолдайды. Мен ауыл шаруашылығына ерекше мән беремін және бұл сала әрдайым менің жіті бақылауымда болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Бірлесіп жұмыс істесек, бұл маңызды науқанды уақтылы әрі табысты аяқтаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Жиын барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері, ірі агроқұрылымдардың басшылары баяндама жасады.

  • Игерілмей жатқан 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

    Игерілмей жатқан 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

    2022 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды.

    АШМ ақпаратына сәйкес, қажетті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,7 млн гектар аумақта жерді игеруге кіріскен. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлердің 4,8 млн гектары да қайта бөлінді.

    Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді алып қою жөніндегі жұмыс комиссиясы республикалық комиссия ретінде қайта құрылды. Оның негізгі міндеті – жерлерді ауыл халқының қажеттіліктері үшін қайта бөлуге және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау.

    Сондай-ақ, қазір президенттің тапсырмасына сәйкес, салық төлеуді, инвестиция тартуды және ауылдық аумақтарды дамытуға ықпал ететін қолданыстағы ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесі пысықталып жатыр.

  • Алмасбек Садырбаев 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

    Алмасбек Садырбаев 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

    ҚМА Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген субсидияларды алу кезінде деректерді бұрмалау фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

    Мәселен, агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаев аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі.

    Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінді.

    Негізгі мақсат – ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.

    Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

    Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында.

    ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.

     

  • Солтүстік Қазақстанда заңсыз алынған жер мемлекетке қайтарылды

    Солтүстік Қазақстанда заңсыз алынған жер мемлекетке қайтарылды

    АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Петропавл қалалық департаменті мен әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің өтініші негізінде мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

    Тексеру және өлшеу нәтижелері бойынша 0,8 га аумақтағы мемлекеттік меншік жер учаскесін жергілікті ЖШС-нің заңсыз иемденгені және пайдаланғаны анықталды. Заңбұзушылық үшін заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп қосты ведомство.

    Департамент Петропавл қаласы әкіміне заңсыз иемденген жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару туралы шаралар қабылдау жөнінде хат жолдады. СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Петропавл қаласы әкімдігінің талап-арыздары қанағаттандырылды.

  • Қазақстанның диқандары 20 миллион тонна астық бастырды

    Қазақстанның диқандары 20 миллион тонна астық бастырды

    Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, күзгі орақ кезінде 150 мыңға жуық трактор мен 36 мыңнан астам комбайн егін орған.

    «Жалпы алғанда, 10,7 млн гектар жерден 15,2 млн тонна бидай, 1,9 млн гектардан  3,3 млн тонна арпа, бастырылды, 158,2 мың гектар жерден 250 мың тонна сұлы жиналды», — деп жазады АШМ.

    Айта кетейік, биыл шаруаларға көктемгі және күзгі егін науқаны үшін жеңілдікпен 580 млрд теңге қаржы бөлінген.