Метка: Басты оқиғалар

  • Теракт жасамақ болған ақтаулық 18 жылға сотталды

    Теракт жасамақ болған ақтаулық 18 жылға сотталды

    19 қазанда теракт жасамақ болған және терроризмді насихаттаған Ақтау тұрғынына қатысты үкім заңды күшіне енді.

    Ақтау қалалық соты оған 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Сотталушының зорлық-зомбылық әрекетін жасау үшін жарылғыш құрылғыны, соның ішінде зақымдайтын элементтер жасауға қажетті компоненттер болттар мен шегелерді сатып алғаны анықталды. Шабуыл нысаны ретінде Маңғыстау облысының мемлекеттік мекемелерінің ғимаратын таңдап, фото және видеоға түсіру арқылы жергілікті жерді зерттеген, – делінген ҰҚК хабарламасында.

    Айта кетсек, сотталған адам бұрын кісі өлтіргені үшін сотты болған.

  • «Оскар» дауылы Кубаға жетті

    «Оскар» дауылы Кубаға жетті

    Метеорологтардың мәлімдеуінше, желдің екпіні сағатына 120 шақырымға жеткен. Елдің шығысындағы Кариб теңізі маңында толассыз жауын жауды.

    2 күннен бері электр жарығы жоқ. Басқа да инфрақұрылым қираған, ағаштар опырылып, жағаға жақын аудандар су астында қалды.

    Жалпы «Бостандық аралында» кейінгі 3 жыл бойы электр жарығы жиі өшеді. Оған электр желілерінің ескіргені, су электр стансаларындағы техникалық ақаулар мен жанармай тапшылығы себеп.

  • Ердоғанның басты қарсыласы Фетхуллах Гүлен қайтыс болды

    Ердоғанның басты қарсыласы Фетхуллах Гүлен қайтыс болды

    84 жастағы Гүлен ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы оның немере інісі Эбуселеме Гүлен X әлеуметтік желісінде хабарлады.

    «Фетуллаһ Гүленнің ақтық демі үзілді. Алла Тағала рақымына бөлесін», – деп жазды Эбуселеме Гүлен X әлеуметтік желісінде.

    CNN Turk арнасының таратқан ақпартынан, Фетхуллах Гүленнің соңғы жылдары бүйрегі ауырып, қант диабеті және деменциямен күрескені белгілі болды.

    Естеріңізге сала кетейік, Түрік билігі оны 2016 жылы әскери төңкеріс жасамақ болды деп айыптаған болатын. Төңкеріс салдарынан 251 адам қаза тапты. Гүленнің өзі Түркияда сырттай айыпталып, Анкара Вашингтоннан оны елге экстрадициялауды талап еткен. Түркияда оның FETO қозғалысы террористік ұйым деп танылған.

    Фетхуллаһ Гүлен 1941 жылы Түркияның шығысында дүниеге келген. Діни экстремизмге және исламды саясиландырудың түрлі формаларына қарсы шыққан мұсылман әлемінің ең ықпалды ғалымдарының бірі болды. Ол Түркияда және басқа елдерде, соның ішінде Орталық Азияда оқу мен тәрбие беру, мектептер ашу мәселелеріне ерекше көңіл бөлген. Ол 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрды

     

  • Мектеп оқушыларының 80 пайызының көзі нашар көреді

    Мектеп оқушыларының 80 пайызының көзі нашар көреді

    Қазір мектептегі балалардың 70-80 пайызының көру қабілеті нашар. Қазақстандық офтальмологтар осылай дейді.

    Олардың айтуынша, қазір ата-аналар балаларын алдыңғы парталарға отырғызуға тырысады. Өйткені перзенттерінің көзі нашар көреді.

    Мамандар бұл гаджедтердің әсерінен болуы мүмкін екенін алға тартады. Себебі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар электронды құрылғыларға әуес.

    Бұл – көз кемістігі, затты көзге тақап ұстаудан пайда болады.

