Метка: Басты жаңалықтар

  • ББҚ-ларға бақылау күшейді

    ББҚ-ларға бақылау күшейді

    Қазақстанда биоқоспаларға (ББҚ) бақылау күшейтілді. Енді олар міндетті түрде тіркеліп, құрамындағы заттар арнайы тексерістен өтеді. Улы өсімдіктер мен қауіпті қоспаларға тыйым салынған.

    2025 жылдан бастап ББҚ-лар арнайы сәйкестендіру таңбасымен белгіленеді. Бұл өнімнің қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.

    Дәрігер кеңесінсіз қолданбаңыз. ББҚ-ды тек дәріханалар мен мамандандырылған дүкендерден алыңыз. Қаптамада нақты ақпарат болсын: құрамы, сақтау шарттары, қолдану тәсілі мен жарамдылық мерзімі.

  • Балаларға қорлық көрсеткен патроннаттық отбасы сот алдында

    Балаларға қорлық көрсеткен патроннаттық отбасы сот алдында

    Қарағандыда патронаттық отбасыға қатысты ауыр қылмыстық іс қаралуда. Алты баланы қамқорлығына алған ерлі-зайыпты мен олардың қызы балаларды жүйелі түрде ұрып-соғып, аш қалдырып, тіпті жануарлардың нәжісін тамаққа қосқан. Тергеу мәліметінше, балалар түнде иттің үйшігінде ұйықтауға мәжбүр болған, бір бала есінен танып, ми жарақатын алған.

    Мемлекеттен балаларды күтуге бөлінген 6 млн теңгеден астам қаржы лотерея мен бәс тігуге жұмсалған. Сот процесі ашық түрде өтуде. Жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдері қатысып жатыр. Іс бойынша үкім әлі шыққан жоқ.

  • Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімі жауапқа тартылмақ

    Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімі жауапқа тартылмақ

    Облыстық полиция департаменті мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған фотосуретке байланысты тексеру жүргізілген.

    Ақтөбе облысында қызғалдақпен фотоға түскен Мұғалжар ауданына қарасты Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

    Бұл оқиғаға байланысты оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша хаттама толтырылды.

    Тексеру барысында әкімнің гүлдерді кәмелетке толмаған балалары жұлғанын айтқаны анықталған. Осыған орай, балаларының әрекетіне қатысты жауапкершілік анасына жүктеліп отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, әкім 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

    Сонымен қатар, бұл жағдай мемлекеттік қызметкердің этикалық нормаларды бұзуы ретінде қаралып, мәселе Әдеп жөніндегі кеңесте талқылануы ықтимал. Аудан әкімдігіне тиісті ұсыныс жолданған.

    Еске салайық, ауыл әкімі Ләззат Бердібаеваның қолында гүл ұстап түскен суреті әлеуметтік желіде кең таралып, қызу талқыға түскен еді.

  • 7 мың ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартты

    7 мың ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартты

    Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева мәлімдеді.

    Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде, әлемнің көптеген елдері сияқты, қызылша мен көкжөтел аурулары көбейіп келеді. Бұл жағдай, әсіресе, жоспарлы екпе алмаған балалар арасында жиі тіркелуде.

    – Қызылша жұқтырғандардың 75 пайыздан астамы, көкжөтелге шалдыққандардың 87 пайызы – вакцина салдырмағандар. Бұл деректер иммундаудың инфекцияның алдын алудағы маңызын айқын көрсетіп отыр. Дегенмен, вакциналаудан бас тартушылардың саны өсуде. Жыл басынан бері 7 мың ата-ана екпеден бас тартқан, – деді Нұршай Әзімбаева.

    Маманның сөзінше, мұндай үрдіс елдегі эпидемиологиялық ахуалға, әсіресе, қызылша мен көкжөтел бойынша, тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан иммундаудың маңыздылығын түсіндіру шаралары жалғасын табуы тиіс.

  • Ақтөбеде жалған емші 90 адамды алдап, 400 млн теңгеден астам несие рәсімдеген

    Ақтөбеде жалған емші 90 адамды алдап, 400 млн теңгеден астам несие рәсімдеген

    Ақтөбе қалалық сотында жалған емші Сұлушаш Қазыбаеваға қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған 2018 жылдан 2024 жылға дейін 90 адамды алдап, 406 млн теңгеден астам шығын келтірді деген айып тағылған.

