Метка: Басты оқиғалар

  • Маңғыстау облысындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет жарияланды

    Маңғыстау облысындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет жарияланды

    Маңғыстау облысындағы жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш жолаушы Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1964 жылы туған ер адам мен 1967 жылғы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Сонымен қатар, 1960 жылы туған әйел травматология бөліміне орналастырылды. Оның жағдайы тұрақты, бірақ ауыр.

    Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

    Еске салайық, 11 қыркүйекте Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылынан 90 шақырым жерде жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Hiace автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен. Салонда жолаушылар болған. Апат салдарынан 10 адам қаза тапты.

  • Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның жұбайына да қылмыстық іс қозғалды

    Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның жұбайына да қылмыстық іс қозғалды

    Түркістан облысында қоғамды дүр сілкіндірген оқиға жаңа қырынан жалғасты. Қарт әкесін соққыға жығып, өліміне себепкер болған ер адамнан бөлек, оның жұбайы да күдікке ілінді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Полицияның мәліметінше, әйелге қатысты «Кінәліге дәрменсіз күйде немесе тәуелді жағдайда екені белгілі адамға қол жұмсау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

    Ал оның күйеуі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол «Қасақана ауыр дене жарақатын салу, жәбірленушінің өліміне әкеліп соғу» бабымен жауапқа тартылуда.

    Айта кетейік, бұл жағдай жұртқа куәгерлер түсірген бейнежазба арқылы белгілі болды.

  • Ақтаулық прокурор Ерболат Әбдіров әкімшілік құқықбұзушылық жасамаған деп танылды

    Ақтаулық прокурор Ерболат Әбдіров әкімшілік құқықбұзушылық жасамаған деп танылды

    Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіровқа қатысты тараған ақпаратқа байланысты сот оның әрекеттерінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ екенін анықтады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz пен «Ақ Жайық» басылымдарына сілтеме жасап.

    Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысында Абдировтың қоғамдық орында былапыт сөз айтпағаны, өзгелерге тиіспегені және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасамағаны көрсетілген.

    Оқиға 27 тамызда болған. Сол күні прокурор Алматы әуежайында екі ағайындымен танысып, олар оның жерлестері болып шыққан. БАҚ мәліметінше, ұшаққа апаратын автобустың ішінде белгілі бір жанжал туындағаны айтылған.

    Алайда сот ресми түрде Ерболат Әбдіровтың заңға қайшы әрекеттер жасағанына дәлелдер жоқ екенін мәлімдеді.

  • ҚР ІІМ: Елімізде электрсамокат қолдану заңмен реттелмек

    ҚР ІІМ: Елімізде электрсамокат қолдану заңмен реттелмек

    Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалануды заңнамалық деңгейде реттеу қажет. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада кемшіліктер бар, сондықтан полиция әрқашан тиісті шара қолдана алмайды.

    «Осы маусым аясында депутаттық түзетулер енгізіледі. Бұл түзетулер заңнамадағы олқылықтарды жойып, жүргізушілерге де, полицейлерге де, басқа қатысушыларға да түсінікті ережелер қалыптастырады», — деді Лепеха.

    Сонымен қатар, электрсамокаттарға арнайы нөмір беру мәселесі қарастырылып жатыр.

    «Бұл мемлекеттік тіркеу емес, бірақ идентификациялау үшін белгі енгізу талқылануда. Бұған дейін каршеринг компаниялары саябақтар мен тротуарларда жылдамдықты өздері шектейміз деп уәде еткен еді. Өкінішке қарай, ол жүзеге аспады. Сондықтан, енді мұның бәрін заңнамалық деңгейде шектеуге тура келеді», — деп қосты вице-министр.

    Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында электрсамокаттардың қауіптілігіне арнайы тоқталған болатын.

  • Ақтөбеде белгілі дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

    Ақтөбеде белгілі дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

    Ақтөбеде 69 жастағы дәрігер-нефролог Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Күдікті ретінде 31 жастағы әріптесі өтіп жатыр. Ол өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, медбике қылмысты алдын ала жоспарлаған. Ол дәрігердің жалғыз тұратынын және банк шотында қаржысы барын білген. Күдікті Айсағалиевтің телефонына банк қосымшасын орнатып, құпиясөзді есте сақтаған.

    25 мамыр түні дәрігер астаналық іссапардан оралған соң әріптесін үйіне кіргізген. Сол жерде оған пышақ және балтамен соққы жасалған. Кейін мәйіт тоңазытқышқа жасырылып, басқа жерге әкетілген. Банкоматтар арқылы дәрігердің есепшоттарынан 7 миллион теңгеден астам қаржы алынған.

    Күдікті өкініш білдіріп, істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұрады. Негізгі сот процесі 25 қыркүйекте басталады.

    Абай Айсағалиев ұзақ жылдар медицина саласында еңбек етіп, Ақтөбеде кәсіби маман әрі құрметті дәрігер ретінде танылған.

  • Шымкентте әйел өзгенің жүктілігін заңсыз рәсімдеп, 22 млн теңге алған

    Шымкентте әйел өзгенің жүктілігін заңсыз рәсімдеп, 22 млн теңге алған

    Шымкентте 29 жастағы әйел жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақыны заңсыз алу ісінде кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, ол 2024 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін 21 жүкті әйелді заңсыз тіркеген. Ол үшін олардың деректері мен 40 кәсіпкердің цифрлық қолтаңбасын пайдаланған. Осылайша мемлекет қорына 21,8 млн теңге көлемінде шығын келтірген.

    Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Алынған қаражаттың бір бөлігін пәтердің алғашқы жарнасына жұмсаған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әйелді кешіргенімен, сот заңды бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылмайтынын атап өтті.

    Сот үкімі бойынша ол ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 1-бөлігі («Алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, жаза 3 жылға қысқартылды.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен бірге әйелден 22 млн теңгеге жуық материалдық шығын өндіріледі.

    ? Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақыны заңсыз алу бойынша ауқымды схемаларды анықтаған болатын. Залал сомасы 1,2 млрд теңге, 13 қылмыстық іс қозғалған.

  • БҚО-да бухгалтерлер «өлі жандарға» жалақы аударып, 46 млн теңге жымқырған

    БҚО-да бухгалтерлер «өлі жандарға» жалақы аударып, 46 млн теңге жымқырған

    Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласында ірі көлемдегі қаржы ұрлығы әшкереленді, деп хабарлайды Sona.kz өңірлік ЭҚІД-ге сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, Теректі ауданының Орталық кітапхана жүйесінің бухгалтері мен бас бухгалтері екі жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аударып отырған. Ақша түптеп келгенде олардың жеке шотына түсіп отырған.

    Экономикалық тергеу департаменті «өлі жандардың» нақты саны мен атқарды делінген лауазымдарын тергеу құпиясына байланысты жария етпеді. Белгілісі — келтірілген шығын көлемі 45 миллион 990 мың теңгені құраған.

    Ашық деректерге сүйенсек, Теректі ауданындағы Орталық кітапхана жүйесіне 34 кітапхана қарайды. Кітапханашылардың орташа айлық жалақысы шамамен 164 мың теңге.

  • Астанадағы түнгі клубтағы қаза: марқұмның әпкесі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

    Астанадағы түнгі клубтағы қаза: марқұмның әпкесі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

    Астанадағы түнгі клубтағы қаза: марқұмның әпкесі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

    Астанадағы «Амазон» түнгі клубында болған қайғылы оқиғада көз жұмған жігіттің қарындасы Instagram парақшасында оқиға орнынан бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Sona.kz.

    Ол жазбасында әділдік орнауын талап етіп, бауырының өліміне қатысты барлық кінәлілердің жауапқа тартылуын сұрады. Айтуынша, шабуыл кезінде клубта күзетшілер, әкімшілік өкілдері мен полиция қызметкерлері болғанымен, ешқайсысы қайғылы жағдайдың алдын алу үшін әрекет етпеген.

    «Олар мұны тоқтата алар еді, бірақ ештеңе істемеді», — деді марқұмның қарындасы.

    Еске салайық, қайғылы жағдай 7 қыркүйекке қараған түні болған. Туыстарының мәліметінше, шабуылға бес адам қатысып, олардың бірі Азатқа жүрек пен аяғына пышақ салған.

  • Семейде полицейлер ТЭЦ қызметкерлерін ажалдан құтқарып қалды

    Семейде полицейлер ТЭЦ қызметкерлерін ажалдан құтқарып қалды

    Семейде полицейлер үш ТЭЦ жұмысшысын құтқарып қалды, деп хабарлайды Sona.kz Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Оқиға бүгін таңғы сағат 9 шамасында облыстық сот ғимараты маңында болған. Үш жұмысшы кәріз құдығына түскен кезде, олардың екеуі есінен танып қалған.

    Алғашқылардың бірі болып көмекке ІІМ мамандандырылған күзет қызметінің полицейлері жеткен. Старшина Аслан Какенов саты әкеліп, бір жұмысшыны сыртқа шығара алды. Айгерім Мұхтарбекова жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің дер кезінде келуін қамтамасыз етті.

    Ал аға сержант Ерзат Баймулаев арнайы маска киіп, беліне арқан байлап, тәуекелге барып құдыққа түскен. Жоғарыда әріптестері — Аслан Какенов пен Тұрсынбек Айтқазы — оның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бірлескен іс-қимылдың арқасында екеуін өлім аузынан аман алып шықты.

    Біраз уақыттан соң келген дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсетті. Олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ.

    Полицейлер оқиғадан кейін сот ғимаратындағы қызметін жалғастырған.

  • Қазақстанда медбикелер мен акушерлерге 1,7 млн теңгеге дейін бонус төленеді

    Қазақстанда медбикелер мен акушерлерге 1,7 млн теңгеге дейін бонус төленеді

    Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерін ынталандыру жүйесі өзгерді. Енді медбикелер, фельдшерлер және акушерлер сапалы жұмысы үшін қосымша төлемдер ала алады. Бонус мөлшері тоқсан сайын 1,7 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

    Министрліктің мәліметінше, сыйақы науқастарды динамикалық бақылау, жүрек-қан тамырлары және диабет ауруларын басқару, созылмалы дерттерді ерте анықтау, жүкті әйелдермен жұмыс, сондай-ақ туберкулез бен онкологияны диагностикалау көрсеткіштеріне байланысты беріледі.

    «Жаңа шаралар бастапқы буын мамандарын ынталандырып, созылмалы аурулармен күресте ұзақ мерзімді әсер береді», — деді ведомствода.