    Айта кету керек, баланың көру қабілеті туғаннан бастап 6-7 жасқа дейін дамиды. Сондықтан осы уақытта баланың денсаулығына мұқият мән берген жөн.

  • Жаңа жылдан бастап «ІnDriver» көліктеріне талаптар күшейеді

    Жаңа жылдан бастап «ІnDriver» көліктеріне талаптар күшейеді

    Биылғы жылдың мамыр айында ҚР Көлік және Ішкі істер министліктерімен және «ІnDriver», «Яндекс» такси қосымшаларының басшылығы арасында өзара Меморандум жасалған болатын.

    Осы меморандумға сәйкес 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «ІnDriver» такси қосымшасына басқа мемлекетте тіркелген, басқару құрылғылары оң жақта орналасқан және ҚР Заңнамасын жиі бұзатын автокөліктерге тіркелуге шектеу қойылады.

    «Мұның себебі соңғы кездері жүргізушінің тынығу режимінің бұзылуы, рейс алдында медициналық және механикалық тексеруден өтпеуі, міндетті сақтандырусыз жолаушылар тасымалдауы салдарынан жол апаты көбейді. Олардың елеулі бөлігі «InDriver», «Яндекс» такси жүргізушілерімен орын алуда. Елімізде «InDriver», «Яндекс» такси бағдарламасын мобильді қосымшаға тіркеу арқылы қаншама көлік жолаушылар тасымалдауда. Алайда ол азаматтар ҚР Ұлттық стандартындағы такси тасымалдаушыларына және қызмет көрсететін такси автокөліктеріне қойылатын талаптарына сәйкес келмейтін автокөліктермен жолаушылар тасымалдауда» дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

    Осы ретте Жамбыл облысында 14 рейдтік жұмыстары ұйымдастырылып, 128 автокөлік тексерілді. Нәтижесінде 385 хаттама толтырылып, 3,5 млн. теңге айыппұл салынды.

  • Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратуралары мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады.

    «Бюджет қаражаты жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген. Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

    Сонымен қатар есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.

    Осы қаражат ешқандай негізсіз есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.

    Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушілері мен 4 есепшілеріне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

  • Ауа райы: Кей аймақта жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін

    Ауа райы: Кей аймақта жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін

    Еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарында жауын-шашын күтіледі, кей жерлерде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Батыс және оңтүстік өңірлерде ауа райы жауын-шашынсыз болады, алайда жел күшейіп, кейбір аймақтарда тұман түсуі ықтимал.

    Жетісу облысы

    Жетісу облысында солтүстік-шығыстан жел күтіледі, Алакөл көлдері ауданында екпіні 15-20, күндіз кей уақыттарда 23-28 м/с. Облыстың батысында, орталығында 3 градус үсік. Талдықорған қ.: 21 қазанда түнде 1-3 градус үсік күтіледі.

    Қостанай облысы

    Түнде және таңертең Қостанай облысының солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Қостанай қ.: 21 қазанда түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Қызылорда облысы

    Түнде Қызылорда облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында найзағай күтіледі. Жел батыстан, оңтүстік-батыстан соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында күші 15-20 м/с. Қызылорда қ.: 21 қазанда түнде найзағай күтіледі.

    Түркістан облысы

    Таңертең және күндіз Түркістан облысының солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, таңертең және күндіз облыстың солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында күші 15-20 м/с. Шымкент қ.: 21 қазанда күннің екінші жартысында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, күндіз екпіні 15- 20 м/с. Түркістан қ.: 21 қазанда күндіз найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Атырау облысы

    Түнде Атырау облысының шығысында кей уақытта қатты жаңбыр. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде тұман күтіледі. Атырау қ: 21 қазан түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Ұлытау облысы

    Ұлытау облысында оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысы

    Түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, батысында тұман күтіледі.

    Ақтөбе облысы

    Түнде Ақтөбе облысының батысында, орталығында қатты жаңбыр күтіледі.

