Метка: бас тарту

  • Әскерге шақырудан жалтару: шақыру қағазын алудан бас тарту міндеттен босатпайды

    Әскерге шақырудан жалтару: шақыру қағазын алудан бас тарту міндеттен босатпайды

    Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі жаңартылды. Бұл туралы Қарулы күштердің Бас штабы ұйымдастыру-мобилизациялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Фархад Айдарбаев СЦК алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Айдарбаевтың сөзінше, 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Әскери-патриоттық тәрбие туралы» заңға сәйкес, әскерге шақырылушыларға SMS-хабарлама жіберу ресми ескерту тәсілі ретінде заңды күшіне енді.

    Спикердің айтуынша, әскерге шақыру қағазы мынадай жолдармен жеткізіледі:
    • біріншіден, азаматтың жеке ұялы телефонына SMS-хабарлама түрінде немесе «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданады. Хабарлама әскерге келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі;
    • екіншіден, егер азаматтың телефон нөмірі болмаса немесе «Электрондық үкіметке» тіркелмесе, қағаз түріндегі шақыру қағазы пошта арқылы немесе тұрғылықты мекенжайына, уақытша тұратын жеріне не жұмыс орнына жеке қолына тапсырылады;
    • үшіншіден, егер азамат шақыру қағазын алудан бас тартса, бұл туралы тиісті белгі қойылып, құжат жергілікті әскери басқару органына қайтарылады. Мұндай жағдайда азамат хабарланған болып есептеледі.

    Сонымен қатар, қажет болған жағдайда шақыру қағазы жергілікті әскери басқару органында да жеке табысталуы мүмкін. Бұл кезде келу мерзімі келесі күннен кешіктірілмей белгіленеді.

    Фархат Айдарбаев әскери қызметтен жалтарғандарға қолданылатын жауапкершілікке де тоқталды. Оның айтуынша:
    • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, шақыру қағазы бойынша белгіленген күні келмеген азаматқа 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады;
    • 648-бап бойынша, медициналық тексеруден жалтарғандарға ескерту немесе 3 АЕК айыппұл қарастырылған;
    • Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен заңсыз жалтару 1000 АЕК-ке дейін айыппұлмен, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарымен, сондай-ақ 1 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

    Сондай-ақ, әдейі өзін жарақаттау, сырқатты қолдан ойлап табу, жалған құжат көрсету сияқты әрекеттер ауырлататын жағдай ретінде қарастырылады және қатаңырақ жаза қолданылады.

  • Кредит алудан мүлдем бас тартуға болады

    Кредит алудан мүлдем бас тартуға болады

    Енді ҚР азаматтары eGov.kz порталындағы қызметтің көмегімен банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан шексіз уақытқа өз еркімен бас тарта алады. 

    «Сервисті пайдалануға тек азаматтың өзі ғана өтінім бере алады. Кредиттер мен шағын қарыздарды ресімдеуге тыйым салу мерзімсіз уақытқа қойылады. Сондай-ақ, пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Ол үшін eGov.kz порталында қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет», — делінген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасында.

    Қызметті алу үшін:

    — eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Кеден және салықтар» бөліміне өтіңіз;

    — тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;

    — қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қойыңыз;

    — көрсетілетін қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.

    Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін пайдаланушы:

    — «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;

    — «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап беріңіз және қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қойыңыз.

    «Сервис жеке тұлғаның банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды жою құқығын бекітуді көздейтін заңнамалық актілерге түзетулер шеңберінде іске асырылғанын атап өтеміз. Сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жұмысының аясында қолжетімді болды», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.