Метка: Басты оқиғалар

  • Петропавлда аурухана терезесінен секірген әйел көз жұмды

    Петропавлда аурухана терезесінен секірген әйел көз жұмды

    Петропавлда төртінші қабаттан секірген 67 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan — ға  сілтеме жасап.

    Оқиға 13 қазан күні қаладағы көпсалалы ауруханалардың бірінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әйел ұзақ уақыт бойы ем алып жүрген және созылмалы дертінен зардап шеккен. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, ол алған жарақаттарынан түнде көз жұмған.

    Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау мақсатында тексеріс басталды. Куәгерлер мен медициналық қызметкерлерден түсініктемелер алынуда, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

    Бейресми ақпаратқа сүйенсек, әйел бұған дейін де өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Қала тұрғындары қайғылы оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, қоғамда психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтуде.

    Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін азаматтарға эмоционалды күйзеліс кезінде кәсіби көмекке жүгінуден тартынбау қажет.

  • Қонаев қаласының жас спортшылары Ташкенттен жеңіспен оралды

    Қонаев қаласының жас спортшылары Ташкенттен жеңіспен оралды

    2025 жылдың 7–12 қазан аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 орта мектептің шәкірттері ел намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістікке жетті.

    Чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен мықты спортшылар қатысқан. Осы сындарлы додада біздің төрт оқушымыз ел үмітін ақтап, жеңіс тұғырынан көрінді.

    Зарина Ахметжанова қатарынан үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ал Райымбек Заден мен Нұрали Имандосов алтын медаль иеленіп, бірінші орынға шықты. Ахмет Асхатұлы да қарсыластарына лайықты төтеп беріп, екінші орынды жеңіп алды.

    Мектеп басшылығының айтуынша, бұл жеңіс — оқушылардың табандылығы мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. «Біздің оқушыларымыздың табысы – бүкіл қала мен облыс үшін үлкен мақтаныш. Олар Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғады», – делінген хабарламада. Жас спортшыларымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да спорттық және өмірлік жетістіктер тілейміз.

  • Қазақстан қайырымдылық деңгейі бойынша әлемнің ең жомарт 30 елінің қатарына енді

    Қазақстан қайырымдылық деңгейі бойынша әлемнің ең жомарт 30 елінің қатарына енді

    Қазақстан халқының жомарттығы жоғары бағаланды — ел Charities Aid Foundation (CAF) ұйымының World Giving Report – 2025 есебі бойынша әлемдегі 30-орынға ие болды, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Зерттеу мәліметінше, қазақстандықтар табысының 1,2%-ын қайырымдылыққа жұмсайды. Бұл көрсеткіш АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерландиядан жоғары.

    CAF дерегінше, ең жомарт адамдар табысы төмен елдерде тұрады. Алғашқы бестікке Нигерия (2,8%), Мысыр (2,5%), Гана (2,2%), Уганда (2%) және Қытай (2,2%) кірді.

    Баяндама авторлары әлемдік қайырымдылықтағы басты қиындықтарды да атап өтті — қаржыландыру тапшылығы, қорлар арасындағы бәсеке және операциялық шығындардың өсуі. Сонымен қатар, Қазақстанда қайырымдылық қорларына деген сенімнің төмендеуі байқалады. Бұған “Biz Birgemiz Qazaqstan 2030” қоры ісіндегі 3,5 млрд теңге ұрлығы сияқты даулы істер әсер еткен.

  • Жетісу облысында ауылдарды сумен қамтуға 480 млн теңге бөліндіі

    Жетісу облысында ауылдарды сумен қамтуға 480 млн теңге бөліндіі

    Президент тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен өңірлерде әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысындағы сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңарту жобаларына шамамен 480 млн теңге бөлінді.

    Жоба аясында Алакөл ауданының Қоныр ауылында 17 км, Қаратал ауданының Үмтыл ауылында 4,8 км су желілері тартылады. Нәтижесінде мыңнан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді.

    Биыл өңірде 18 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендердің үлесі 99,9%-ға жетпек — бұл 329 ауыл және шамамен 697 мың тұрғын.

    Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да ауыз су және медициналық нысандар салынған болатын.

  • Ақтауда ер адам пышақпен үшінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кіруге тырысқан

    Ақтауда ер адам пышақпен үшінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кіруге тырысқан

    Ақтаудағы 8-шағынауданда ер адам бөтен пәтерге пышақ ұстап кіруге әрекеттенген, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға 13 қазан күні №22 үйдің маңында болған. Ер адам сыртқы кондиционер блоктарына сүйеніп, үшінші қабатқа көтерілген. Тұрғындар оның әрекетін байқап, дереу полиция шақырған.

    Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1991 жылы туған ер адам мас күйінде болған. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша хаттама толтырылды.
    Бұзақыға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл немесе 5–15 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылады.

    Оқиғаның видеосын тұрғындар полицияға жолдаған.

  • Алматыда ер адам көршісін әдейі көлікпен қақты

    Алматыда ер адам көршісін әдейі көлікпен қақты

    Алматының Жетісу ауданында ер адам көршісіне әдейі көлігімен соғылған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB- ға сілтеме жасап.

    Куәгерлердің айтуынша, оқиға 10 қазанда көпқабатты үйдің ауласында болған. Көлік жүргізушісі көршісіне қасақана бағытталған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді, ол — отбасының жалғыз асыраушысы.

    Полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті қамауға алынды. Даудың себебі — тұрмыстық жанжал.

  • Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда: айыпталушылардың жазысқан хаты қоғамды дүр сілкіндірді

    Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда: айыпталушылардың жазысқан хаты қоғамды дүр сілкіндірді

    Атырау қаласында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға  сілтеме жасап.

    Сотта айыпталушылар — Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовтың арасындағы хат алмасу оқылды. Тергеу дерегінше, олар қылмысты алдын ала жоспарлап, мәйіттен қалай құтылуды талқылаған. Хабарламаларда салқынқанды сөздер мен күлкі белгілері кездескен.

    2024 жылдың 18 қазанында Яна Хайржановтың көлігінде тұншықтырылып өлтірілген. Катимов есікті ұстап, қыздың шығуына жол бермеген. Кейін олар мәйітті Талдыкөл маңындағы өзенге тастаған. Сүйегі 2025 жылдың маусымында табылды.

    Қылмыстың себебі — айыпталушының әшкереленуден қорқуы. Яна оның басқа қызбен кездесіп жүргенін білген.
    Хат алмасуда «Біз бұдан да сорақы істер істегенбіз» деген жол бар, бұл өзге зорлық істерінің болуы мүмкін екенін көрсетеді.

    Тергеу барысында күдіктілердің прокурорға пара беруді ойлағаны да анықталған. Катимовтың әкесі — бұрынғы полиция қызметкері, ал Хайржановтың туысы — аудандық әкімдікте жұмыс істейді.

    Яна — жалғыз перзент, үздік студент, болашағынан үміт күттірген жас ғалым болған. Істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.

  • Асхат Бердіханов электр жабдықтарын шығаратын компанияның жұмысымен танысты

    Асхат Бердіханов электр жабдықтарын шығаратын компанияның жұмысымен танысты

    «ПФ Электросервис» ЖШС-нің іргесі 1991 жылы қаланған.

    Мұнда шамдар, өнеркәсіп орындарына қажетті электр жабдықтарының жиынтығы, трансформаторлы қосалқы станциялар шығарылады. Сондай-ақ компания токты үнемдеу технологиясына, электр энергиясының сапасына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасау, монтаждау секілді қызмет түрлерін көрсетеді.

    Бұл серіктестік бірқатар ірі шетелдік зауыттармен әріптестік қарым-қатынас орнатқан.

  • Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізілуі мүмкін — Тоқаев

    Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізілуі мүмкін — Тоқаев

    резидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елдің Негізгі заңының шамамен 40 бабына түзетулер енгізіледі, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысы бұл өзгерістерден кейін кемінде 10 конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заңды сәйкестендіру қажет болатынын айтты.

    «Бұл процесс іс жүзінде жаңа Конституция қабылдаумен тең. Осыншама көлемді жұмысты бір мезетте орындау мүмкін емес. Сондықтан мұқият дайындық қажет», — деді президент.

    Тоқаев атап өткендей, конституциялық реформалар елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

  • Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң Қазақстанда шамамен 300 мың компания жабылуы мүмкін

    Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң Қазақстанда шамамен 300 мың компания жабылуы мүмкін

    Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін шамамен 300 мың компания өз қызметін тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, кодексте бизнес құрылымын жасанды түрде «дробтау» тәжірибесіне шектеу қойылады. Бұған дейін кәсіпкерлер ҚҚС шегінен аспау үшін бірнеше компания тіркеп келген.

    «Жабылатын бизнес, әрине, болады. Бірақ ол — бұрын бөлініп, бірнеше компания ашқан кәсіпкерлер. Енді оған құқықтық негіз жоқ. Жалпы шек 2 млрд 350 млн теңге көлемінде белгіленді», — деді вице-министр.

    Амрин атап өткендей, жаңа талаптар ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге мүмкіндік береді, ал жасанды бөлініс жасағандар нарықтан кетеді.