Метка: Басты оқиғалар

  • Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды

    Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды

    Қазақстанда 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсман институты жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

    Агенттіктің ақпаратынша, микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

    «Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметі тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе, омбудсманның шешімі 30 күн ішінде орындалуы керек», – делінген хабарламада.

    Омбудсман сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілеріне араласпайды. Сонымен қатар дәлелденбеген немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштерді қарамайды.
    Айта кетейік, қазір елімізде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді. Енді олардың қатарына 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманы қосылады.
    2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 кредит серіктестігі және 497 ломбард бар.

  • Қытайда 426 миллион доллар пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді

    Қытайда 426 миллион доллар пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді

    Қытайда пара алғаны дәлелденген шенеунік Ли Цзяньпинге қатысты өлім жазасы туралы сот үкімі орындалды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

    Агенттіктің мәліметінше, Ли Цзяньпин Хоххот (Ішкі Моңғолия автономиялық ауданының әкімшілік орталығы, Солтүстік Қытай) техно-экономикалық даму аймағының жұмыс комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген. Оған ұрлық және пара арқылы 3,06 миллиард юань (шамамен 426 миллион доллар) иемденді деген айып тағылды.

    Қытай Халық Республикасының Жоғарғы халық сотының жолдауында көрсетілгендей, Ли Цзяньпин аты аталмаған мемлекеттік компаниядан алаяқтық жолмен 1,43 миллиард юаньнан (199 миллион доллар) астам ақшаны иемденіп алған. Сонымен қатар ол 577 миллион юань (80 миллион доллар) пара алып, 1,06 миллион юань (147 миллион доллар) жымқырған. Қаражаттың жартысын қайтару мүмкін болмады.

  • Әйгілі боксшы Рой Джонс Астанаға келді

    Әйгілі боксшы Рой Джонс Астанаға келді

    Боксшымен бірге түскен суретті Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзінің әлеуметтік желісінде жариялады.

    20 желтоқсанда Астанада ресейлік Fight Nights промоушенінің қолдауымен кәсіби бокс кеші өтеді. Басты іс-шарада рингке қатарынан алты жеңіс сериясында келе жатқан 31 жастағы қазақстандық Дәулет Дәукенов (14-2, 6 KO) шығады. Ол 34 жастағы эквадорлық Марлон Агуаспен (15-2, 9 КО) рейтингтік жекпе-жекте өнер көрсетеді.

    Boxrec рейтингінде Дәулет екінші жеңіл салмақ дәрежесінде 324-ші орында, ал Марлон жартылай орта салмақта 164-ші орында. Эквадорлық боксшы – Оңтүстік Американың жартылай орта дивизионының экс-чемпионы.

     

  • Бүгін ел аумағында жел күшейіп, аяз күтіледі

    Бүгін ел аумағында жел күшейіп, аяз күтіледі

    Бүгін еліміздің бірқатар облыстарында аяз, тұман, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі. Синоптиктердің болжамынша, желдің екпіні кей өңірлерде 28 м/с-қа дейін жетеді, ал кей аймақтарда қатты аяз болады.

    Жетісу облысы

    Түнде және таңертең Жетісу облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың шығысында екпіні 15-20, Алакөл көлдері аудандарында кей уақыттарда 23-28 м/с. Түнде облыстың солтүстігінде, орталығында, таулы аудандарында 25-27 градус қатты аяз күтіледі.

    Алматы облысы

    Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында кей уақыттарда тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, шығысында кей уақыттарда екпіні 17-22 м/с. Алматы қаласында 18 желтоқсанда түнде және таңертең тұман күтіледі. Қонаев қаласында 18 желтоқсанда оңтүстік-шығыстан жел соғады, кей уақытта екпіні 17-22 м/с.

    Ұлытау облысы

    Күндіз Ұлытау облысында жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігінде, орталығында тұман. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Жезқазған қаласында 18 желтоқсанда жаяу бұрқасын күтіледі. Тұман болады.

    Қарағанды облысы

    Күндіз Қарағанды облысында жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде екпіні 15-20 м/с. Қарағанды қаласында 18 желтоқсанда жаяу бұрқасын күтіледі.

