Метка: Басты оқиғалар

  • Атырауда  ер адам «сталкинг» бабымен сотталуы мүмкін

    Атырауда ер адам «сталкинг» бабымен сотталуы мүмкін

    Атырау облысында Қылмыстық кодекстің жаңа «Сталкинг» бабы бойынша алғашқы іс тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz «Ақ Жайық»-қа сілтеме жасап.

    19 қыркүйекте Құрманғазы ауданында белгісіз ер адам бір әйелдің терезесінен сығалап, жалаңаш күйде әдепсіз әрекеттер жасаған. Үйдің сыртындағы бейнебақылау камералары оны түсіріп алған, ал видео WhatsApp топтарында тарап кеткен.

    Алғашында полиция ер адамның ісін «ұсақ бұзақылық» ретінде тіркеп, 60 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеген. Алайда зардап шеккен әйел қосымша фото және видео дәлелдер ұсынған соң, іс «Сталкинг» бабына қайта сараланды.

    Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, бұл ер адам басқа әйелдерді де мазалап, ұятсыз әрекеттер жасағаны белгілі болған. Еске сала кетейік, Қазақстанда «Сталкинг» бабы 2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Жаза — 200 АЕК айыппұл, түзету жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамау.

  • Атырауда 9 жастағы балаға көпқабатты үйдің ауласында ер адам шабуыл жасады

    Атырауда 9 жастағы балаға көпқабатты үйдің ауласында ер адам шабуыл жасады

    Атырауда кәмелетке толмаған балаға шабуыл жасалды, деп хабарлайды Sona.kz Атырау облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Куәгерлердің айтуынша, жасы 20–25 шамасындағы белгісіз ер адам тұрғын үй кешенінің ауласында ойнап жүрген 9 жастағы баланың қасына келіп, бірнеше рет ұрған.

    Бала жеңіл жарақат алып, дәрігерлер мен психологтардың көмегіне жүгінді. Жақындарының сөзінше, оқушы қатты қорқып қалған.

    Оқиға тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Көптеген ата-ана балаларын аулада жалғыз қалдыруға қорқып қалғанын айтады.

    Полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

    «Қазіргі уақытта күдіктіні іздеу іс-шаралары жүргізілуде, бейнебақылау камералары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Жәбірленушіге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды», — делінген Атырау облыстық ПД хабарламасында.

  • Алматының орталығында кафе өртенді — зардап шеккендер жоқ

    Алматының орталығында кафе өртенді — зардап шеккендер жоқ

    Алматының Алмалы ауданында Брусиловский көшесінде орналасқан кафеде өрт шықты, деп хабарлайды Sona.kz қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Оқиға 24 қыркүйек күні таңертең Тастақ ауданында болды. Сағат 10:28-де өрт сөндірушілер жоғары дәрежелі шақыру бойынша оқиға орнына жетті: 10 техника және 32 құтқарушы жұмылдырылды.

    «Оқшау тұрған кафеде өрт шықты. Қызметкерлердің айтуынша, ішінде адамдар болмаған. Өрттің көрші ғимараттарға таралу қаупі жоқ», — делінген Алматы қаласы ТЖД хабарламасында.

    ТЖМ мәліметінше, өрт кезінде кафе ғимараты ашық жалынмен өртенген және жанындағы құрылыстарға таралу қаупі болған. Өрт сөндірушілер бірнеше су оқпандарын беріп, үздіксіз сумен қамтамасыз етті.
    Жалын шамамен 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер жоқ.

  • Қазақстандық футболшы қыз Астана – Павлодар трассасында болған жол апатынан қаза тапты

    Қазақстандық футболшы қыз Астана – Павлодар трассасында болған жол апатынан қаза тапты

    «Жеңіс» клубының 19 жастағы футболшысы Виктория Кайсаринова Павлодар облысында жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

    Қайғылы оқиға Байет ауылы маңында орын алды. Жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, өртеніп кеткен. Салдарынан бес адам, оның ішінде футболшы қыз да, қаза болды.

    Клубтың баспасөз қызметі апатқа жүргізушінің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болғанын мәлімдеді.

    «Бүгін Павлодар – Астана тас жолында команда ойыншымыз Виктория Кайсаринова жол апатынан қаза тапты. Жүргізуші қашықтықты сақтамай, қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, ауыр жағдайға алып келді», – делінген мәлімдемеде.

    Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

    «Жас болса да, Виктория еңбекқорлығымен, футболға адалдығымен көзге түсті. Оның өмірден ерте кетуі – жақындары, достары, әріптестері және Қазақстан футбол қауымдастығы үшін орны толмас қаза», – делінген КФФ хабарламасында.

    Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер мен спортшылар қайғырып жазбалар қалдыруда. Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Самат Смақов: «Иманды болсын» деп жазды. Ал марқұмның анасы Олеся Кайсаринова клубтың парақшасында: «Қызым-ай, неге соншалықты ерте тастап кеттің?» – деп жазды.

    Еске сала кетсек, 2025 жылдың жазында Португалия құрамасының және «Ливерпульдің» ойыншысы Диогу Жота да жол апатынан қаза тапқан болатын.

