Метка: Azerbaijan Airlines

  • Әзербайжан ұшақ апаты бойынша Ресейді сотқа бермек

    Әзербайжан ұшақ апаты бойынша Ресейді сотқа бермек

    Әзербайжан Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатына байланысты Ресейді халықаралық сотқа бермекші. Бұл туралы Әзербайжанның «АПА» ақпарат агенттігі хабарлады.

    Әзербайжан билігі Қазақстанның көлік министрлігі ұшақ апаты жайлы алдын ала есепті жарияланғаннан кейін де Ресей тарапының оқиғаға «біржақты пікір беруді» жалғастырып жатқанына наразы.

    Баку «ресейлік шенеуніктер, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаға Ресейдің қатысы бар екенін жоққа шығаруды жалғастырып, кінәні экипаждың мойнына ілгісі келіп отыр» деп есептейді. Биліктің пікірінше, Ресейдің мұндай тактикасы 2014 жылы ресейлік «Бук» зенит-зымыран кешені Донбасс аспанында атып құлатқан малайзиялық Boeing 777 жолаушы ұшағы апатын еске түсіреді.

    AZAL ұшағына қатысты бұйрық берген және оны атқан адамдар, сондай-ақ қару түрі туралы ақпарат Әзербайжан билігінде бар деп жазды «АПА» агенттігі. Әзербайжан тарапын Мәскеудің «тергеуді басқа бағытқа бұруға және кінәні экипажға артуға» деген талпынысы қынжылтады дейді басылым.

    Ресми Баку «Ресеймен диалогқа есік ашық. Мәскеу кінәсін ашық мойындап, жауапкершілікті мойнына алуы керек», – деді.

  • AZAL ұшағының неліктен Ақтауға қонуға шешім қабылдағаны белгілі болды

    AZAL ұшағының неліктен Ақтауға қонуға шешім қабылдағаны белгілі болды

    Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines Embraer-190 ұшағының ұшқыштары неліктен Ақтауға қонуға шешім қабылдағаны белгілі болды.

    Media.az мәліметінше, ұшқыштардың Ақтауды таңдағаны 29 адамның аман қалуына себеп болған. Ұшқыш-нұсқаушы Вугар Мехдизаденің айтуынша, ұшақтың Ақтауға бағытталуының себебі –  қаланың әуежайы айналасындағы жер бедерінің таулы емес, тегіс болуы. Ұшақ басқарылмай қалғандықтан, капитанның дәл осы жерде апатты қону туралы шешімі дұрыс болған. Мехдизаде ұшқыштардың қиын жағдайда Қазақстанға дейін жеткенін атап өтіп, олардың ерлігі мен кәсібилігін жоғары бағалады.

    Еске сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Embraer E-190 ұшағы Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Ұшақта 67 адам болған, оның ішінде 5 экипаж мүшесі және 62 жолаушы. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.

    Апаттың нақты себебі әлі анықталмағанымен, Әзірбайжан билігі Ресей зымыраны соққысынан зақым келді деп есептейді.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: 3 маңғыстаулықтың отбасына қаржылай көмек берілді

    Ақтаудағы ұшақ апаты: 3 маңғыстаулықтың отбасына қаржылай көмек берілді

    Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтарды алып кетуге келген туыстарына Маңғыстау облысы тарапынан  қолдау шаралары көрсетілуде.

    Дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен волонтерлар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

    Туыстарын алып кетуге келген шетел азаматтарын әуежайдан күтіп алып-шығарып салу, қонақ үйге орналастыру және т. б. қолдаулар жасалуда.

    Атап айтқанда, өңірлік психологтар мен дәрігерлер облыстық ауруханада қайғырып жүрген жандардың денсаулығын тексеріп, психологиялық көмек беріп жатыр. Сондай-ақ, ыстық тамақ пен шәймен қамтамасыз етілуде.

    – Сонымен қатар, ұшақ апатынан көз жұмған Маңғыстау облысының 3 азаматының отбасына қаржылай көмек беріліп, марқұмдарды жерлеу рәсімдеріне қолдау көрсетілді, – делінген әкімдік хабарламасында.

    Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.

    Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.

  • Ақтау маңында құлаған ұшақтың қара жәшігі Бразилияда ашылады

    Ақтау маңында құлаған ұшақтың қара жәшігі Бразилияда ашылады

    Бұл тураылы Көлік министрлігі хабарлады. «Чикаго конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттағы өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайды», – делінген хабарламада.

    Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялады және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.

    Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын ескере және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия қара жәшіктерді Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.

    CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар.

    Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

  • Әзербайжанның тағы бір ұшағы Бакуге шұғыл түрде қонды

    Әзербайжанның тағы бір ұшағы Бакуге шұғыл түрде қонды

    Ресейдің Минеральные Воды қаласына ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы шұғыл түрде Бакуге қайтып келді.

    Azerbaijan Airlines компаниясы бұл шешім Махачкала үстіндегі әуе кеңістігінің жабылғаны туралы NOTAM хабарламасын алғаннан кейін қабылданғанын мәлімдеді.

  • Жетісулық волонтерлар Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек үшін қан тапсыруда

    Жетісулық волонтерлар Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек үшін қан тапсыруда

    Бүгін Жетісу облысының волонтерлары 25 желтоқсанда Ақтау қаласына таяу маңда құлаған «Баку-Грозный» бағытындағы жолаушылар ұшағы апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Талдықорғандағы Қан орталығына барып, қан тапсырды.