    Айыптау мәліметінше, Қазыбаева өзін шығыс медицинасының магистрі деп таныстырып, үйінде арнайы бөлмеде қабылдау жүргізген. Ол клиенттерін сендіріп, оларды түрлі банктерден несие алуға көндірген. Ақшаны мешіт салуға және қызының шетелде емделуіне жұмсайтынын айтып, екі ай ішінде қайтаруға уәде берген.

    Зардап шеккендердің бірі Гүлбану Науанова:
    — Қызымыздың емі үшін жүгіндік. Мен 2,5 млн, күйеуім 2 млн теңге несие рәсімдеді. Жарты жыл емделдік, нәтиже болмады. Қазір күйеуім қарызды жауып жатыр, – дейді.

    Сот ашық түрде өтуде.

  • Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендер 200-ден асты

    Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендер 200-ден асты

    Жер сілкінген кезде дүрбелеңнен көптеген адам биіктен секірген. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, барлығына медициналық көмек көрсетілді. Түркияның денсаулық сақтау министрлігі құрбандар туралы мәліметті әлі айтпады.

    Жер сілкінісінің ошағы Мәрмәр теңізінде, Ыстанбұлдан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісі 13 секундқа созылды және онымен бірге 100-ден астам жерасты дүмпумен болды, олардың ең күштісі 5,9 балды құрады. Жерасты дүмпулері бірнеше провинцияда, соның ішінде Измирде де сезілді.

    Ыстанбұл тұрғындары жерасты дүмпулерінің қайталануынан қорқып, көшеге шықты. Үйде отырғысы келмейтіндер үшін билік спорт залдары мен мешіттер ашты. Ондаған ғимарат зақымданды, бірақ ескі және бұрыннан қараусыз қалған бір ғимарат қана құлады.

    Шенеуніктер Түркияның сейсмикалық белсенді аймақ екенін және 2030 жылға қарай Ыстанбұл аймағында күшті жер сілкінісі болу ықтималдығы 64%-ға бағаланатынын еске салып отыр.

  • Жұмыс орнында сексуалдық қысым көрсеткендер жазаланады

    Жұмыс орнында сексуалдық қысым көрсеткендер жазаланады

    Қазақстанда еңбек кодексіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс барысында сексуалдық қысым көрсеткендерге жаза тағайындауды ұсынды.

    Ведомствоның мәліметінше, бүгінде заңда мұндай әрекеттерге қатысты нақты түсініктеме мен шағым беру тәртібі жоқ. Жаңа заң жобасы жұмыс орнында қауіпсіз орта қалыптастырып, қызметкерлердің құқығын қорғауға бағытталған.

    Құжат 15 мамырға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

  • Мұрат Әбділда қайтадан түрмеге қамауға алынды

    Мұрат Әбділда қайтадан түрмеге қамауға алынды

    Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан қаласының ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған Мұрат Әбділдаға қатысты ұсыным қаралды.

    Ұсынымда Сауран аудандық полиция бөлімі блогердің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған.

    Сотталған Мұрат Әбділда 2024 жылы соттың қаулысы негізінде қылмыстық кодекстің 72-бабына сай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген 2 жыл 11 күнін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, Түркістан облысының полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған.

    Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, Мұрат Әбділда 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған.

    Мұрат Әбділданың кінәсі туыстарының берген түсініктемелерімен, тиісті актілермен және куәлердің жауаптарымен толық дәлелденген. Мұрат Әбділда өз кінәсін ішінара мойындап, соттан өзіне тағы бір мүмкіндік беруді сұраған.

    24 сәуірде сот қаулысымен:

    Түркістан облысының Полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылып.

    Мұрат Әбділданың мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды.

    Мұрат Әбділда сот залында қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

    Еске салсақ, ол 2022 жылы ҚР ҚК 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған еді.

  • Атырауда салынып жатқан үйден өрт шықты: зардап шеккендер жоқ

    Атырауда салынып жатқан үйден өрт шықты: зардап шеккендер жоқ

    Атырау қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабаттарынан өрт шықты. 112 пультіне хабар таңертең түскен.

    Өрт 13 пен 14-қабатты қамтып, 450 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды уақытында оқшаулап, оның басқа бөлмелерге таралуына жол бермеді.

    Зардап шеккендер жоқ.

  • Мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеу тиіс – Президент

    Мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеу тиіс – Президент

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда. 

    Президент тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланатынын айтты.

    «Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады.

    Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз.

    Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады», – деді президент.