Метка: Басты жаңалықтар

  • Актауда әйелге күш көрсеткен ер адам видеоға түсіп қалды

    Актауда әйелге күш көрсеткен ер адам видеоға түсіп қалды

    Әлеуметтік желілерде ер адамның қызды ұрып, кейін жерге сүйреген сәті түсірілген бейнежазба тарады, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 31 тамызға қараған түні Ақтаудың 20-шағынауданы аумағындағы «Кербез» тұрғын үй кешенінің маңында болған. Кадрда ер адамның қызға қол көтеріп, кейін оны жерге сүйрегені байқалады. Көп ұзамай оқиға орнына патрульдік полиция көлігі келіп тоқтаған.

    Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл жағдайды растады. «Полиция келген соң қыз арыз жазудан бас тартты. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

    Қазір бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері мұндай оқиғаларда зардап шеккен тараптың шағымданбауы құқық қорғау органдарының әрекетін шектейтінін атап өтуде.

  • Қарағанды облысында күзетші қызмет барысында әріптесін атып өлтірді

    Қарағанды облысында күзетші қызмет барысында әріптесін атып өлтірді

    Қарағанды облысының Абай ауданы, Топар кентіндегі ГРЭС аумағында қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметтер бойынша, мамандандырылған күзет қызметінің екі қызметкері кезекшілікте тұрған. Белгісіз жағдайларда олардың бірі табельдік қарудан оқ атып, әріптесі сол жерде қаза тапты.

    Оқ атқан күзетші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу және қызметтік тексеріс жүргізілуде.

    ? Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер жарияланбайтынын мәлімдеді.

    Бұған дейін Атырауда болған қақтығыс кезінде 23 жастағы фельдшердің көз жұмғаны хабарланған еді.

  • ️ Таразда төбелес кезінде оқушы қаза тапты

    ️ Таразда төбелес кезінде оқушы қаза тапты

    1 қыркүйекте Тараз қаласында жасөспірімдер арасында жанжал шығып, соның салдарынан бір бала пышақ жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz kriminal_kazakhstan-ның телеграм каналына сілтеме жасап.

    Ақпаратты Жамбыл облыстық полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалды.

    ? Күдікті жасөспірім «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

    Әлеуметтік желілерде тараған деректерге сәйкес, қаза тапқан баланың жасы 14-те болған. Қақтығыс мектеп аумағынан тыс жерде болғаны атап өтіледі.

    Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда да жасөспірімге қатысты шулы жағдай тіркелген еді: ол бейтаныс кішкентай баланы жерге қатты лақтырып, соның салдарынан бүлдіршіннің сүйегі сынған. Бұл дерек бойынша полиция орташа дәрежедегі денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғаған.

  • Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы аталып өтуде

    Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы аталып өтуде

    Бүгін – еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Конституция күні.

    Қазақстанның Негізгі заңы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Сол уақыттан бері бұл күн Тәуелсіздіктің, бірліктің және мемлекеттілікті нығайтудың символына айналды. Конституция елдің демократиялық құрылымын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, билік жүйесін айқындап берді.

    ? 2022 жылы Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізілді: Қазақстан суперпрезиденттік үлгіден күшті Парламенті бар президенттік басқару жүйесіне өтті, жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп бекітілді, азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілді. Сондай-ақ өлім жазасы түбегейлі жойылды.

    ? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны «Тәуелсіздігіміздің берік тұғыры және мемлекеттілікті нығайтудың сенімді бағдары» деп атады. Оның айтуынша, 2022 жылғы конституциялық реформа ел тарихындағы ең мазмұнды өзгерістердің бірі болып, қоғам көптен күткен әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын бекітті.

    ? Биыл мереке демалыс күндеріне сәйкес келіп, қазақстандықтар үш күн қатарынан – 30, 31 тамыз және 1 қыркүйекте демалады. Елдің барлық өңірінде Конституцияның 30 жылдығына арналған концерттер, көрмелер мен мәдени шаралар ұйымдастырылуда.

  • Қорғаныс тапсырысындағы миллиардтық ұрлық: сот нүкте қойды

    Қорғаныс тапсырысындағы миллиардтық ұрлық: сот нүкте қойды

    Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мемлекеттік қорғаныс тапсырысына бөлінген қаржының ұрлануына қатысты резонанстық істі аяқтады, деп хабарлайды Sona.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, 2023 жылы РГП «Қазспецэкспорт» лауазымды тұлғалары мен жеткізуші компания өкілдері 1,6 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған.

    Сот үкімі бойынша РГП бас директоры Рамазанов А.К. 11 жылға, департамент директоры Кудабаев А.Т. 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған тоғыз айыпталушы да түрлі мерзімге сотталды.

    Сонымен қатар, мемлекет пайдасына 1,6 млрд теңге өндірілді, ал сотталушылардың 607 млн теңге тұратын мүлкі тәркіленді.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Ұлттық банк: Балаларға төлем тоқтатылмайды

    Ұлттық банк: Балаларға төлем тоқтатылмайды

    2026 жылы қазақстандық балалар Ұлттық қордан төлем алуды жалғастырады. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    «Қай сарапшылар мұны жоққа шығарып отырғанын білмеймін. Жоқ, жеті айдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк Ұлттық қорды басқара отырып, 4,6 млрд доллар пайда тапты. Доходтылық доллармен 8 пайызды құрады. Инвестициялық табыстан шығын жоқ», — деді ол.

    Сүлейменовтің айтуынша, соңғы үш жыл қатарынан қор активтерін арттыруға мүмкіндік беретін тұрақты инвестициялық табыс тіркеліп отыр.

    Алайда төраға 2026 жылғы нақты төлем мөлшері әзірге белгісіз екенін айтты. Бұл көрсеткіш туу деңгейіне, 18 жасқа толатын балалар санына және өзге де факторларға байланысты болады. Дәл жауап 2026 жылдың қаңтарында белгілі болмақ.

    Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды.

  • «Қол-аяғы жоқ адамға арба бермей қойды: Атыраудағы әділетсіздік»

    «Қол-аяғы жоқ адамға арба бермей қойды: Атыраудағы әділетсіздік»

    «Мүгедектігіне қарамастан: комиссия атыраулыққа арба беруден бас тартты»
    Атырау қаласының 62 жастағы тұрғыны Марат Мұханбетәлиев бір жылдан астам уақыт бойы электрлі арба ала алмай келеді. Ол бірінші топтағы мүгедектігіне және денсаулығының ауыр жағдайына қарамастан, дәрігерлік-еңбек комиссиясы қажетті құралды беруден бас тартқанын айтады, деп хабарлайды Sona.kz «АқЖайық» басылымына сілтеме жасап.

    Марат Мұханбетәлиевтің сөзінше, ол бірнеше айдан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже болмаған. «Жарты жылдан аса уақыт кабинеттен кабинетке жүгіріп жүрмін. Бірде емханаға, бірде басқа жерге жібереді. Еңбек комиссиясы «құқығымыз жоқ» дейді. Құжат дұрыс емес деп айтады, бірақ ол шындыққа жанаспайды», – дейді ол.

    Жуырда оның өтініші өзі қатыспаған комиссия отырысында қаралған. Құжатта ер адамның денсаулығына байланысты келе алмағаны жазылған. Алайда тұрғын мұндай шақыру алмағанын, егер хабарланған жағдайда қатысуға мүмкіндігі болғанын жеткізді. «Менің орныма шешім қабылдап қойған. Ал мен жиналыстың болғанын да білген жоқпын», – деп қынжылды ол.

    Мүгедек жан электрлі арбамен қатар қарапайым күтім құралдарын да ала алмаған. Оның айтуынша, жөргек сияқты қажетті жабдықтарды тек елордадан іздеуге тура келген.

    Редакция сауалына жауап берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты комитет өкілдері мүгедектерді арнаулы техникалық құралдармен қамтамасыз ету тек жеке оңалту бағдарламасы мен МӘС шешіміне сәйкес жүзеге асатынын айтты.

    Ведомствоның мәліметінше, Мұханбетәлиевтің жағдайында электрлі арбаны пайдалануға қарсы көрсетілімдер анықталғандықтан, ол шешім қабылданған.

    Алайда ер адам бұл шешіммен келіспей отыр. «Мен енді кабинет жағалап жүре алмаймын. Қалай дәлелдеймін – қолым мен аяғым жоқ қой. Міне… жоқ. Өздері көрсе болды ғой», – деді ол.

  • Атырауда алаяқтық дауы: адал сатып алынған көліктерді тартып жатыр

    Атырауда алаяқтық дауы: адал сатып алынған көліктерді тартып жатыр

    Атырауда көлік сату кезіндегі алаяқтыққа байланысты ірі дау шықты. Полиция дерегінше, бұл қылмыстық схемаға жүзге жуық адам алданған, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Auto-ға сілтеме жасап.