    Батыс Қазақстан облысы

    Батыс Қазақстан облысында көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с. Орал қ.: 18 желтоқсанда көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі.

    Қызылорда облысы

    Қызылорда облысының батысында, орталығында көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстіктен соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, орталығында күші 15-20 м/с күтіледі. Қызылорда қаласында  18 желтоқсанда жел оңтүстіктен соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Абай облысы

    Абай облысының батысында, солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында 15-20, Жарма ауданында екпіні 23 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысы

    Күндіз Шығыс Қазақстан облысының шығысында, оңтүстік-шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың шығысында, оңтүстік-шығысында екпіні 15-18 м/с.

    Маңғыстау облысы

    Түнде және таңертең Маңғыстау облысының солтүстігінде жаяу бұрқасын, көктайғақ, облыстың оңтүстігінде, орталығында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауыспалы жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында екпіні 15-20, кей уақыттарда 23 м/с күтіледі. Ақтау қ.: 18 желтоқсанда оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауыспалы жел соғады, екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Қостанай облысы

    Түнде Қостанай облысының батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде жаяу бұрқасын, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстігінде көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғады, облыстың батысында, шығысында, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с күтіледі. Қостанай қаласында 18 желтоқсанда жаяу бұрқасын күтіледі.

    Ақтөбе облысы

    Ақтөбе облысында бұрқасын күтіледі. Облыстың батысында, оңтүстістігінде көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысады, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с. Ақтөбе қаласында 18 желтоқсанда түнде бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел, оңтүстік-шығысқа ауысады, түнде екпіні 16 м/с.

    Атырау облысы

    Түнде және таңертең Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Атырау қаласында 18 желтоқсанда түнде және таңертең тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысы

    Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с. Петропавл қаласында 18 желтоқсанда жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен жел соғады, түнде екпіні 15-20 м/с.

    Түркістан облысы

    Таңертең және күндіз Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында көктайғақ күтіледі. Облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман. Облыстың тау асуларында жаяу бұрқасын. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың тау асуларында күші 15-20 м/с. Шымкент қаласында 18 желтоқсанда таңертең және күндіз көктайғақ күтіледі. Кей уақыттарда тұман. Түркістан қаласында 18 желтоқсанда таңертең және күндіз көктайғақ күтіледі. Кей уақыттарда тұман.

    Астана

    Астана қаласында 18 желтоқсанда күндіз жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен жел соғады, кей уақыттарда екпіні 15-20 м/с

    Ақмола облысы

    Түнде Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде, күндіз солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында 15-20, облыстың солтүстігінде кей уақыттарда екпіні 25 м/с. Көкшетау қаласында 18 желтоқсанда оңтүстіктен жел соғады, күндіз екіпіні 15-20 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысы

    17 желтоқсанның сағат 18.00-ден 18 желтоқсанның сағат 20.00-ге дейін Өскемен қаласы бойынша, күтіліп отырған қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты, ҚМЖ туралы екінші дәрежелі ескертуі жарияланады.

    Жамбыл облысы

    17-19 желтоқсанда Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батыс желіне ауысады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20 м/с, тәулік бойы 17 желтоқсанда, күндіз 18-19 желтоқсанда екпіні 23-28 м/с күтіледі. Тараз қаласында 17-19 желтоқсанда кей уақыттарда тұман күтіледі.

  • Келер жылы Қазақстан Ресейден 4 жолбарыс әкеледі

    Келер жылы Қазақстан Ресейден 4 жолбарыс әкеледі

    2025 жылы Қазақстанда жолбарыстар саны көбейеді. Еліміз көрші Ресейден тағы төрт жолбарыс әкелуді жоспарлап отыр.

    Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл Тұран жолбарысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша үлкен жоба басталғанын атап өтті.

    Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты (2018/415 мың га) құрылған. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар аралығында резерват аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінген,  100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді.

    «Осы жылы күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді.  2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде. Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз», — деді Нысанбаев Үкімет отырысында.