    Облыстағы ерікті жастар алғашқылардың бірі болып қан тапсыруға ниет білдірген. Олар қиын жағдайға түскен жандарға қан беру арқылы көмек көрсетуге жора-жолдастары мен таныстарын да шақыруда.

    – Ақтау қаласында әуе кемесінің құлағаны туралы оқыс жаңалық бәрімізге ауыр тиді. Апаттан қаншама адам көз жұмды, марқұмдардың жаны жаннатта болсын дейміз. Тірі қалғандардың тез сауығып, аман-есен жақындарына орлауына көмегіміз тисін деп, бүгін қан тапсыруға келдік. Енді мұндай ауыр жағдай қайталанбасын деп тілейміз, – деді «Ассамблея жастары» еріктілер тобының мүшесі Заида Құрмашева.

    Облыстық қан орталығының мәліметіне қарағанда, бүгін сағат 12.00-ге дейін 49 адам қан тапсырған.

    – Орталыққа әуе апатынан жарақат алған мұқтаж жандар үшін қан көмек тапсырамыз деп ерікті жастар келіп жатыр. Әзірге Ақтаудағы қан тапсыру орталығында қан жеткілікті. Егер жедел қан керек десе біз кез келген уақытта жіберуге дайынбыз, – деді Облыстық қан орталығының директоры Марат Досқалиев. 

  • Ұшақ апатынан зардап шеккен 11 адам реанимацияда жатыр

    Ұшақ апатынан зардап шеккен 11 адам реанимацияда жатыр

    Ақтаудағы әуежай маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 29 адамның 11-і реанимацияда жатыр,.

    Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген пациенттер әртүрлі жарақаттармен, атап айтқанда: мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаттары, травматикалық шокпен түсті.

    26 желтоқсанда таңертең 11 пациент реанимация бөлімшесінде, 13-і травматология бөлімшесінде, 2-еуі нейрохирургия бөлімшесінде, 1-еуі хирургия бөлімшесінде ем алды. Пациенттердің жағдайы бойынша: екеуі аса ауыр жағдайда, 11-і ауыр жағдайда, 14-і орташа ауырлық дәрежесінде, 2 пациенттің шағымы жоқ, қанағаттанарлық жағдайда. 11 пациенттің сегізі өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр және дәрілік седация, тониктер қабылдайды. Келіп түскен кезде барлық зардап шеккендерге қажетті зерттеп-қарау түрлері жүргізіліп, жағдайы тұрақтанғаннан кейін бейіні бойынша емдеуге жатқызылды, – делінген министрлік хабарламасында.

    Ведомство өкілдері зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін атап өтті.  Дәрігерлер ауыр пациенттердің жағдайын тұрақтандыру үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап, аурухана дәрі-дәрмектермен, жабдықтармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген.

    Бұған дейін хабарланғандай, Астанадан Ақтауға әуе апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін санитариялық авиация ұшағы жіберілген. Бортта құрамында екі реаниматолог, 4 травматолог, нейрохирург және комбустиолог бар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобилдік бригадасы келді.

  • Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан фотосуреттер жариялады

    Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан фотосуреттер жариялады

    Бүгін 2024 жылғы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Баку – Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190ar әуе кемесі апатты жағдай жариялап, Ақтау әуежайына қонуға жағдай жасау туралы ақпарат түсті. Қону уақыты шамамен сағат 11:25 деп белгіленді, деп хабарлайды ТЖМ.

    Алдын ала ақпарат бойынша бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж болған. Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Сағат 11: 30-да әуежайдан 3 километр жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.

    ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді.

    Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылуда.

    Сағат 11:45-тегі жағдай бойынша өрт оқшауланып, 12:05-те сөндірілді. Сағат 14:10-да 29 адам, оның ішінде 2 бала медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

    Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді. Сонымен қатар оқиға орнында үкіметтік комиссияның іс-қимылын үйлестіру үшін ТЖ министр генерал-майор Шыңғыс Әрінов, ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев және ТЖ жою департаментінің бастығы Ақтауға кетті.

    Оқиға туралы өзекті ақпаратты алу үшін жедел желі телефондары жұмыс істейді:

    Астана қаласының командалық орталығында: 8-7172-55-96-21, 55-96-83.

    Маңғыстау облысы ТЖД: 8-7292-31-90-91.

    Осы сағатта жедел желі телефондарына 272 қоңырау түсті. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу барысы бойынша ақпарат одан әрі жаңартылатын болады.

  • Ақтау маңында жолаушылар ұшағы құлады

    Ақтау маңында жолаушылар ұшағы құлады

    Azerbaijan Airlines-тің Баку-Грозный бағытында ұшып келе жатқан AHY8243 нөмірлі ұшақ құлады. Baza айтуынша, апатқа ұшыраған ұшақтың бортында 67 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Тағы бір ақпарат көздерінде бортта тіпті 105 адам болғаны туралы айтылуда.

    Ақтауда ұшақ апаты болған орыннан 12 адам, оның ішінде бір бала Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

    Алдын ала ақпарат бойынша апатқа ұшақтың құстармен соқтығысуы себеп болған. Әзербайжан ақпараттық агенттіктерінің хабарлауынша, әуе кемесі тұманға байланысты Грозныйға қонуға рұқсат ала алмаған.

    Бұл «Баку – Грозный» № J2-8243 рейсін орындаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы. Ол Ақтауға жақын маңда қонуға мәжбүр болған, – жазады БАҚ.