Метка: БҚО

  • БҚО-ның білім саласындағы былық: 30 лауазымды қызметкер жазаланды

    БҚО-ның білім саласындағы былық: 30 лауазымды қызметкер жазаланды

    Батыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында тексеру жүргізіліп, түрлі заң бұзушылықтар анықталды.

    Прокуратура мәліметінше, Т.Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектепте кәмелетке толмағандар арасында Оқу-ағарту министрінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» 2022 жылғы 3 тамызындағы №348 бұйрығы талаптарына қайшы «Өмір қауіпсіздігі негіздері» бойынша міндетті сабақтар жүргізілмеген.

    «Аталған сабақтарды өткізу ауданның барлық 1200 оқушылар үшін ұйымдастырылмаған. Еңбек қатынастары саласындағы бұзушылықтар да тіркелді: қызметкерлер ұжымдық шарттармен таныспаған, ал еңбек шартын бұзу кезінде белгіленген нормалар сақталмаған. Тексеру нәтижесінде 30 лауазымды тұлға тәртіптік, ал 8 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобы ұсталды

    Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобы ұсталды

    БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға облыс орталығына жақын ауданда болған. Күдіктілер жылқыларды көршілес ауданға, ұсталғандардың бірінің тұрғылықты жеріне айдап әкеткен.

    – Барлық ұрланған мал тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Келтірілген залал 17,6 миллион теңге болды. Ұсталғандардың екеуі бұрын мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Топ құрамында Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы аудандарының тұрғындары болған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталмыш топтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдіктілердің үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады ведомстводан.

  • Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Жалпақ жұрт еңбек демалысына жапа-тармағай шығып жатыр. Оның бірі –дәрігер, бірі – кәсіпкер, мемқызметкер, тағысын тағы. Тақырыптан алшақтамай, Sona.kz ұжымы әкімдер жаздың аптап ыстығында демалысын қалай өткізетіні жайында зерттеу жүргізді.

    Бізді таңқалдырғаны Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының берген жауабы болды. Сөзінше, 3 жылдан бері еңбек демалысына шықпаған, теңізде шомылып, күнге күймеген.

     

    «Жалпы әкім тарихи орындарда уақыт өткізгенді жақсы көреді. Сондай-ақ ол ішкі туризмді дамытуға кеңес береді», – делінген жауапта.

    Өңір басшысы мүмкіндік болса, Түркия, Египет, Грузия сынды елдерге барып қайтуды да жөн санайды. Мұнда тек демалып қоймай, тарихпен танысуға мүмкіндік бар – дейді әкім.

    Ұлытаумен қатар құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Берік Әбдіғалиұлына қарағанда екі рет қысқа мерзімді еңбек демалысына барған. Ал халыққа Алакөл мен Шошқалы көлдерінің табиғатында уақыт өткізуді ұсынады.

    Курорт пен санаторийсіз қызмет еткендердің қатарынан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да табылды. Ол екі жыл бойы ақ тер, қара терге түсіп, жұмыс жасап жүр. Қолы қалт еткенде ақ жаулықты анасына барады. Елдің түкпіріндегі басқа жерлерден гөрі, бұқараны Түркістанға келіп, зиярат етіп, «Керуен сарайды» көруге шақырады.

    Келесі әкім – жиында қарамағындағы мемқызметкерді Антикор алып кеткен Ғабит Сыздықбеков. Елді елең еткізген басшы былтыр тағайындалғаннан Шымкенттен аттап баспаған, жанына жай іздемеген. Техас лақап атымен танымал Шым шаһарға келуге кеңес береді.

     

    «Біздің қаладан экскурсияны да, тарихи-мәдени орындарды да, емдік аймақтарды да, бизнес туризмін де табуға әбден болады. Шымкент – арзан қалалардың бірі, сондықтан халыққа қолжетімді», – деп жазды әкімдік.

    Басына күн туған батыстық әкім Нариман Төреғалиев болса, биыл еңбек демалысына шығуды жоспарламаған. БҚО-ның мамандары су тасқыны салдарын жоюмен айналысуда. Негізі бір бүйірі санаторийге барып, ем алуға бұрып тұрады.

    Нариман Төреғалиұлы секілді биылдыққа жоспары жоқтың санатында Ақтөбе мен Ақмола облысының әкімдері де бар. Олар үшін көктемгі күйзеліс күз соңы мен қыс басына дейін жалғасатыны – анық. Ақтөбелік әкім өз өңірін мақтап, өзгеден ерек көреді. Табиғаты тұмса, көңілден шығатын аймақтардың бірқатарын тізіп жазыпты: Қарғалы су қоймасы, сарқырамалар, «Аққұм», «Ақтолағай» борлы тауы, «Барқын», «Аққайың» орманы, «Қобыланды батыр» мемориалды кешені және т.б. Ал ақмолалықтар жай ғана: «Бізге келіңдер, көріңдер» — деп, сұраққа сараң жауап қатты.

    Атыраулық шенеунік жоспарымен бөлісуден бас тартты, бірақ, отбасымен демалғанды ұнататынын жазды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Тұздыкөл, Ақкерегешін, Нарын, Ақмешіт, Сарайшық секілді тарихи әрі әсем жерді көруге шақырады.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр демалысқа шыққанын білеміз. Ал биыл не көздеп отырғанын ашып жазбады. Ол «Көлсай көлдері», «Іле Алатауы», «Шарын шатқалы» ұлттық парктері туралы жүз естігенше, бір көруді ұсынды.

    Маңғыстаулық, астаналық шенділердің түртіп өткені мүлде қанағаттандырмады.

     

    «Әр маман қайда демалам десе де, өзі біледі», — деп астаналықтар қысқа қайырды.

    Бас қаланың әкімі Жеңіс Қасымбек былтырлары халық сынына ұшырағаны есімізде. Әлі де кері байланыс орнатып, қарым-қатынас құруды үйренбеген секілді.

    Маңғаз маңғыстаулықтар шын мәнінде маңғаз екендерін дәлелдеп, шенді-шекпенділер турасындағы заңды алға тартты. Нұрдәулет Қилыбай демалысын қалай өткізетіні жайлы сөз етпеді. Есесіне, өңірде 17 туроператордың қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

    Жалпы біз сұраған облыс және қала әкімдерінің барлығы дерлік жақындарымен уақыт өткізгенді абзал санайтындарын атап өтті. Расымен солай ма?! Ақиқатын халық іштей сезеді, түйсінеді. Біздікі – ресми хатты әлеуметке жеткізу ғана.