    Министр құландар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама аясында оларды «Іле-Балқаш» және «Алтын Дала» резерваттарына қоныс аудару жұмысы сәтті аяқталғанын айтты. Қазақстан аумағында толығымен жойылып кеткен құланның саны 1950-1960 жылдары Түркіменстаннан әкелінген 14 құланның негізінде бүгінгі күні 4493 басқа жеткен

  • «Росатом» Қазақстанның уран кенішіндегі өз үлесінің бөлігін сатты

    «Росатом» Қазақстанның уран кенішіндегі өз үлесінің бөлігін сатты

    «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ ресейлік серіктестің кейбір бірлескен кәсіпорындардан шыққаны туралы мәлімдеді.

    «Росатом» мемлекеттік корпорациясының компаниялар тобына кіретін «Ураниум Уан Груп» АҚ түпкі бенефициары State nuclear Uranium Resources Development Co., Ltd (ҚХР) компаниясы болып табылатын SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясының пайдасына «Заречное» БК» АҚ-ның акцияларының өзіне тиесілі 49,979%-ын сатты.

    Бұл ретте осы бірлескен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгерген жоқ және ол 49,979%-ды құрайды.

    «Заречное» БК» АҚ 1977 жылы ашылған Түркістан облысындағы Заречное кен орнында уран өндіруді жүзеге асырады. Кен орнындағы уран қоры 2024 жылдың басында шамамен 3,5 мың тоннаны құраған. Кен орнын игеруді аяқтау 2028 жылға жоспарланып отыр.

    «Ураниум Уан Груп» АҚ сондай-ақ «Хорасан-U» БК» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын және «Қызылқұм» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын мәміле тараптары оны жабу рәсімдерін аяқтаған жағдайда түпкі бенефициары China General Nuclear Power Corporation (CGN, ҚХР) болып табылатын China Uranium Development Company Limited компаниясының пайдасына сатады деп күтілуде. Осы бірлескен кәсіпорындарда Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгермейді, «Хорасан-U» БК» ЖШС-те 50% және «Қызылқұм» ЖШС-те 50% (жанама) деңгейде сақталады.

    «Хорасан-U» БК» ЖШС Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Солтүстік Харасан кен орнының «Харасан-1» учаскесінде уран өндіруді жүзеге асырады. Кен орнының қорлары 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша пайдалану мерзімі 2038 жылға дейінгі 33 мың тоннаға жуық уранды құрайды. «Хорасан-U» БК» ЖШС-те өндірілген бүкіл уран тікелей сол игеріліп жатқан учаскенің өзінде орналасқан «Қызылқұм» ЖШС-тің өндірістік қуаттарында қайта өңделеді. «Қызылқұм» ЖШС жер қойнауын пайдалану құқығына ие емес және тек уранды қайта өңдеу бойынша қызметтерді жүзеге асырады.

    Қазатомөнеркәсіп жаңа серіктестерін құттықтап, бірлескен жұмыста табыс тілейді. Қазіргі уақытта Компанияның стратегиялық басымдығы минералды-шикізат базасын толықтыру және қорлардың тұрақты өсуін қамтамасыз ету болып табылады.

    Компания перспективалы аумақтарды бағалауға және жаңа кен орындарын ашуға бағытталған геологиялық барлау жұмыстарының ауқымды бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама атом холдингінің ұзақ мерзімді позициясын нығайта отырып, оң нәтиже береді. Бір ғана биылдың өзінде Қазатомөнеркәсіп перспективалы учаскелерде уранды барлауға төрт жаңа лицензия алды, оларды компания тек өз күштерімен орындауды жоспарлап отыр. Алдын ала бағалаулар бойынша, осы перспективалы учаскелердегі жалпы болжамды ресурстар 180 мың тоннадан асады.

  • Асу Алмабаевтың кезекті жекпе-жегінің уақыты анықталды

    Асу Алмабаевтың кезекті жекпе-жегінің уақыты анықталды

    Әлемнің ең үздік тұжырымы UFC-де қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізген Асу Алмабаевтың шаршы алаңға қашан оралатыны анықталды.