    Зардап шеккендердің айтуынша, тұрғындар көліктерін автосалонға сату үшін тапсырған, алайда оларды да, ақшаны да қайтарып алмаған. Ал көлікті заңды түрде сатып алғандар да шығынға батты — олардың көліктері қылмыстық істің айғағы ретінде тәркіленіп жатыр.

    Астаналық Дмитрий 12 тамызда Toyota Prado көлігін 14 миллион теңгеге сатып алған. Оның сөзінше, көлік сарапшы арқылы тексерілген, барлық құжат заңды болған. Бірақ 21 тамызда полиция автокөлікті арестке қойған. «Маған құжатты тек телефоннан көрсетті, нөмірлерді алып, көлікті пломбаладылар. Нақты себепті түсіндірмеді», — деді ол.

    Атыраулық Наурызбек те осындай жағдайға тап болды. Ол көлікті тексеріп, есепке қойып үлгерген, алайда араға апта салып, бұрынғы иелері келіп, көліктікі өздерінікі екенін мәлімдеген. Белгілі болғандай, олар бұл көлікті сатуға сол автосалонға өткізген, бірақ ақшасын ала алмаған. Соңында Наурызбектің көлігі айыптұраққа жіберілді.

    Атырау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы аталған факт бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сот шешімімен екі күдікті қамауға алынды. «Бүгінгі таңда полицияға 98 жәбірленуші арызданды. Келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр, жаңа жәбірленушілерді анықтау жұмысы жалғасуда», — делінген ресми мәлімдемеде.

    Бұған дейін көліктерін автосалонға өткізген тұрғындар даусыз қалғандарын айтқан еді. Олар менеджерлердің сөзіне сеніп, көліктерін тапсырғанымен, ақырында темір тұлпарсыз қалған.

    Қазір көліктерді арестке алу жалғасуда. Заңды түрде сатып алған адал иелер де темір тұлпарынан айырылып қалуы мүмкін. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда көлікті қайтарып алу өте қиын, себебі меншік құқығы сот арқылы қаралады.

    Мамандардың пікірінше, бұл жағдай Қазақстандағы қолданыстағы көлік нарығының қаншалықты осал екенін көрсетті. Барлық тексерулерге қарамастан, сатып алушылар алаяқтық схемалардың құрбаны болып отыр, ал мәселені шешудің жалғыз жолы — сот.

  • Шымкентте полицей қызметтік көлігімен әйелді қағып өлтірді

    Шымкентте полицей қызметтік көлігімен әйелді қағып өлтірді

    Шымкентте полиция қызметкерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Құқық қорғау органдарының дерегінше, қайғылы жағдай 28 тамызда Желтоксан көшесінде, Шымкент қалалық полиция департаментінің жанында болған. Әйел адам ағаштардың арасынан жүгіріп шығып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған.

    Соққы салдарынан ол ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

    «Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүргізуші жол жүру ережесін бұзбаған, мас күйде болмаған және жылдамдықты асырмаған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады Шымкент ПД өкілдері.

     

  • «Көшпенділер қалашығы» Қонаев қаласының меншігіне қайтарылды

    «Көшпенділер қалашығы» Қонаев қаласының меншігіне қайтарылды

    Бұған дейін нысанға Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы иелік еткен.

    Қазіргі таңда қалашық ескіріп, кейбір жабдықтары сынып, бастапқы келбетін жоғалтқан. Бірнеше келіссөздер жүргізу нәтижесінде киностудия декорациялық кешенді Қонаев қаласына сыйға тарту шартымен өткізіп берді. Аталған нысанның аумағы 5,8 гектарды құрайды, Іле өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Баланстық құны – 15 402 000 теңге.

    Қалалық Мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің мәліметінше, енді қалашық ТҮКШ бөліміне қарасты болады. Алдағы уақытта бұл аумақты туризм бағытында дамыту көзделіп отыр. Сондай-ақ оны күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеу жасауға бюджеттен қаржы қарастырылады.

    Бүгінде инфрақұрылымды дамыту мақсатында жұмыстар басталған. Қалашыққа апаратын күре жол салынып жатыр. Жолдың ұзындығы – 7 шақырымға жуық. Жоба бойынша қосымша электр желілерін тарту, автотұрақ салу, жол бойын жарықтандыру қарастырылған. Күре жолдың ені – 7 метр, 2 жолақты болады. Құрылысқа 41 адам және 24 техника тартылған. Жол салу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.