Метка: Басты жаңалықтар

  • Ақмола облысында әйел жеті айлық нәрестесімен бірге терезеден құлап кетті

    Ақмола облысында әйел жеті айлық нәрестесімен бірге терезеден құлап кетті

    Степногорск қаласында көпқабатты үйдің жетінші қабатынан әйел мен оның жеті айлық қызы құлап, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, қайғылы жағдай әйел туыстарының пәтерінде болған. Ауыр жарақат алған ана мен сәби дәрігерлер келгенше жан тапсырған.

    Қазір аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

  • Астанада Назарбаев Университетінің жатақханасында тағы бір қыз қайтыс болды

    Астанада Назарбаев Университетінің жатақханасында тағы бір қыз қайтыс болды

    Астанадағы Назарбаев Университетінің жатақханасында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды Sona.kz t.me/kriminal_kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    15 тамыз күні 22 жастағы қала тұрғыны 12-қабаттан құлап кеткен. Полиция мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
    “Қазіргі таңда барлық мән-жай анықталып жатыр. Алдын ала дерекке сәйкес, қыз жатақхананың 12-қабатынан құлап кеткен”, – делінген полиция хабарламасында.

    Еске сала кетейік, маусым айында дәл осы жатақханадан тағы бір студент қыздың мәйіті табылған еді. Ол кезде іс «Өзiн-өзi өлiмге итермелеу» бабымен тергелген болатын.

  • Берденов ісіндегі судьяның әрекетіне тексеріс тағайындалды

    Берденов ісіндегі судьяның әрекетіне тексеріс тағайындалды

    Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісін қарап жатқан төрағалық етуші судья Абинур Карабаевтың әрекетіне қатысты тексеріс басталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Сот процесі барысында судья Карабаевтың журналистке тілін көрсеткен сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тарап кеткен.

    Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі редакция сауалына берген жауабында бұл әрекет мұқият тексерілетінін атап өтті.
    “Абинур Карабаевтың сот отырысы кезіндегі әрекеттері Судьялық әдеп кодексін бұзу-бұзбау тұрғысынан қаралады”, – делінген ресми жауапта.

    Қызметтік тексерістің нәтижелері Судьялық әдеп жөніндегі комиссияға жолданады. Егер судьяның әдепке қайшы әрекеті дәлелденсе, материалдар Жоғары сот кеңесі жанындағы Судьялық жюриге берілмек.

    Айта кетейік, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. 18 тамызда аман қалған шенеунік сотта куәлік берген еді.

  • Таразда балабақша қызметкері бүлдіршінді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

    Таразда балабақша қызметкері бүлдіршінді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

    Әлеуметтік желілерде Тараздағы балабақшалардың бірінде болған оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. Кадрларда балабақша қызметкері балаға көк түсті пакетпен басынан қатты соққы жасағаны көрінеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Соққыдан кейін бүлдіршін басын ұстап шегініп кетеді. Кейінгі сәттерде баланың бас терісі жарылғаны байқалады.

    Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлағандай, жасөспірімді ұрып-соғу дерегіне байланысты ҚР ҚК-нің 140-бабы («Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    «Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде: сараптамалар тағайындалды, куәгерлерден жауап алынуда, болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Тергеудің барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.

    Айта кетейік, бұған дейін Алматыда баланы қылқындырып, соққы жасаған 20 жастағы тәрбиеші төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ Павлодар мен Астанада да балаларға дөрекілік көрсеткен балабақша қызметкерлеріне қатысты істер сотта қаралған еді.

  • Ақтөбеде бейресми делдал алаяқтық жасағаны үшін жазаланды

    Ақтөбеде бейресми делдал алаяқтық жасағаны үшін жазаланды

    Ақтөбеде көлік тіркеуге көмектесемін деп, бірнеше азаматты алдап кеткен ер адам сотталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, ол 2023 жылдың мамыр айында мамандандырылған ХҚКО-да жәбірленушілердің біріне жолыққан. Құжат рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, 665 мың теңге талап еткен. Оның 450 мыңын қолма-қол, қалған 215 мыңын банк қосымшасы арқылы алған. Алайда алған қаражатын жеке мақсатқа жұмсап, уәдесін орындамаған.

    Осы әдіспен ол тағы төрт азаматты алдап, жалпы шығын көлемі 3 миллион 360 мың теңгеге жеткен.

    Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі жәбірленушілердің айғақтары мен ақша аударымдары арқылы дәлелденді. Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

  • Қонаевта 20 тамыздан бастап автобуста қатынау бағасы қымбаттайды

    Қонаевта 20 тамыздан бастап автобуста қатынау бағасы қымбаттайды

    20 тамыздан бастап Қонаев қаласында автобустардағы жолақы өзгермек. Енді қала ішінде бір рет жол жүру құны электронды билет жүйесі немесе мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде – 120 теңге, ал қолма-қол төлегенде 200 теңге болады.

    Тарифтің өсуі тасымалдаушылар шығындарының артуына, автобус паркін жаңартудың қажеттілігіне және қоғамдық көлік қызметінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге байланысты.

    ?Жолақы неге қымбаттады?

    Жанар-жағармай бағасының өсуі

    Соңғы үш жылда бензин мен дизель отыны шамамен 40%-ға қымбаттады. 2023 жылы литрі 200–230 теңге болса, 2024 жылы – 240–270 теңге, ал 2025 жылы баға 290–310 теңгеге дейін жетті.

    Автобустарды күтіп ұстау құнының өсуі

    2023 жылдан бері қосалқы бөлшектер, майлау материалдары, сүзгілер мен жөндеу жұмыстары 30–40%-ға қымбаттады. Сондай-ақ шинаның бағасы да едәуір өсті: егер бұрын бір дөңгелек 106–118 мың теңге тұрса, биыл 136 мың теңгеден асып отыр.

    Бюджетке түсетін жүктемені азайту

    Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар бағыттар республикалық бюджеттен субсидияланады. Жолақының өсуі бюджетке түсетін салмақты азайтып, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    ?Қала маңына қатынайтын бағыттардағы жаңа тарифтер

    • Қонаев – Заречный, Қонаев – Арна: электронды жүйе арқылы – 150 теңге, қолма-қол – 300 теңге.
    • Қонаев – Шеңгелді, Қонаев – Қоскұдық: электронды жүйе арқылы – 200 теңге, қолма-қол – 400 теңге.
    • Қонаев – Сарыбұлақ, Қонаев – Кербұлақ: электронды жүйе арқылы – 200 теңге, қолма-қол – 500 теңге.

  • Қонаевтағы саяжайлар дамуына қолдау көрсетіледі — Мәжіліс депутаты

    Қонаевтағы саяжайлар дамуына қолдау көрсетіледі — Мәжіліс депутаты

    Бүгін Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубаев Қонаев қаласындағы №7 саяжай аумағының тұрғындарымен кездесті.

    «Алтын Алма» тұтынушылар кооперативінің төрайымы Лина Черказьянова «Южная» және «Сиреневая» қарапайым серіктестіктерінің жұмысына шағымданып, ауыз су құбырларының ТҮКШ бөлімінің иелігіне берілуіне наразылық білдірді.

    Тұрғындар мына мәселелерді айтты:
    1. 2022 жылы «Алтын Алма» кооперативінің абоненттері толықтай ауыз судан ажыратылды. Осыдан кейін тұрғындар жиналыс өткізіп, қарапайым серіктестіктер құруға шешім қабылдаған.
    2. Кейін инженерлік желілер (су, электр) қала әкімдігінің балансына берілді. Соның нәтижесінде коммуналдық тарифтер арзандады: бұрын ауыз судың текше метрі 140 теңге болса, қазір — 70 теңге.
    3. Қарапайым серіктестіктер мен кооператив арасындағы сот процестері үш жыл бойы жалғасып, барлық істерде кооперативтің талаптары қанағаттандырылмады.

    Бүгінде екі серіктестікте шамамен 230 абонент бар. Әкімдіктің қолдауымен көше жарығы орнатылып, балалар алаңы салынды, орталық көшелер асфальтталды.

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов саяжайларды газбен қамту, сүзгі станциясын салу және су желілерін жаңғырту жобалары дайын екенін мәлімдеді. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған жағдайда бюджеттен қаржы бөлу қарастырылатынын айтты.

    Наурыз Сайлаубаев басты міндет — инфрақұрылымды дамыту, жарық пен суды үздіксіз жеткізу, жаңа жолдар салу екенін атап өтті:

    «Қаланың Бас жоспарына саяжайларды қала құрамына енгізу мәселесі қарастырылған. Дегенмен, әр кооператив немесе серіктестік қала құрамына ену немесе енбеу жөнінде өз бетінше шешім қабылдауға құқылы», — деді депутат.