  • Қостанайда 100 млн теңге субсидия ұрлағандар сотталды

    Қостанайда 100 млн теңге субсидия ұрлағандар сотталды

    Қостанай облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты иемденген топтың қылмысы әшкереленді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ветеринар Ербол Смағұл және шаруалар Натиғ Әлиев пен Мейраман Сейітқалиев бюджет қаржысын заңсыз иемденгені үшін жауапқа тартылды.

    Тергеу мәліметінше, 2020–2023 жылдар аралығында айыпталушылар жалған мәліметтер енгізу арқылы субсидия алу схемасын іске асырған. Олар электронды базаға жоқ ірі қара мал мен пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жер телімдері туралы жалған ақпарат енгізіп, құжаттарды рәсімдеген. Осылайша мемлекеттік қолдау ретінде бөлінген қомақты қаражат бірнеше рет олардың қолына түскен. Ал бұл қаржы агробизнесті дамытуға емес, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

    Сотта қылмыстық топтың әрекеттері толық дәлелденді. Ербол Смағұл 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Натиғ Әлиевке 5 жыл, ал Мейраман Сейітқалиевке 3 жыл 4 ай жаза тағайындалды. Сонымен бірге мемлекетке келтірілген шығынды өтеу үшін олардан 96,5 млн теңге өндіріледі.

    • Сот үкімі қысқартылған тәртіппен қаралды, себебі айыпталушылар өз кінәсін мойындаған. Қостанай облыстық соты мұндай істердің ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік қолдау қаржысын қатаң бақылау қажеттігін көрсеткенін атап өтті.
  • Жетісудағы оқу-жаттығуда мерзімді сарбаз қаза тапты

    Жетісудағы оқу-жаттығуда мерзімді сарбаз қаза тапты

    23 қыркүйекте Жетісу гарнизонында жауынгерлік дайындық барысында десанттық-шабуылдаушы әскердің мерзімді әскери қызметшісі көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған. Сарбаз алған жарақатының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.

    Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі
    «Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Егер лауазымды тұлғалардың салғырттығы немесе бақылаусыздығы анықталса, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады. Оқиға Қорғаныс министрінің жеке бақылауында», — делінген ресми хабарламада.

    Қарулы күштердің басшылығы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтып, қажетті барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.

    Контекст
    Сарапшылардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін әскери оқу-жаттығуларда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Әсіресе тәжірибесі аз мерзімді сарбаздармен жұмыс істеу кезінде бақылауды күшейту қажет.

  • Александр Чжен: Қаламен бірге өткен 55 жылдық еңбек жолы

    Александр Чжен: Қаламен бірге өткен 55 жылдық еңбек жолы

    Қонаев қаласының тарихы – оны салған алғашқы құрылысшылардың тағдырымен тығыз байланысты.

    Солардың бірі – Александр Чжен. Ол 1970 жылдың шілдесінде Қапшағай ГЭС-інің құрылысына жас маман болып келіп, содан бері өмірін де, еңбегін де осы шаһарға арнады. Бүгінде оның еңбек өтілі – 55 жыл. Бұл сан қала тарихымен үндесіп, Конаевтың 55 жылдығымен тоғысып отыр.

    Қала іргесі Іле өзеніне салынған ГЭС құрылысына байланысты қаланды. Дәл осы жерде алғашқы шағынаудандар, жолдар, әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтерді. Жас маман атанған Александр Чжен елдегі ең ірі құрылыстың бел ортасында жүрді. Араға бір жыл салып, 1970 жылдың желтоқсанында Қапшағай ГЭС-інің алғашқы екі агрегаты іске қосылды. Бұл – еліміздің энергетикасындағы тарихи оқиға болды.

    Алайда оның еңбегі тек энергетика саласымен шектелмеді. Александр Чжен қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да белсене қатысты. Әсіресе фарфор зауытында бас директордың орынбасары болып еңбек еткен жылдары кәсіпорын есебінен тұрғын үйлер салынып, ондаған отбасы қоныс тапты.

    Қиын кезеңдер де болды. Бір кездері зауытта ірі өрт шығып, өндіріс тоқыраудың алдында тұрды. Бірақ Александр Чженнің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кәсіпорын аз уақыт ішінде қайта қалпына келтіріліп, жұмысын жалғастырды. Бұл оқиға оның қайсарлығы мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болды.

    «Біз жас едік. Болашақты саламыз деген сеніммен еңбек еттік. Әрбір кірпіш, әрбір тақтайша – біздің жанымыздың бір бөлшегі», – деп еске алады Александр.

    Бүгінгі күні, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында, оның еңбек жолы ерекше мәнге ие. Қалаға деген адалдығы, кәсібіне деген беріктігі – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.

    55 жыл бұрын басталған еңбек жолы мен бүгінгі Қонаев қаласының мерейлі мерекесі – егіз ұғым іспетті. Қала дамып, жаңара түсті. Осы еңбектің жемісін бүгінде мыңдаған тұрғын көріп отыр.

    Қойшыманов пен Алматы көшелерінің қиылысында орнатылған «Алғашқы құрылысшылар» ескерткіші – өткенге тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі.

