Метка: Басты оқиғалар

  • Атырауда ер адамды аса қатігездікпен ұрып-соғып жатқан видео тарады

    Атырауда ер адамды аса қатігездікпен ұрып-соғып жатқан видео тарады

    Әлеуметтік желіде Атырауда ер адамды қатты соққыға жыққан видео тарады. Кадрдан төбелес түнгі бардың дәретханасында басталып, кейін көшеге шығып жалғасқанын көруге болады, деп хабарлайды Sona.kz ZTB.News-ке сілтеме жасап.

    Бейнежазбада екі ер адам бір адамға шабуыл жасайды. Олардың бірі әсіресе қатты ұрып-соғады. Бір сәтте үшінші адам араласып, төбелесті тоқтатуға тырысса да, оған да соққы тиеді.

    Одан кейін төбелес көшеде жалғасып, зардап шеккен адамды тағы да ұрып-соғады. Видео кадрлардан зардап шеккеннің жағдайы ауыр екені байқалады.

    Желіде оқиғаның «Зиллон» түнгі барында болғаны айтылады. Жазбадағы датаға қарағанда, видео 18 қаңтарда түсірілген.

    Аймақтық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрақ жолдап, ресми түсініктеме алынған. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр, нақты деректер тексеріс аяқталғаннан кейін жарияланады.

    Оқырмандардан өтініш: егер сіз осы оқиғаның куәсі болсаңыз немесе қосымша ақпарат, фото/видеоматериалдарыңыз болса, төмендегі контактілерге жіберіңіз.

  • Жаркенттегі соққы көрген баланың әкесі әйелін өзі полицияға тапсырды

    Жаркенттегі соққы көрген баланың әкесі әйелін өзі полицияға тапсырды

    Жаркент қаласында қатты соққыға жығылған баланың әкесі болған оқиға туралы полицияға өзі хабарлап, бейнежазбаны құқық қорғау органдарына тапсырған. Бұл туралы баланың әкесі Таир Курванжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz ктк арнасына сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, ол бұған дейін де баласының денесіндегі көгерген іздерді байқап, ауырсынуға шағымданғанын көрген. Алайда бастапқыда жұбайының «балалар өзара ойнап жүріп жарақат алған» деген түсіндірмесіне сенген.

    Бейнежазбаға түскен оқиға ер адамның дүкенге шығып кеткен сәтінде болған. Әкесінің айтуынша, оның жоқ кезінде әйел адам баласына тағы да қол көтерген. Ол мұндай жағдайлар бұған дейін де болғанын алға тартты.

    Кейін ер адам учаскелік полиция қызметкерін өзі шақырып, жиналған материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырған. Нәтижесінде әйел адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар бес жылдай некеде тұрған, екі баланы тәрбиелеп отыр — жастары 4 және 2-де. Сондай-ақ екі ата-ана да психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны хабарланды.

    Аталған дерек бойынша «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

    Балалар уақытша Талдықорған қаласындағы Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Олармен психологтар мен өзге де мамандар жұмыс істеуде. Оқиға уәкілетті органдардың бақылауында

  • Павлодарда: банк тоналуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды

    Павлодарда: банк тоналуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды

    Павлодар облысының полициясы 2024 жылы болған Halyk Bank бөлімшесінің тонауына қатысты жаңа деректерді жариялады. Қылмыс жасалғанына екі жылға жуық уақыт өтсе де, іске қатысы бар тағы екі адам әлі іздеуде жүр, деп хабарлайды Sona.kz NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға 2024 жылғы 10 қарашадан 11 қарашаға қараған түні Павлодар қаласындағы Естай көшесінде орналасқан тұрғын үйдің бірінші қабатындағы банк бөлімшесінде болған. Белгісіз тұлғалар жертөле жағынан қабырғаны бұзып кіріп, ақша мен құнды заттарды алып кеткен. Таңертең жұмысқа келген банк қызметкерлері ұрлықты анықтап, полицияға хабарлаған.

    Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алғашқы бес күдіктіні анықтауға шамамен екі апта уақыт кеткен. Алайда тергеу жалғасып жатыр. Тағы екі күдіктіге іздеу жарияланған.

    Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, бұл іс бойынша халықаралық өзара іс-қимыл жүргізілуде. Жуырда облыстық полиция қызметкерлері Грузия мен Арменияға іссапармен барып, сол елдерде болуы мүмкін күдіктілерге қатысты қажетті тергеу шараларын өткізген. Аталған мемлекеттер тарапынан жан-жақты құқықтық көмек көрсетілген.

    Жиналған материалдар Ресей Федерациясының прокуратурасына жолданады. Полиция өкілдері істің Ресейге берілуін күдіктілердің барлығы Ресей азаматтары болуымен түсіндірді.  Олар экстрадицияланбайды және Ресей заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

    Аталған қылмыстық іс бойынша шамамен 40 адам жәбірленуші деп танылған, олардың басым бөлігі Павлодар облысының тұрғындары. Тергеу амалдары жалғасуда.

  • Биыл Қонаевта төрт әкімшілік ғимараттың құрылысы басталады

    Биыл Қонаевта төрт әкімшілік ғимараттың құрылысы басталады

    Шаһар басшысының сөзінше, биыл Департаменттер үйі, Оқушылар сарайы, Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарының құрылысы басталады. Тапсырыс беруші – Алматы облыстық құрылыс басқармасы. Барлық нысандар Бас жоспарға сәйкес, Алматы-Өскемен күре жолының бойында салынады. Ал спорт кешенін салу үшін «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі.

    Сонымен қатар ол бірнеше жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан кәріз-тазарту жүйесінің де құрылысы биыл басталуы мүмкін екенін айтты. Бұл ауқымды жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге аспақ. Мұнда тапсырыс беруші – Алматы облысының салалық басқармасы.
    «Құрметті депутаттар, менің ойымша, тек ауызбіршілік арқасында ортақ жұмыстың нәтижесін көреміз. Биылға жоспарларымыз өте көп. Біз өздеріңізден қолдау күтеміз. Алғысымды білдіремін», — деді шаһар басшысы сөзін қорытындылап.

    Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Қызылордада өткен Құрылтай кезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында театр салынатынын айтты.

  • Президент сынына ұшырадық, жағажайларды абаттандыру кезең-кезңімен жүзеге асады – Қонаев әкімі

    Президент сынына ұшырадық, жағажайларды абаттандыру кезең-кезңімен жүзеге асады – Қонаев әкімі

    Қонаев қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Онда Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Жазиевтің есебі тыңдалып, бірқатар мәселелер талқыланып, қала әкімі Асхат Бердіханов депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

    Жергілікті мәслихат депутаты Алмагүл Қамбарова жағажайларды абаттандыру, Шеңгелдідегі сорғы станцияларында шомылу түйткілін көтерді.

    «Сорғы станцияларында шомылуға болмайды. Ол үшін арнайы орындар белгіленген. Сол аумақтарда қауіпсіздікке біз жауап бере алмаймыз. Барлығы жеке меншік қолында. Станцияларды жағажай ретінде қарастыра алмаймыз», — деді шаһар басшысы.

    Асхат Бердіханов жағажайлардағы қауіпсіздік, демалысқа қолайлы жағдай жасау туралы Президенттің айтқан сынын еске алды.

    «Өздеріңізге мәлім, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл, Қапшағай су қоймасы жағалаулары жайында сын айтты. Қазір осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жағажайларды абаттандыру жүзеге асырылады. Оның ішінде «Алматы демалыс аймағы» да бар. Бұл жерге шомылу маусымында 320 мың адам демалуға келген. Мұнда 34 демалыс орны, 1 шақырымнан астам коммуналдық жағажай орналасқан. Коммуналдық жағажайды жалға алып, жыл сайын 37 кәсіпкер қызмет етеді. Биыл осы 1 шақырым аумақты абаттандыру көзделуде», — деді қала әкімі.