    Сонымен қатар, ол Мәжілісте саяжайларды дамытуға қатысты жаңа заң жобасы қаралып жатқанын, оған түзетулер мен ұсыныстар қабылданып жатқанын айтты.

  • Мәжіліс депутаты күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектепке барды

    Мәжіліс депутаты күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектепке барды

    Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай Қонаев қаласындағы №4 мектепке барып, жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

    Нысанды тапсыру мерзімдері бұзылған, бұл жаңа оқу жылының басталуына тікелей қауіп төндіреді. Ол кездесуде мердігерді осы мәселеге қатысты сынға алды. Депутат құрылыстың тез арада аяқталуы қажет екенін атап өтті.

    «Білім беруде салғырттыққа жол жоқ. Әрбір кешіккен күн — балаларымыз үшін жіберілген мүмкіндік. Жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс», – деді ол.

  • Алматыда “Sim-box” жабдығын пайдаланған 18 жастағы ресейлік ұсталды

    Алматыда “Sim-box” жабдығын пайдаланған 18 жастағы ресейлік ұсталды

    Алматыда алаяқтар қолданатын “Sim-box” жабдығы тәркіленді. Құқық қорғаушылар 18 жастағы Ресей азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметінше, жабдық Бәйтереков көшесіндегі пәтерден табылған. Тінту кезінде “Sim-box”, қазақстандық байланыс операторларының 300-ден астам SIM-картасы және өзге де техникалық құралдар алынды.

    “Sim-box” құрылғылары телефон нөмірлерін ауыстыру, жаппай қоңырау шалу және хабарлама тарату үшін қылмыстық мақсатта қолданылады.

    Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 213-бабы (“Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

    Бас прокуратураның дерегінше, биыл Алматыда осындай жеті іс сотқа жолданып, төртеуінде үкім шыққан.

    Құқық қорғаушылар азаматтарды банк картасы деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

  • Шымкентте әкім орынбасарына жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысы жалғасуда

    Шымкентте әкім орынбасарына жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысы жалғасуда

    Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қорғаушы тарап бірқатар өтінішхат білдірді. Атап айтқанда, олар оқиға орнын қарау хаттамасын және екі куәгердің айғақтарын дәлелдер қатарынан алып тастауды сұрады. Айтуларынша, криминалист белгілерді ресми қарау басталмай тұрып қойған. Сот өтінішті қарауға қабылдады, алайда құқықтық баға үкім шығару кезінде берілетінін айтты.

    Сондай-ақ, қорғаушылар екі сарапшының қорытындысын алып тастауды талап етті, себебі олардың пікірінше, сараптамаға жіберілген гильзалар қорытындыдағы деректермен сәйкес келмейді. Айыпталушының әкесі тергеуші сараптамаға тек көйлек пен аяқ киім тапсырғанын, ал оқ-дәрілер берілмегенін жеткізді. Ол сонымен қатар, екі папка медициналық тарихты сұрату жөнінде өтініш жасады.

    Прокурор Бауыржан Қараманов өтініштерді қанағаттандырмауды сұрап, оқиға орнын қарау қылмыстық іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.

    Сотта қылмыс жасалғаннан кейін шамамен 21:10-да белгілердің қойылған сәті бейнетаспа арқылы көрсетілді. Бұдан бөлек, Берденовке жасалған қастандық сәті түсірілген бейне және тәркіленген айғақтар ұсынылды.

    Еске салайық, оқиға 21 сәуірде қалалық әкімдік ғимараты маңында болған. Жәбірленушінің мүддесін Жеңіс Тыныбек қорғап отыр. Оның айтуынша, денсаулығы түзелген соң Руслан Берденов сотта жеке өзі куәлік бермек.

    Отырыста жаңа куәгерлер — құрылыс басқармасының бас маманы, әкім орынбасарының көмекшісі, бұрынғы сәулет және қала құрылысы басқармасының инспекторы және айыпталушының досы тыңдалды. Куәгерлердің бірі айыпталушы мылтықты қайда және қалай тексергенін айтып берді.

    Айыпталушы, оның әкесі және куәгерлердің ешқайсысы сот залында фото және бейнетүсірілімге келісім бермеді.

    Қазір іс бойынша Қаратау аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Рауан Жеңісбек жауап беруде. Келесі отырыстарда қалған куәгерлердің сөзі тыңдалып, жазбаша айғақтар зерттелуі күтілуде.