    «Қазір қаламыз өркендеп келеді. Жаңа мектептер, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Жастарға айтарым – құрылысшы мамандығы қашанда қадірлі. Біз тұрғызған дүниелерді келер ұрпақ пайдаланады», – дейді ардагер құрылысшы.

    Қонаевтың 55 жылдығына орай Александр Чжен барша қала тұрғындарын құттықтады.

    «Біз алғашқылардың бірі болып осы қаланың іргетасын қаладық. Сол үшін қуанамын, мақтанамын. Енді қаламыздың әр шаңырағында шаттық пен береке орнасын. Алда Қонаевты одан әрі көркею, жаңа белестер күтіп тұр!» – деді ол сөзін қорытындылап.

  • «Қонаев – менің сүйікті қалам»: мектептерде ашық сабақтар өтуде

    «Қонаев – менің сүйікті қалам»: мектептерде ашық сабақтар өтуде

    Қонаев қаласының 55 жыл мерейтойы аясында шаһарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның бірі – балалардың ой-өрісін кеңейтуге, патриоттық тәрбие беруге бағытталған ашық сабақтар. Тақырыбы – «Қонаев – менің сүйікті қалам».

    Ашық сабақтар барысында мұғалімдер тарихтың қойнауынан сыр шертетін деректермен, Д.А.Қонаев атамыздың өмірінен үзінділермен бөлісуде. Сондай-ақ оқушыларға шаһар іргетасының қалануы жайлы да ақпараттар беріліп жатыр.

    «Өз тарихын білген оқушының болашаққа бағдары мықты болады. Мұндай сабақтардың арқасында олардың сана-сезімі оянып, көңіл көкжиегі ашылады. Тарихқа үңіліп, бойлау – баланың келешегіне алынбас қамал. Қаламыздың 55 жылдығы құтты болсын!» — деді білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева өз пікірімен бөлісіп.

    Ал ертең оқушылар Қапшағай ГЭС пен десанттық-шабылдау әскери бөлімінің жұмысымен танысуға барады.

  • Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Әкім алдымен ауылдарда салынып жатқан тас жолдың сапасын тексерді. Жауапты бөлім мамандарының айтуынша, жақын арада барлық елдімекендердегі құрылыс жұмыстары аяқталады.

    Одан кейін шаһар басшысы қоғамдық көлік мәселесі жайында Кербұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол жақын арада Қонаев пен екі ортаға қатынайтын автобус бағыты ашылатынын атап өтті. Тиісті құжаттар рәсімделу үстінде.

    Бұдан бөлек, Асхат Бердіханов Шеңгелдідегі мал сою алаңы мен өрт сөндіру депосының құрылыс барысымен танысты. Мал сою алаңы кейіннен ветеринарлық бөлімнің иелігінде болады. Ал депо тұрғызылған соң, Қонаевтың өрт сөндіру бөлімінен 1 техника бөлінеді. Бұл — төтеншеліктердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі.

    Шаһар басшысы жергілікті Мәдениет үйінің де жағдайымен танысты. Нысан 1987 жылы қолданысқа берілген, 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 220 орындық Мәдениет үйінің кафельдері сынып, қабырғасы қақыраған, спорт зал жылу жүйесіне қосылмаған. Мұнда 100 орындық кіші зал да бар. Ғимаратты толықтай жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-іздестіру жұмыстары жүруде. Кейіннен жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Шаһар басшысы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

  • «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсауы кесілді

    «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсауы кесілді

    Қонаев қалалық мәдениет үйінде шаһардың 55 жылдығына орай, «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсаукесер концерті өтті деп хабарлайды Sona.kz Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі-не сілтеме жасап.

    Сондай-ақ бұл күні композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы мен қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы қатар аталып өтті. Мерекелік кеште олардың репертуарынан «Қайрат», «Аққу күйлері, «Құстар қайтқанда», «Куә бол», «Алатау» әндері шырқалды. Бұдан басқа да би композициялары орындалып, халықты әсерлі күйге қалдырды.

    «Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы түрлі іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Соның ішінде бүгінгісі ерекше болып отыр. «Қонаев әуендері» ансамблінің құрамында әншілер, бишілер, күйшілер, түрлі аспаптарда ойнайтын өнерпаздар бар. Бұл ұжым алдағы уақытта барлық мерекелік шараларға қатысып, ел мәдениетін дамытуға, қаламыздың атағын аспандатуға атсалысады», – деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.

    Сонымен қатар қала тұрғындары да өз пікірлерін білдірді.

    «Биыл ұлы тұлғаларымыздың – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы деген сияқты. Осы айтулы күндермен қатар келген «Қонаев әуендері» ансамблінің ашылуы құтты болсын! Қаламыздың 55 жылдығымен де барша жұртты құттықтаймын. Өнерде ойып алар орны бар тұлғаларымыздың шығармашылығынан осы тойды бастап отыр. Керемет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – деді тұрғын Айбек Ережеп.

    Айта кетейік, Қонаев қаласының 55 жылдығы 22 қыркүйектен бастап алты күн аталып өтеді. Бұл күндері түрлі спорттық, мәдени, танымдық, қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылмақ.

    Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі