Метка: Басты оқиғалар

  • Президент брифингі: Вице-президент лауазымы, 2029 жылғы сайлау және Трамптың бастамасы

    Президент брифингі: Вице-президент лауазымы, 2029 жылғы сайлау және Трамптың бастамасы

    №51 сайлау учаскесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық және шетелдік журналистерге арнап үлкен брифинг өткізді. Мемлекет басшысы билік транзиті, халықаралық қауіпсіздік және елді реформалау мәселелеріне қатысты нақты жауаптар берді.

    Вице-президент және сайлау мерзімі туралы:
    Реформаның дайындық жылдамдығына қатысты сынға жауап бере отырып, Президент бұл жұмыстың екі жыл бұрын басталғанын айтты. Вице-президент лауазымының енгізілуі билік институттарын нығайтуға бағытталған. Тоқаев кезекті президент сайлауы Ата заңда белгіленген мерзімде – 2029 жылы өтетінін және ешқандай алаңдауға негіз жоқ екенін нықтап айтты.

    Қос билік пен халықаралық қатынастар:
    Мемлекет басшысы Ирандағы жағдайды мысалға ала отырып, мемлекеттік басқарудағы тұтастықтың маңызын түсіндірді. Ол Қазақстанның төрт жыл бұрынғы «қос билік» жүйесінен алған ащы сабағын еске салып, жаңа Конституция мұндай тәуекелдерді жоятынын жеткізді.
    Сонымен қатар, Қазақстанның Дональд Трамп бастамашы болған «Бейбітшілік кеңесіне» мүше болу себебін түсіндірді: бұл жай ғана резолюция қабылдау емес, бизнес пен дипломатияны біріктіріп, Газа секторы сияқты аймақтардағы халыққа нақты көмек көрсету мүмкіндігі.

    Жаңа Конституцияның сипаты:
    Брифинг соңында Президент жаңа Ата заңды үш сөзбен сипаттады:
    Әділетті Қазақстан Конституциясы;
    Заң мен Тәртіп Конституциясы;
    Жастарға арналған болашақтың бағдары.

  • Сағат 12:00-дегі көрсеткіш: Референдумда сайлаушылардың 37,54 пайызы дауыс берді

    Сағат 12:00-дегі көрсеткіш: Референдумда сайлаушылардың 37,54 пайызы дауыс берді

    Орталық референдум комиссиясы жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс берудің түскі нәтижелерін жариялады. Астана уақытымен сағат 12:00-дегі жағдай бойынша, Қазақстан азаматтарының 37,54 пайызы өз таңдауын жасады. Бұл көрсеткіш таңғы сағат 10:00-дегі мәліметпен салыстырғанда екі есеге жуық өскенін көрсетеді.

    Комиссия мүшесі Әсел Жанабілованың мәлімдеуінше, сайлаушылардың белсенділігі барлық өңірде байқалады. Әсіресе, ауылдық жерлер мен оңтүстік облыстарда тұрғындар дауыс беруге ерте жиналған. Алматы, Астана және Шымкент сияқты мегаполистерде де белсенділік артып келеді. Заң бойынша референдум өткен деп танылуы үшін сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысуы тиіс. Қазіргі қарқынды ескерсек, бұл меже алдағы бірнеше сағатта бағындырылуы мүмкін. Келесі мәлімет сағат 14:00-де белгілі болады.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс беріп, халыққа үндеу жасады

    Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс беріп, халыққа үндеу жасады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда дауыс берді. Президент елордадағы №51 дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Дауыс беру процесінен кейін ол отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін арнайы брифинг өткізді.

    Президент өз сөзінде бүгінгі күнді еліміз үшін «тағдыршешті сәт» деп атап, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Тоқаев 1995 жылғы Конституцияның өз миссиясын орындағанын, бірақ уақыт талабына сай жаңа Негізгі заңды қабылдау кезек күттірмес мәселе екенін жеткізді. Ол жаңа құжаттың еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын нығайта түсетінін қадап айтты.

    Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл құжаттың дайындалуына өзінің тікелей қатысқанын, әсіресе Конституцияның кіріспе бөлімі мен бірқатар маңызды нормалардың тұжырымдамасын жеке өзі ұсынғанын мәлімдеді. «Жаңа Ата заң ел игілігі мен жарқын болашағымыз үшін қызмет ететініне сенімдімін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Нұрсұлтан Назарбаев референдумда дауыс берді

    Нұрсұлтан Назарбаев референдумда дауыс берді

    Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық референдумда дауыс берді. Ол елордада орналасқан №228 сайлау учаскесіне келіп, өз бюллетенін жәшікке салды. Назарбаевтың дауыс беру сәті түсірілген видео әлеуметтік желілер мен ақпараттық агенттіктерде тарады. Тұңғыш президент сайлау учаскесіне күзетпен келіп, азаматтық борышын өтегеннен кейін қысқа қайырып, БАҚ өкілдеріне сұхбат берместен кетіп қалды.

  • Көктем, драйв, дрифт-шоу: Қонаевта жарыс жеңімпаздары дауыс берді

    Көктем, драйв, дрифт-шоу: Қонаевта жарыс жеңімпаздары дауыс берді

    Көктемнің алғашқы жарысына 40 автокөлік қатысып, жүргізушілер кәсіби шеберліктерін, жылдамдық пен дәлдікке негізделген дрифт техникасын көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, ең мықты жүргізушілер анықталды.
    Жүлделі орындар келесідей бөлінді:
    1 орын –Петр Бородин,
    2 орын –Евгений Васькин.
    Жарыс жеңімпаздары азаматтық белсенділік танытып, референдумға қатысты.
    «Дрифт-шоу Қонаевтағы ең әсерлі көріністердің біріне айналды. АСП аренада түрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып жүр. Оған алыс-жақын шетелдерден келетін спортсүйер қауымды қоса есептегенде, мыңдаған көрермен жиналуда. Қаламыздың спорт саласы дамып жатқанына өте қуаныштымыз. Биылғы дрифт-шоу референдумға тұспа-тұс келді. Біз өз еліміздің азаматтары ретінде дауыс беріп, таңдауымызды жасадық», − деді Петр Бородин.
    Аталған жарыс Қонаев қаласында автоспорт мәдениетін дамытуға, жастар арасында техникалық спорт түрлерін насихаттауға және өңірдің спорттық-туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.

  • Ауыл тұрғындары үлгі көрсетті: Қосқұдықта бір көшенің халқы түгел дауыс берді

    Ауыл тұрғындары үлгі көрсетті: Қосқұдықта бір көшенің халқы түгел дауыс берді

    Қосқұдық ауылында республикалық референдум күні ерекше жағдай орын алды. Мұнда бір көшенің тұрғындары азаматтық позицияларын білдіріп, жиналып, түгелдей дауыс берді. Бұл ауылда жалпы 103 үй ғана бар екенін ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш – дейді байқаушылар.

    «Қосқұдық ауылының тұрғындары теміржол станциясы болып құрылғаннан-ақ өте ұйымшыл. Бұл елдімекенде әулетімен теміржолшылар атанған отбасылар бар. Оның бірі – біздің жанұя. Көрші болып отырған 25 тұрғынмен келісіп, түгелдей референдумға қатысуға бел байладық. Мемлекет ертеңін айқындайтын сәтте тыс қалғымыз келген жоқ. Бастама бірден қолдау тауып, өз таңдауымызды жасадық», — деді ауылнай Келтай Шаяхметов.

  • Сағат 10:00-дегі мәлімет: Референдумда сайлаушылардың 19,21 пайызы дауыс беріп үлгерді

    Сағат 10:00-дегі мәлімет: Референдумда сайлаушылардың 19,21 пайызы дауыс беріп үлгерді

    Орталық референдум комиссиясы жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан жалпыхалықтық дауыс берудің алғашқы қорытындыларын ұсынды. Астана уақытымен сағат 10:00-дегі жағдай бойынша, Қазақстан азаматтарының 19,21 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл көрсеткіш ел тұрғындарының саяси маңызы бар науқанға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.

    Мамандардың айтуынша, дауыс беру процесі барлық өңірде тыныш жағдайда өтуде. Еліміздің батыс аймақтарындағы уақыт белдеуіне қарамастан, ол жақта да сайлаушылардың белсенділігі байқалады. Естеріңізге сала кетейік, референдум тізіміне барлығы 12,4 миллионнан астам адам енгізілген. Келесі есептік деректер сағат 12:00-де жарияланатын болады.

  • Бүркіт, тазы және Қыдыр ата: Қазақстан өңірлеріндегі референдумның қызықтары

    Бүркіт, тазы және Қыдыр ата: Қазақстан өңірлеріндегі референдумның қызықтары

    Республикалық референдум барысында еліміздің өңірлерінде ерекше оқиғалар тіркеліп жатыр. Ақмола облысында екі азамат сайлау учаскесіне ұлттық мақтаныштарымыз — бүркіт пен тазыны ертіп келді. Дауыс берушілердің бірі қолына қыран құсын қондырып келсе, екіншісі қазақтың қасиетті жеті қазынасының бірі  тазы итімен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Бұл көрініс қатысушылардың рухын көтеріп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

    Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы сайлау учаскелерінің біріне Қыдыр ата бейнесіндегі ақсақал келді. Ол дауыс беруге жиналған жұртшылыққа ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен амандығын тіледі. Бата беріп болған соң, Қыдыр ата өз бюллетенін сайлау жәшігіне салып, азаматтық борышын өтеді. Мұндай ерекше сәттер биылғы референдумның халықтық сипатын және дәстүрге деген құрметті айқындай түсті.

  • Жетісуда 105 жастағы абыз ана, Алматыда 100 жастағы қария дауыс берді

    Жетісуда 105 жастағы абыз ана, Алматыда 100 жастағы қария дауыс берді

    Бүгінгі референдумда еліміздің ең қарт тұрғындары ерекше белсенділік танытуда. Жетісу облысы, Панфилов ауданына қарасты Жаркент қаласында 105 жастағы Нағиман Шалабаева №290 дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. 13 құрсақ көтерген кейуана бүгінде үлкен бір әулеттің алтын діңгегі болып отыр: оның 36 немересі, 103 шөбересі және 13 шөпшегі бар. Ғасыр жасаған абыз ана сайлау учаскесінде жиналған жұртшылыққа ақ батасын беріп, ел іргесінің бүтіндігі мен жастардың жарқын болашағы үшін тілек білдірді.

    Дәл осындай маңызды сәт Алматы қаласында да тіркелді. Мегаполистің 100 жасқа толған тұрғыны дауыс беру учаскесіне келіп, азаматтық борышын өтеді. Қариялар өз сөздерінде еліміздегі маңызды саяси өзгерістерден қалыс қалмау әрбір қазақстандықтың міндеті екенін атап өтті. Жүз жасаған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың бұл қадамы кейінгі толқын жастар үшін нағыз отансүйгіштіктің үлгісіне айналды.

  • Токиодан Сан-Францискоға дейін: Шетелдегі қазақстандықтар референдумда дауыс беріп жатыр

    Токиодан Сан-Францискоға дейін: Шетелдегі қазақстандықтар референдумда дауыс беріп жатыр

    Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов республикалық референдум аясында шетелдегі дауыс беру барысы туралы ресми мәлімет берді. Қазіргі уақытта әлемнің 54 елінде 71 учаске жұмыс істеп тұр, бірақ кейбір мемлекеттердегі жағдайға байланысты дауыс беру өтпейтін болды. Атап айтқанда, күрделі әскери-саяси жағдай мен азаматтарымыздың аздығына байланысты 10 елдегі 11 учаске ашылмады. Олардың қатарында Иран, Израиль, Иордания, Катар, Оман, Ливан, Кувейт, Украина, Эфиопия және Біріккен Араб Әмірліктері бар.

    Шетелде дауыс беруге құқылы Қазақстан азаматтарының жалпы саны 14 380 адамды құрайды. Саяси науқан Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-де Токио мен Сеулде басталды. Таңғы сағат 08:00-ге дейінгі мәлімет бойынша, шетелдегі 23 учаске өз жұмысына кірісіп, 198 отандасымыз таңдауын жасап үлгерді. Әлем бойынша дауыс беру процесі ең соңынан АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы жанындағы учаскеде аяқталады. СІМ барлық жұмыс істеп тұрған учаскелердегі қауіпсіздік шараларын жіті қадағалап отыр.