Метка: Басты оқиғалар

  • Астанада Конституциялық реформаны талқылайтын екінші комиссия отырысы өтті

    Астанада Конституциялық реформаны талқылайтын екінші комиссия отырысы өтті

    Сейсенбі күні Астанада Конституциялық реформа бойынша Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтті. Күн тәртібінде халықтан келіп түскен ұсыныстарды талқылау болды. Отырыстың барлық кезеңдері ашық форматта өтеді және онлайн режимде көрсетілуде, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Отырыстың модераторы, Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскенін атап өтті. Олар бірік­тіріліп, сводты кестеге енгізілген. Азимова қоғамның белсенді қатысуы реформаның маңыздылығын және халықтың өзгерістерге деген қызығушылығын көрсететінін айтты.

    Отырыс барысында үш негізгі спикер сөз сөйледі: әділет министрі Ерлан Сарсембаев, сенатор Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева. Олар 2025 жылдың қазан айынан бері түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді таныстырды.

    Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияда кадрлық тағайындаулар тәртібін жаңа форматта бекіту ұсынылып жатқанын айтты. Президент Құрылтайдың келісімімен (депутаттардың жалпы санының көпшілігінің даусымен) вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін және Жоғарғы аудит палатасының мүшелерін тағайындайтын болады. Егер Құрылтай бірнеше рет келісім бермесе, Президент Құрылтайды тарата алатын құқыққа ие болады.

    Сенатор Нұрлан Бекназаров бір палаталы парламент — Құрылтайға көшуге байланысты Конституцияның «Парламент» бөліміне өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Жоба бойынша Құрылтай заң шығарушы жоғары орган болып, 145 депутаттан құралады және олар біртұтас жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Депутаттардың мандат мерзімі 5 жылға ұсынылып отыр. Сондай-ақ сайлау мерзімдері, дауыс беру тәртібі, төрағаны сайлау, кандидаттарға қойылатын талаптар мен шектеулер талқыланды.

    Сонымен қатар Президент жаңа консультативтік орган.  Халық кеңесін құруды ұсынды. Ол қоғамдық-саяси бірлестіктер мен белсенді азаматтарды біріктіріп, қоғамды дамытуға және ел бірлігін нығайтуға қызмет етеді. Халық кеңесінің құрамы, өкілеттігі және жұмыс тәртібі конституциялық заңмен бекітіледі.

    Талқылауда коррупциялық қылмыс жасаған азаматтардың сайлау құқығын шектеу, әкімшілік соттардың конституциялық мәртебесін бекіту, вице-президенттің қызметіне қойылатын шектеулер, Президенттің өкілеттігі уақытынан бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау өткізу тәртібі, Жоғарғы сот төрағасының мәртебесі, ант қабылдау тәртібі және Құрылтайдың Үкімет қызметіне бақылау және депутаттардың мандатын тоқтату жөніндегі жаңа өкілеттіктері сияқты ұсыныстар қаралды.

  • Семейде полиция қызметкерлерінің көліктерін өртеген ер адам ұсталды

    Семейде полиция қызметкерлерінің көліктерін өртеген ер адам ұсталды

    25 қаңтар күні кешке Семей қаласындағы «Юность» шағынауданында белгісіз ер адам полиция қызметкерлеріне тиесілі Chevrolet Cobalt және Changan маркалы екі автокөлікті өртеп жіберген, деп хабарлайды Sona.kz Jagdai-ға сілтеме жасап.

    Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті  бұрын сотталған, 66 жастағы ер адам. Оқиға кезінде ол алкогольдік масаң күйде болған. Куәгерлердің айтуынша, көліктер қасақана өртелген.

    Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

  • ҚР ҰҚК OrdaMed компаниясына тексеріс жүргізді: жалған құжаттар жасап , мемлекетке зиян келтірді

    ҚР ҰҚК OrdaMed компаниясына тексеріс жүргізді: жалған құжаттар жасап , мемлекетке зиян келтірді

    Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері OrdaMed компаниясына қатысты шаралар өткізді. Ведомствоның хабарлауынша, компания басшылығы Қазақстанда өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды жасаған. Бұл мемлекеттік ауруханаларға медициналық жабдықты жеңілдікпен жеткізуге мүмкіндік берген, деп хабарлайды Sona.kz knbgovkz-ке сілтеме жасап.

    Жедел мәліметтерге сәйкес, 28 атаулы медициналық техника жеңілдікпен жеткізілген. Алайда нақты дайын жабдық шетелден әкелінген, ал ел ішінде өндірілмеген.

    Алдын ала есеп бойынша мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде зиян келтірілген. Ведомство бұл әрекеттердің мемлекеттік сатып алу ережесін бұзып, заңсыз преференциялар алғанын атап өтті.

    OrdaMed басшылығынан инвестициялық монеталар 1 млрд теңгеден астам көлемде тәркіленді. Сонымен қатар компанияның бірнеше ұйымдағы үлестері қамауға алынды.

    OrdaMed-тың техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Тексеру жалғасуда, іс бойынша мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.

  • Дәурен Есімханов тараған ақпаратты жоққа шығарды

    Дәурен Есімханов тараған ақпаратты жоққа шығарды

    Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының орынбасары Дәурен Есімханов соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қоғамда жарияланған деректер объективті шындықты көрсетпейді, деп хабарлайды Sona.kz Дәурен Есімхановтың ресми парақшасына сілтеме жасап.

    Есімханов бұл мәліметтердің негізсіз екенін және олар нақты фактілерге сүйенбейтінін атап өтті. Ол өзіне қатысты жарияланған ақпараттың тергеу және ресми мәліметтермен сәйкес келмеуін алға тартты.

     

  • Қарағанды облысының спорт басқармасында тексеру тағайындалды

    Қарағанды облысының спорт басқармасында тексеру тағайындалды

    Қарағанды облысында дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметіне қатысты тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұған басқарма басшысы Серік Сәпиевтің жария мәлімдемесі себеп болған, деп хабарлайды Sona.kz

    Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жағдайды жан-жақты әрі объективті қарау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тарапынан тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар спорт басқармасының қызметіне кешенді аудит жасалады.

    Бұған дейін Серік Сәпиев жанжалдың спорт ұйымдары басшыларын заңсыз түрде ауыстыру әрекеттеріне байланысты туындағанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл әрекеттер оның хабарынсыз жасалған.

    Сонымен қатар басқарма басшысы мен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы келіспеушілік физикалық қақтығысқа ұласқан. Аталған дерек бойынша ұрып-соғу фактісімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

    Қазіргі таңда Серік Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады. Ал Дәурен Есімханов – оның орынбасары әрі белсенді спортшы.

  • Павлодар облысында жанармай құю бекетінде бензин таситын көлік өртенді: зардап шеккен адам бар

    Павлодар облысында жанармай құю бекетінде бензин таситын көлік өртенді: зардап шеккен адам бар

    Павлодар облысында бензин таситын көліктің қатысуымен өрт оқиғасы тіркелді. Оқиға Жанаауыл ауылындағы Pegas жанармай құю бекетінің аумағында орын алған, деп хабарлайды Sona.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметке сәйкес, 1969 жылы туған қызметкер күйік жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті көмек көрсетілуде.

    Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері үйлесімді әрекет етіп, өртті қысқа мерзімде толықтай сөндірді. Жалынның таралуына жол берілген жоқ.

    Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын уәкілетті органдар тексеруде.

  • ІІМ әлеуметтік желілердегі алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті

    ІІМ әлеуметтік желілердегі алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті

    Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында таралып жатқан интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы хабарлады. Соңғы кезде «күйеу іздеймін», «жар іздеймін», «байыпты қарым-қатынас қалаймын» деген мазмұндағы жазбалар жиі кездесіп жүр. Ведомствоның мәліметінше, мұндай хабарландырулардың артында алаяқтар тұруы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz.