    Қазақстандық аралас жекпе-жек майталманы Асу Алмабаев UFC-дегі соңғы жеңісінен кейін тұжырымның аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде 7-орынға көтеріліп, чемпиондық белбеуге бір табан жақындаған еді. Енді Алмабаев 2025 жылдың басында шаршы алаңға қайта оралуды жоспарлап отыр. Ол келесі жекпе-жегін 1 наурыз күні өтетін UFC Fight Night 253 турнирінде өткізеді. Дегенмен қарсыласы әлі белгісіз.

    Айта кетейік, Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегін Матеус Николауға қарсы өткізіп, төрешілердің бірауыздан шешімі бойынша жеңіске жеткен еді.

  • Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ерте шығу үшін тағы өтініш білдірді

    Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ерте шығу үшін тағы өтініш білдірді

    Бұрынғы вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын жеңілдетуді сұрап, сотқа талап-арыз түсірді.

    «Түрксіб аудандық сотына жаза шараларын ауыстыру бойынша іс-материалдары келіп түсті. Өтініш жақын арада қаралады», – деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

    Бұған дейін Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төребаев пен Шерниязовқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырылған еді.

    Айта кетсек, бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен 10 сотталушы ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу, қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оны басқару бойынша кінәлі деп танылып, олар 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын.

    Сотталушылар Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

    Сотталушылар мен олардың өкілдерінен үкімге апелляциялық шағым түскен болатын.

    Еске салсақ, 2019-2020 жылдар аралығында Алмас Құрманғалиев және Ержан Мансұров есімді азаматтардың ойластыруымен «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС атты қаржы пирамидасы құрылып, бұл науқан Ислам қағидаларына сәйкес келетін қаржы (инвестициялық) институты ретінде таныстырылып, жәбірленушілердің осы жобаға үміт бар деген жалған түсінігін қалыптастырған.

    «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС құрылтайшыларының құрамына осы ЖШС-да әрбірінің 11-11,5% үлесі бар түрлі қылмыстық рөлдер берілген сотталушылар Руслан Бұрқанов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед, Самат Қасенов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаев кірген.

    Сондай-ақ компанияның қызметіне белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернияз да тартылған. оларға компанияның жұмысын насихаттау, үгіттеу, әлеуметтік желілердегі өз парақшаларында ЖШС жарнамасын жүргізу рөлдері берілген.

    Осы қаржы пирамидасының қылмыстық қызметінің нәтижесінде жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде – 1 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілді.

  • Биыл Қазақстанның 5 164 азаматы шетелдіктермен неке қидырған

    Биыл Қазақстанның 5 164 азаматы шетелдіктермен неке қидырған

    2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтардың некелері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында тіркеледі.

    Ведомствоның баспасөз қызметі осы жылдың 10 айында 107 256 неке қиылғанын хабарлады. Жаздың бір айында 13 257 қазақстандық жұп үйленген.

    Қазақстанның заңнамасы бойынша кәмелетке толған азаматтар, яғни 18-ге толғандар некеге тұра алады. Бірақ тіркеу органдарының неке жасын екі жылға төмендетуінің екі себебі бар: бұл жүктілік және ортақ бала. Биыл осындай жағдайларға байланысты 532 жұп үйленген.

    Сонымен қатар, 5 164 Қазақстан азаматы шетелдіктермен неке қидырған.

     

     

  • Мәдениет және ақпарат министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

    Мәдениет және ақпарат министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

    «Құрметті достар! Кейінгі уақытта белгісіз біреулер менің атымнан таныс және бейтаныс адамдарға жасанды интеллект көмегімен дауыстық хабарламалар жіберу жағдайлары жиілеп кетті. Сіздерден осындай хабарламаларды елемеуді, бейтаныс нөмірлерді бұғаттауды сұраймын. Бұл – алаяқтардың әрекеті. Алданып қалмаңыздар. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!», – деді Балаева.

    Министр баршаңызды сақ болуға және алаяқтардың айла-амалдарына түспеуге шақырды. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еріктілер қозғалысының белсендісі, қайырымдылық қор құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеуге пікір айтты.