    Сонымен қатар ол қауіпсіз туристік маусым құру бойынша да атап өтті.
    «Қауіпсіздік бойынша айтсақ, биыл құтқарушыларды наурыз айынан бастап оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлердің басын қосып, түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізілуде», — деді Асхат Бердіханов.

    Айта кетейік, бұған дейін №6 және №7 жағажайлар абаттандырылатынын жазғанбыз. Қонаевта 10 коммуналдық жағажай орналасқан.

  • Мәжіліс Қырғызстанмен шекарада орналасқан «Кеген» өткізу пунктін тәулік бойы жұмыс істеуге бекітті

    Мәжіліс Қырғызстанмен шекарада орналасқан «Кеген» өткізу пунктін тәулік бойы жұмыс істеуге бекітті

    Мәжіліс Қазақстан Республикасы Парламенті төменгі палатасы Қырғызстанмен шекарадағы «Кеген-автодорожный» өткізу пунктін тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіру туралы протоколды ратификациялады. Бұл туралы Мажилис баспасөз қызметі хабарлады.
    Енді «Кеген-автодорожный» (Қазақстан) — «Каркыра-автодорожный» (Қырғызстан) өткізу пункті тек күндізгі уақытпен ғана емес, 24 сағат бойы қызмет көрсетеді.
    Бұл өзгеріс Қырғызстанмен үкіметтер арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге енгізілген түзетулер негізінде жүзеге асырылады. Протокол 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылған. Ал келісім 2003 жылғы 25 желтоқсанда бекітілген.
    Неліктен маңызды?
    Мажилис мәліметінше, өткізу пунктінің тәулік бойы жұмыс істеуі:
    •Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық ынтымақтастықты нығайтады;
    •тауар айналымының өсуіне ықпал етеді;
    •туризм саласындағы байланыстарды кеңейтеді.
    Шекарадағы жағдай
    Қазақстан-Қырғызстан шекарасында қазіргі таңда 12 өткізу пункті жұмыс істейді:
    •8 көпжақты: Кеген, Карасу, Кордай, Сыпатай батыр, Айша-биби, Сартобе, Аухатты, Чалдовар
    •4 екіжақты: Аксу, Бесагаш, Алатау, Жайыл
    Сонымен қатар шекара халықаралық құқықтық тұрғыдан толық рәсімделген.
    Естеріңізге салсақ, «Кеген-автодорожный» өткізу пунктін тәулік бойы жұмыс істеуге көшіру туралы жоспар туралы алғашқы ақпарат 2022 жылдың маусымында айтылған еді.
  • Шымкентте адам өлтіру және бұзақылық бойынша күдіктілер ұсталды

    Шымкентте адам өлтіру және бұзақылық бойынша күдіктілер ұсталды

    Шымкент қаласында полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен төрт ер адамды ұстады. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Полиция мәліметінше, қазір жедел-іздестіру және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

    Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні болған. Пышақ жарақаттарының салдарынан 40 жастағы ер адам көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен және суық қаруды қолданумен байланысты болған.

    Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Полиция департаментінде күдіктілерді анықтау және ұстау үшін барлық күш пен құралдар жұмылдырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын, сондай-ақ іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде.

    Істің тергелу барысы полицияның бақылауында.

  • Қазақстанда жеке деректердің таратылуына қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін

    Қазақстанда жеке деректердің таратылуына қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін

    Қазақстанда жеке деректердің таратылуына қатысты жауапкершілік күшейтілуі  тіпті қылмыстық деңгейге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы үкімет отырысында цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
    Оның сөзінше, цифрландыру азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі тиіс емес, ал жеке ақпаратты ұқыпсыз сақтау немесе тарату заңмен қатаң жазалануы керек.
    Үкімет қандай шаралар ұсынды?
    Коняшкин ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға қатысты әкімшілік айыппұлды бірнеше есе көбейту жоспарланып отырғанын айтты:
    •айыппұл мөлшері 5 000 АЕК-ке дейін (шамамен 21,6 млн теңге) жеткізілмек;
    •сонымен қатар жеке деректердің ірі көлемдегі ағуына қылмыстық жауапкершілік енгізу қарастырылып отыр.
    Бұл неге маңызды?
    Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстан тұрғындарының 16 миллионнан астам деректері ашық қолжетімді болған. Бұл оқиға «Қазақстан тұрғындары 2024» деген атпен танылып, елдегі ең ірі жеке деректердің таралған оқиғаларының біріне айналды.
    Осы жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызып, жеке деректерді қорғауды мемлекеттің басты басымдығы ету қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
     Бұл бизнес пен мемлекеттік органдарға не береді?
    Егер ұсыныстар заңмен бекітілсе:
    •мемлекеттік органдар мен компаниялар үшін жеке деректерді қорғау талаптары қатаңдайды;
    •ақпараттық қауіпсіздік жүйесі күшейеді;
    •деректер ағуы үшін қылмыстық жауапкершілік қаупі пайда болады.
     Бұрын да болған оқиғалар
    Сонымен қатар Қазақстанда оқушылардың деректерінің ағуы да тіркелген — Kundelik платформасы мектеп оқушыларының деректері ағып кеткені үшін айыппұл төлеген болатын.
  • Қазақстанда жұмыс істеген вебкам-студиялардың ұйымдастырушылары Қырғызстанда ұсталды

    Қазақстанда жұмыс істеген вебкам-студиялардың ұйымдастырушылары Қырғызстанда ұсталды

    Қырғызстанның құқық қорғау органдары Қазақстан аумағына да бағытталған вебкам-студияларды ұйымдастырды деген күдікпен бір топ адамды ұстады.

    Күштік құрылымдардың мәліметінше, күдіктілер Бішкек қаласында бірнеше пәтерді жалға алып, сол жерлерде интернет-платформалар арқылы ашық сипаттағы онлайн-трансляциялар жүргізген. Бұл мақсатта веб-камералар, кәсіби жарықтандыру құрылғылары мен компьютерлік техника пайдаланылған.

    Алдын ала деректерге сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыстар криптовалюта әмияндарына аударылып отырған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаржылық операцияларды жасыру және бақылаудан тыс қалдыру үшін қолданылған.

    Тінту барысында құқық қорғау органдары техникалық жабдықтарды, электрондық ақпарат тасымалдағыштарын және трансляциялар кезінде пайдаланылған арнайы костюмдерді тәркіледі. Іс бойынша Қырғызстан азаматтары ұсталған.

    Қазіргі уақытта тергеу-жедел шаралары жалғасуда. Вебкам-студиялардың қызметіне қатысы бар барлық тұлғалар, сондай-ақ ықтимал халықаралық байланыстар мен табыс көздері анықталып жатыр.

  • Шымкенттегі төбелестің жалғасы: ер адам аудандық аурухана маңында қалдырылғаны көрсетілген видео шықты

    Шымкенттегі төбелестің жалғасы: ер адам аудандық аурухана маңында қалдырылғаны көрсетілген видео шықты

    Желіде жаңа видео жарияланды. Онда жаппай төбелес кезінде зардап шеккен В. Колесниковтың аудандық аурухана маңына қалдырылғаны көрінеді.

    Бұған дейін хабарланғандай, жол-көлік оқиғасынан кейін жанжал төбелеске ұласып, М. Кошкенбаевқа пышақ жарақаты салынған. Ал В. Колесников белгісіз адамдар тарапынан күшпен әкетіліп, ВАЗ-2114 көлігімен Ордабасы ауданына қарай кетіп қалғаны айтылған.

    Енді видео дәлелдегендей, зардап шеккен адамды шынымен де аудандық аурухана маңына жеткізіп, сол жерде тастап кеткен. Кейін оның денесі сол маңнан табылған.

    Қазіргі уақытта тергеу органдары кімнің қатысқаны мен кімнің ауруханаға тастағанын анықтауға тырысуда. Сонымен қатар ВАЗ-2114 автокөлігі іздестірілуде.