    ІІМ дерегінше, алаяқтар өздерін тартымды, ашық мінезді адамдар ретінде таныстырып, белсенді сөйлесіп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Біраз уақыттан кейін олар «өмірдегі қиын жағдайға», денсаулығына немесе басқа да ойдан шығарылған себептерге сілтеме жасап, ақша сұрай бастайды.

    Әдетте қаражатты криптокошелёкке немесе үшінші тұлғалардың банктік шоттарына аударуды өтінеді. Бұл кейінгі тергеу жұмыстарын қиындатады.

    Ведомство өкілдері келесі белгілерге назар аударуға кеңес береді: бейнеқоңыраудан және жеке кездесуден бас тарту, ақша аударуды сұрау, сондай-ақ өзге адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді пайдалану.

    Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды интернеттегі бейтаныс адамдарға ақша аудармауға, жеке деректерін бөліспеуге және алаяқтыққа тап болған жағдайда полицияға жүгінуге шақырады.

  • Тоқаев қысқы Олимпиада мен Паралимпиадаға қатысатындарды шығарып салды

    Тоқаев қысқы Олимпиада мен Паралимпиадаға қатысатындарды шығарып салды

    Ел басы спортшыларымызға сәттілік тілеп,  мемлекеттік туды тапсырды.

    “Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі. Жеңіске жету үшін талап пен табандылық керек. Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. Баптарыңыз және бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен келесіздер деп сенемін. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!” — деді мемлекет басшысы.

  • Шавкат Рахмоновтың жұбайы өлімге әкелген жол апаты бойынша күдікті деп танылды

    Шавкат Рахмоновтың жұбайы өлімге әкелген жол апаты бойынша күдікті деп танылды

    Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмонованың өлімге әкелген жол апаты бойынша күдікті деп танылғаны расталды. Бұл туралы ІІМ басшысының орынбасары Санжар Адилов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Криминальный Казахстан-ға сілтеме жасап.

    Бұған дейін Гулайым Рахмонова тергеуде қорғану құқығымен куәгер ретінде қатысып келген. Енді оған күдікті мәртебесі берілген, яғни тергеу оның әрекеттерінде қылмыс белгілерін анықтаған.

    Естеріңізге салсақ, жол апаты 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы–Екатеринбург тас жолында, Жамбыл облысында болған. Toyota Land Cruiser автокөлігін Гулайым Рахмонова басқарған. Көлікте оның кәмелетке толмаған баласы және екі құрбысы болған.

    Апат салдарынан екі жолаушы қаза тапты, ал Гулайым мен оның баласы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

    Тергеудің келесі кезеңдері мен мүмкін болатын жаза шаралары туралы ақпарат әзірге жарияланбайды. Құқық қорғау органдары жағдайды зерттеу аясында мәліметті шектеулі түрде береді.

  • Астанада мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған судья қызметінен босатылды

    Астанада мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған судья қызметінен босатылды

    Қазақстанның Жоғарғы сот кеңесі Астананың азаматтық істер бойынша аралық аудандық сотының судьясы Әсель Досаеваны қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім судьяның мас күйінде көлік жүргізгені туралы іс материалдары негізінде қабылданды, деп хабарлайды Sona.kz Jagdai-ға сілтеме жасап.

    Еске салайық, өткен жылдың қараша айында желіде судьяның мас күйінде көлік жүргізіп, ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Одан кейін іс материалдары Бас прокуратураға жіберілді, ал прокуратура президентке ұсыныс енгізді.

    Кейін судьяға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды. Бұл 786 400 теңге мөлшеріне тең.

    Жоғарғы сот кеңесінің шешімі қолданысқа енгізіліп, іс бойынша қосымша ақпарат заң талаптарына сәйкес жарияланбайды.