    Жамбыл облысы

    Күндіз Жамбыл облысының батысында, солтүстігінде, 21 қазанда солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай күтіледі. 21-22 қазанда түнде және таңертең облыстың батысында, шығысында, таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс желіне ауысады, 21 қазанда облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20, күндіз екпіні 23 м/с, 22 қазанда облыстың таулы аудандарында 15-20, екпіні 23 м/с күтіледі. Тараз қ.: 21-22 қазанда түнде және таңертең тұман күтіледі. 22 қазанда күндіз найзағай күтіледі.

  • Қырғызстанда жер сілкінді

    Қырғызстанда жер сілкінді

    Бұл туралы Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы хабарлады.

    Жерасты дүмпулері жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша 23:44-те (Астана уақыты бойынша 22:44) тіркелген.

    Жер сілкінісінің ошағы Ош қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 139 шақырымда және Ноокат қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 125 шақырым жерде екені анықталды. Ошағының тереңдігі 10 шақырымды құрады.

    Әзірге зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ. Құтқару қызметтері жағдайды бақылауда ұстап отырғаны хабарланды.

  • Имам көлікпен қаққан 11 жастағы қыз көз жұмды

    Имам көлікпен қаққан 11 жастағы қыз көз жұмды

    Абай облысы Үржар ауданында имам көлікпен қағып кеткен 11 жастағы қыз ауруханада көз жұмды. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.

    Оқиға 14 қазанда сағат 11:40 шамасында Үржар ауылында болған.

    «Toyota Rav-4 маркалы автокөлікті тізгіндеп келе жатқан 44 жастағы жүргізуші Гагарин көшесінде 11 жастағы қызды қағып кетті. Бала Үржар ауданының орталық аудандық ауруханасында қаза болды», – деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.

    Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов  жүргізушінің имам болғанын растады.

    «Үржар ауылдық мешітінің имамы абайсызда жеке көлігімен жеткіншекті қағып кеткен. Оның айтуынша, бір үйдің ауласында байланып тұрған иттің үргенінен шошыған қыз жолға жүгіріп шыққан. Сол кезде өзі 40-пен келе жатқан. Көлікті тоқтатып үлгермей қалыпты. Оқиға болғаннан кейін қызды дереу ауруханаға өзі жеткізген. Өкінішке қарай, басымен асфальтқа құлаған бала ота үстінде қаза болды. Бүлдіршіннің ата-анасы мен туған туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Қарындасымыздың оқыстан болған қазасы бәріміздің жүрегімізге ауыр батып отыр», – деді ол.

    Имамның Үржар ауылдық мешітінде қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болыпты.

    «Қызмет барысында оның қандай да бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлары кездеспеді. Бұндай оқыс оқиға бірінші рет болып отыр», – деді Асқар Мұқанов.

  • Талғардағы оқиға: Тағы екі лауазымды тұлға қызметінен босатылды

    Талғардағы оқиға: Тағы екі лауазымды тұлға қызметінен босатылды

    Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов қызметінен босатылды.

    Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды. Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болды, – делінген хабарламада.

    Сонымен, Талғардағы жасөспірім Шерзат Болаттың өлімінен кейін қанша адам қызметтен кетті?

    6 адам жұмыстан шығарылды:

    ▪️2023 жылдың соңынан бастап ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске жауапты Ішкі істер министрлігі бастығының орынбасары қызметін атқарған Айдос Рысбаев.

    ▪️Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бакиров. Ол бұл қызметті 2022 жылдан бері атқарып келеді.

    ▪️Талғар ауданының прокуроры қызметіне тағайындалғанына 2 жыл болған Ескендір Бекманов қызметтен кетті.

    ▪️2022 жылы сайланған Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен  оның орынбасары Матан Сағындық  «өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін» қызметтен босатылды.

    ▪️Көпшілікке таныс Хасанның ағасы – Аслан Қасымбаев. Ол 2021 жылдың жазынан бері Талғар ауданы әкімі аппаратының жетекшісі болды.

    ▪️Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков және оның орынбасары Бидаев Айбек сөгіс алды.