Метка: Баспана кілті

  • Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаев қаласында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пәтер кілттері табысталды. Тұрғындарды қоныс тойымен құттықтаған қала әкімі Асхат Бердіханов:

    «Қонаев қаласында тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Онымен қоса, халықты баспанамен қамту мәселесіне де аса ден қойылуда. Былтырдан бері 165 отбасыға пәтер кілттері табысталса, бүгін 28 отбасы қуанышқа кенелейін деп отыр. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, біртуар азаматтарымыздың 90-100 жылдығы тойланып, Жұмысшы мамандықтар жылына орай бірқатар іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы атаулы күндермен қатар сіздер де көптен күткен пәтерге ие болдыңыздар. Шаңырақтарыңыздың іргетасы мықты, керегесі кең болсын! Ішінде тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!», – деді.

    Қуаныш иелерінің атынан Ғалия Момбекова сөз алып, жиналған жұртқа ақжарма тілегін арнады.

    «Біз секілді жанұяларға қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс әкімі мен қала әкіміне алғысым шексіз! Бұл күнді өте ұзақ күттік! Іштей толқып, кеудемді керемет сезімдер билеуде! Әр жанұяға биылдан қалмай, үйлі болуын тілеймін! Той тойға ұлассын!», – деді ол.

    Айта кетейік, бұл пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға беріледі. Жалға алу құны барша азаматқа қолжетімді.

  • Жетісу облысында әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар үйлі болды

    Жетісу облысында әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар үйлі болды

    Бүгін Жетісу облысында халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан және көп балалы отбасылардан 23 шаңырақ жаңа қоныс қуанышына кенелді. Кезекте тұрғандарға облыс орталығының жаңа тұрғын үй алабында үш бөлмелі үйлердің кілті табысталды.

    Жаңа қоныс иелерінің арасында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, зейнеткерлер бар.

    Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Жастар-3» шағын ауданында тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылдың шілде айынан бастап жүргізілген болатын. Сөйтіп кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін 56 жаңа үй салынып, сатып алынды. Бүгін кілттері табысталған 23 үйден басқа 33 үй ақпан айының соңына дейін қолданысқа беріледі. Әр үйдің жалпы ауданы 76 шаршы метр. Мұнда үш тұрғын бөлме, ас үй мен жуынатын бөлме бар. Айта кетерлігі, биылғы жылдың соңына дейін осы тұрғын ауданда жеке құрылыс салушылар есебінен тағы 150-ге жуық үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

    Жаңа үйге ие болғандардың бірі көп балалы ана Индира Иманболова:

    – Тұрғын үйге кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрдық. Баспана жалдаудың құны да біз үшін арзанға түспейді, оған қоса жиі көшудің өз машақаты бар. Әсіресе балаларым қиналып кететін. Енді, міне, өз баспанамызға қол жеткіздік, қуанышымызда шек жоқ, – дейді алты баланың анасы И. Иманболова.

    Тұрғын үй кезегінде тұрған Меруерт Әбдіқадырова да жаңа баспанаға қол жеткізді. Қоныстой иесінің анасы қуанышын жасырмай:

    – Қызым он екі жарым жыл дегенде үй алып отыр. Алты баласы бар. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып жүрген. Қазір Меруерттің үйлі болғанына жақын жандары, бәріміз қуанып жатырмыз, – дейді Күпан Әбдіқадырова.

    Еске салсақ, бұған дейін, яғни осы жылдың басында Талдықорғандағы 49 көп балалы отбасына «Береке» коттедж қалашығындағы тұрғын үйлердің кілті табысталған болатын.

    Жалпы өткен жылы Талдықорғанда 1283 отбасы тұрғын үймен қамтылып, кезек 8,3%-ға төмендесе, осы жылы тағы 1483 отбасы тұрғын үйге қол жеткізеді. 1041 пәтерлік 28 үйдің, 107 коттедждің құрылысы аяқталады және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 300 пәтер сатып алынады. Сөйтіп, 2023-2025 жылдары облыс орталығында 5 мыңға жуық кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.