Метка: Басты оқиғалар

  • Рамазан-2025: Пітір садақаның биылғы мөлшері белгілі болды

    Рамазан-2025: Пітір садақаның биылғы мөлшері белгілі болды

    2025 жылы Қазақстанда пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның орташа бағасына теңге, яғни, 655 теңге болып бекіді.

    Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

    «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі», – деп жазады баспасөз қызметі.

    Ал, бүгін Бас мүфтидің төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақа мөлшері бекіген.

    «Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекіді», – деп хабарлады мүфтият.

  • 22 ақпаннан бастап тағы екі жол ақылы болады

    22 ақпаннан бастап тағы екі жол ақылы болады

    Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2025 жылғы №39 және №40 бұйрықтарына сәйкес «Қостанай — РФ шекарасы (Троицке)» және «Ақтөбе — РФ шекарасы»  (Орынборға) автожолдарының учаскелері автобус пен жүк көліктеріне ақылы болады.

    Аталмыш жол учаскелері ақы алу жүйесіне 2025 жылғы 22 ақпаннан бастап іске қосылады.

    «Қостанай – РФ шекарасы (Троицке)» автожолының 539-376 шақырым аралығындағы учаскесі (М-36). Жүргізушілерге «РФ шекарасы (Екатеринбургке) – Алматы»республикалық маңызы бар автомобиль жолы және «Қостанай – Рудный – Айет – РФ шекарасы» аудандық маңызы бар автомобиль жолдары арқылы баламалы жол ұсынылады.

    ІІ және ІІІ техникалық санаттан тұрады. Жүріп өту жолағының ені – кемінде 3,5 метр, қозғалыс жолақтың саны – 2 және 1 екі бағытта жолақ.

    2. II санаттағы Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға) республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының Ақтөбе – Ресей Федерациясының шекарасы (Орынборға) 17+000 – 99+692 км учаскесі.

    Жүріп өту Ақтөбе – РФ шекарасы (Орскқа) республикалық маңызы бар баламалы жол арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

    Ақылы жол учаскесінің ұзындығы 82 шақырым 692 метрді құрайды. Жол ІІ санатқа жатады, оның ені – кемінде 3,75 метр, ал жолағының саны – екі бағытта 1 жолақ.

    Аркаларда орнатылған жоғары жылдамдықты камералар ақылы учаскелерде автомобильдердің қозғалысын, олардың жылдамдығы мен қарқындылығын тіркейді.

    Автожолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Шлагбаумдар мен өткізу пункттері қойылмағандықтан кептелістер болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сапар уақытын қысқартады.

    Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Пайдаланушылардың қолайлығы үшін төлем жасаудың 10-ға жуық әдісі бар: интернет-банкингтер, төлем терминалдары мен электрондық әмияндар, ұялы телефон балансынан, Е100 жанармай картасы арқылы, және заңды тұлғалармен келісім шарт жасау. Алдын-ала төлем әлдеқайда арзан болғандықтан, төлемақыны уақтылы жасауға кеңес береміз.

    Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынборға) автожолының бір бағыттағы жол ақысының құны:

    16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т дейін жүк автомобильдері үшін: алдын ала төлем – 515 теңге, кейінгі төлем – 600 теңге;

    32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т дейін жүк автомобильдері үшін: алдын ала төлем – 1040 теңге, кейінгі төлем – 1220 теңге;

    32 орын нан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т дейін автопоездар үшін: алдын ала төлем – 1545 теңге, кейінгі төлем – 1820 теңге;

    Жүк көтергіштігі 10 т жоғары 15 т дейінгі жүк автомобильдері үшін: алдын ала төлем – 2080 теңге, кейінгі төлем – 2440 теңге;

    Жүк көтергіштігі 15 т жоғары жүк автомобильдер, оның ішінде тіркемелері бар ершікті тартқыштар үшін: алдын ала төлем – 2580 теңге, кейінгі төлем – 3040 теңге.

    Қостанай — РФ шекарасы (Троицке) автожолының бір бағыттағы жол ақысының құны:

    16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т дейін жүк автомобильдері: алдын ала төлем – 1010 теңге, кейінгі төлем – 1190 теңге;

    32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т дейін жүк автомобильдері: алдын ала төлем – 2055 теңге, кейінгі төлем – 2415 теңге;

    32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т дейін автопойыздар: алдын ала төлем – 3065 теңге, кейінгі төлем – 3610 теңге;

    жүк көтергіштігі 10 т жоғары 15 т дейінгі жүк автомобильдері: алдын ала төлем – 4100 теңге, кейінгі төлем – 4825 теңге;

    жүк көтергіштігі 15 т жоғары жүк автомобильдері, оның ішінде тіркемелері бар ершікті тартқыштар: алдын ала төлем – 5120 теңге, кейінгі төлем – 6030 теңге.

     

  • Болат Назарбаевтың иелігіндегі ауыр машина жасау зауытының активтері мемлекетке қайтады

    Болат Назарбаевтың иелігіндегі ауыр машина жасау зауытының активтері мемлекетке қайтады

    Алматыда ауыр машина жасау зауытының мүлкі заңсыз сатылып кеткен. Мәмілелер жарамсыз болып шықты. Кәсіпорын 80 мың шаршы метр аумағынан айырылып қала жаздады.

    Бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасы Зауыт мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған болатын. Қала прокуратурасының қадағалау актісін орындау шеңберінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінген

    Талап-арыздың мазмұнында зауытқа 37 га астам жер учаскесін және жалпы ауданы 79 966 мболатын 94 тұрғын емес үй-жайды қайтару көрсетілген.

    Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды.

    Болат Назарбаев 2007 жылы сәуірде «Темир кон» серіктестігінен «Алматы ауыр машина жасау зауыты» жарғылық капиталының 86,78 пайыз акциясын сатып алған.

  • Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды.

    17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылып, 7 қызметкер үйінді астында қалды. Артынша олардың барлығы көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмдардың ең жасы 26 жаста.

    «Жомарт» кенішіндегі апаттан қаза тапқан азаматтар:

    1. Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
    2. Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
    3. Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
    4. Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
    5. Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
    6. Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
    7. Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

    Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
    «Қазақмыс» корпорациясы апаттың алдын ала себебін айтып, қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетіні жөнінде мәлімдеме жасады.

  • «Сергек» жаңа функциясын іске қосты

    «Сергек» жаңа функциясын іске қосты

    Бұл жаңалықты қалалық Полиция департаменті хабарлады.

    Достық даңғылынан Ш.Уәлиханов көшесіне дейін Қ.Сәтбаев көшесінің оңтүстік және солтүстік жағын бақылайтын камералар тұраққа қою ережелерін бұзған көліктерді, сондай-ақ екінші қатармен қойылған көліктерді анықтамақ.

    Осылайша, «Сергек» бейнебақылау камераларының екінші тынысы ашылып, жаңа функциясы іске қосылып отыр.

    – ҚР Жол қозғалысының ережелерінің 87, 88 пункттерінде көлiк құралының басқа көлiк құралдарының жүрiсiне мүмкiндiк бермейтiн (кіру немесе шығу) немесе басқа көлiк құралдарының қозғалысына кедергiлер туғызатын (кептелiс) орындарда тоқтауға тыйым салынады. Бұл қағидаларды бұзғандарға 10 АЕК (39 мың 320 теңге) айыппұл салынады, – деп хабарлады Полиция департаменті.

  • Қазақстанда 594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырған

    Қазақстанда 594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырған

    Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау кезінде 594 блогер 53,3 млрд теңге салығын жасырғанын анықтады.

    Салық органдары жеке тұлғалардың, соның ішінде блогерлердің салық міндеттемелерін толық орындап-орындамағанын тексерген. Камералдық бақылау кезінде бес жүзден астам блогер табысын азайтып көрсеткені белгілі болды.

    «Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларымен салыстырғаннан кейін 594 тұлға бойынша 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде оларға 13-14 ақпан аралығында «кірісті төмендету» заңбұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», – делінген хабарламада.

    Салықшылардан осындай хат алған блогерлер есептелген салықты төлеп, қосымша салық есебін тапсыруға тиіс. Егер келіспесе, түсініктеме жазуы керек. Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.

    Комитет әртүрлі интернет-ресурстарда жарияланған онлайн жарнамадан, ақпарат өнімдерін, курстарды сатудан және ұтыс ойындарынан түскен табыстан міндетті түрде салық төлеу қажет екенін ескертті. Бұл міндеттемелер Қазақстан Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген, – Мемлекеттік кірістер комитеті.

    Күні кеше танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев барлық блогерлерге салық органдарынан хат келгенін жазған болатын. Оның айтуынша, кейбір блогерлерге 300-400 млн теңгеден, біреуіне тіпті бір миллиард теңгеден салық төленбеген деген хабарлама келген. 100 млн теңге салық жасырған әріптестері де бар екен.

  • Астанада жасөспірім қыз биіктен секіріп кетті

    Астанада жасөспірім қыз биіктен секіріп кетті

    Астанада жасөспірім қыз көпқабатты үйдің 15-қабатынан секіріп кеткен. Бұл туралы ақпарат @astanovka98 Telegram-арнасында пайда болды.

    Оқырмандардың айтуынша, жас қыз биіктен секірмес бұрын хат қалдырған. Жасөспірім ауыр халге ауруханаға жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

    Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауда.

  • Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Ұлытау облысында төтенше жағдайда қаза болған кеншілердің отбасыларына әкімдік көмек көрсететін болды.

    Ұлытау облысының әкімдігінің мәліметінше, кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.

    «Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза.

    Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ.

    Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады», – делінген көңіл айту жеделхатында.

  • Президент кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтты

    Президент кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтты

    Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.

    «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады», – делінген Ақорда хабарламасында.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.

    Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.

  • «Қазақмыс» шахтасындағы апат: 7 кеншінің денесі табылды

    «Қазақмыс» шахтасындағы апат: 7 кеншінің денесі табылды

    Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталуда.

      Қайтыс болған жеті жұмысшылардың денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

    ҚР ТЖМ жедел штабының «жедел желісіне» 23 қоңырау келіп түсті.

    Естеріңізге сала кетейік, Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам үйінді астында қалды. ТЖД олардың тізімін жариялады.

    Сонымен қатар Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылған болатын.