Метка: Баку ұшағы

  • Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардессаның видеосы тарады

    Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардессаның видеосы тарады

    Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағында тірі қалған бортсеріктің кім екені анықталды.

    Ұшақ апатында 5 экипаж мүшесі болған. Олардың үшеуі қаза тауып, екеуі аман қалған еді. Тірі қалған бортсеріктің бірі Айдан Рагимли қазір ауруханада жатыр. Әзербайжандағы БАҚ ауруханада жатқан бортсеріктің жағдайын білуге барғанда ол көз жасына ерік беріп, қатты жылаған. Айдан Рагимли 1999 жылы дүниеге келген.

    Бұның алдында ұшақ апаты кезінде жолаушыларды соңғы демі қалғанша қолдаған Хокума Әлиеваның ерлігі жайлы айтылды.

    Айта кетсек, Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында құлап түсті. Бортта 42 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған. Барлығы 38 адам қаза тапты. Бүгін Әзербайжанда Аза тұту күні.

  • Ресей ұшақ апатынан аман қалған 9 азаматын алып кетті

    Ресей ұшақ апатынан аман қалған 9 азаматын алып кетті

    Бүгін Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау түбіндегі ұшақ апатынан аман қалған тоғыз азаматын арнайы бортпен еліне алып кетті.

    Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі де, Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі де ақпарат таратты.

    Маңғыстау облысының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, тоғыз адам әртүрлі жарақат алған. Олардың бәрін әуежайға жедел жәрдем көлігі жеткізген. Жаралы адамдарды шығарып салуға Ақтау қаласының әкімі, қала ақсақалдары мен жастары келген көрінеді.

    Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі берген мәліметке сүйенсек, тоғыз адамның біреуі – бала. Оларды Ил-76 ұшағы алып барады.

  • Үкімет апаттан көз жұмғандардың отбасына қандай көмек көрсетеді?

    Үкімет апаттан көз жұмғандардың отбасына қандай көмек көрсетеді?

    Ақтаудағы ұшақ апатынан көз жұмғандар арасында 6 Қазақстан азаматы бар. Мемлекет марқұмдардың отбасына қаржылай көмектеседі. 

    Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты.

    «Жазатайым оқиға салдарынан асыраушысынан айырылған адамдарды әлеуметтік қорғау мақсатында қазақстандық 4 азаматқа қатысты әлеуметтік мәртебе белгіленеді. Марқұмдардың отбасындағы еңбекке жарамсыз мүшелеріне қатысты әлеуметтік көмектің қажетті көлемі айқындалады», – деді вице-министр.

    Бұған дейін мерт болған 6 қазақстандық туралы ақпарат айтылды. Көз жұмған Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының тұрғындары, бірі Қостанайдікі, бірі Астанадан екені белгілі болды.

    «Біз қайтыс болған барлық азаматтардың отбасына қажетті көмек көрсетеміз. Оның ішінде мәйіттерді жеткізу, жерлеу ісімен жүз пайыз өзіміз айналысамыз. Сонымен қатар заң бойынша барлық тиісті төлемдер дереу төленетін болады. Ертең таңертеңнен бастап бұл жұмыстың барлығы орындалады. Бұл менің жеке бақылауымда», – деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

  • Апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағына оқ атылған ба?

    Апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағына оқ атылған ба?

    Әлеуметтік желіге Ақтау маңында құлаған Embraer 190 ұшағының артқы бөлігінің шұрық-тесік екені көрсетілген видео тарады. 

    Бұл видеоға қатысты Қанат Бозымбаев:

    – Қазір ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге криминалист-сарапшылар және авиация әкімшілігінен осындай әуе оқиғаларын зерттейтін мамандар да келді. Олар қылмыстық іс аясында барлық дәлелдерді жинап, қажетті сараптамаларды жүргізеді және апаттың себебін анықтайды. Қара жәшікті шифрлау және басқа да жұмыстар жүргізіледі. Әрине, барлығын жариялаймыз, – деді.

  • Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды

    Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды

    25 желтоқсанда Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 26 желтоқсанда Әзірбайжанда аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Аzertag агенттігі.

    Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев тиісті жарлыққа қол қойды.

    Еске салайық, бүгін Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында құлап түсті. Бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 Ресей азаматы болған. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, апат орнынан 4 адамның мәйіті табылды, 7 адам ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Әзірге 28 адам аман қалғаны айтылды.

  • Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан фотосуреттер жариялады

    Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан фотосуреттер жариялады

    Бүгін 2024 жылғы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Баку – Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190ar әуе кемесі апатты жағдай жариялап, Ақтау әуежайына қонуға жағдай жасау туралы ақпарат түсті. Қону уақыты шамамен сағат 11:25 деп белгіленді, деп хабарлайды ТЖМ.

    Алдын ала ақпарат бойынша бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж болған. Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Сағат 11: 30-да әуежайдан 3 километр жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.

    ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді.

    Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылуда.

    Сағат 11:45-тегі жағдай бойынша өрт оқшауланып, 12:05-те сөндірілді. Сағат 14:10-да 29 адам, оның ішінде 2 бала медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

    Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді. Сонымен қатар оқиға орнында үкіметтік комиссияның іс-қимылын үйлестіру үшін ТЖ министр генерал-майор Шыңғыс Әрінов, ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев және ТЖ жою департаментінің бастығы Ақтауға кетті.

    Оқиға туралы өзекті ақпаратты алу үшін жедел желі телефондары жұмыс істейді:

    Астана қаласының командалық орталығында: 8-7172-55-96-21, 55-96-83.

    Маңғыстау облысы ТЖД: 8-7292-31-90-91.

    Осы сағатта жедел желі телефондарына 272 қоңырау түсті. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу барысы бойынша ақпарат одан әрі жаңартылатын болады.

  • Мас күйде көлік тізгіндеген депутат қамауға алынды

    Мас күйде көлік тізгіндеген депутат қамауға алынды

    Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мас күйде көлік тізгіндеп, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен депутат 17 тәулікке қамауға алынды.

    Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты 23 желтоқсанда алкогольді ішімдік ішіп «NissanTeana» маркалы автокөлік тізгініне отырған. Оны полицейлер Қарасу ауылы Жексенбі көшесінде тоқтатқан.

    Депутат Ақжар ауылында орналасқан ауруханаға медициналық куәландырудан өтуге барғысы келмей, тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

    Медициналық куәландыру жүргізушінің «орта» дәрежелі мас күйде болғанын көрсетті. Сот барысында ол өз кінәсін толықтай мойындады.

     – Сот шешімімен айыпталушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабы 1-бөлігі (Мас күйде көлік жүргізу) және 667-бабы 1-бөлігі (полицейдің заңды талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, 17 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – делінген аудандық сот үкімінде.

  • Рамзан Қадыров ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты

    Рамзан Қадыров ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты

    Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров Ақтау түбінде болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.

    Естеріңізге сала кетейік, Баку-Грозный бағытындағы J2-8243 рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде құлады.

    Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілді. Әуе компаниясы апатқа ұшақтың бір топ құстарға соқтығысуы себеп болуы мүмкін екенін айтты.

  • Баку ұшағының бортындағы жолаушылардың толық тізімі белгілі болды

    Баку ұшағының бортындағы жолаушылардың толық тізімі белгілі болды

    Ақтау қаласының маңында «Баку-Грозный» бағытындағы Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі ұшақтың бортында болған жолаушылардың тізімі жарияланды. 

     Әзірбайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

    Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағында Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары болған.

    Ұшақ апатынан зардап шеккен 14 адам ауруханаға жеткізілді, оның бесеуінің жағдайы ауыр.