Метка: Басты жаңалықтар

  • Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, салық жүйесін оңтайландыру, салықтар мен алымдар санын азайту, берілетін жеңілдіктерді қысқарту жоспарланып отыр.

    ҚҚС: жаңа шек және мөлшерлеме

    Атап айтқанда, Үкімет қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті табыс мөлшерін жылына 40 миллион теңге деңгейінде белгілеуді ұсынуда.
    ҚҚС мөлшерлемесі – 16% болады деп көзделген.

    Сән-салтанат салығы енгізілмек

    Бұдан бөлек, жеке тауар санаттарына жоғары мөлшердегі салық салу, яғни «люкс салығы» енгізу ұсынылуда.

    Салалық салық мөлшерлемелері

    Жекелеген салалар үшін салық мөлшерлемелері төмендегідей болады:

    • Банктер үшін – 25%
    • Құмар ойындар саласы үшін – 25%
    • Әлеуметтік бағыттағы мекемелер үшін – 10%
    • Өңдеу өнеркәсібі үшін – 10%
    • Ауыл шаруашылығы үшін – 3%

    Негізгі салық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады.

    Арнайы салық режимдері қысқарады

    Қолданыстағы арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылмақ:

    1. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар үшін
    2. Жеңілдетілген есептілік негізінде жұмыс істейтіндер үшін
    3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін

    Жеке тұлғаларға арналған жеңілдіктер

    Азаматтар үшін де бірқатар өзгерістер ұсынылуда. Атап айтқанда:

    • Зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды (ЖТС-тан босатылады)
    • Жалақыдан 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде тұрақты салықтық шегерім енгізу жоспарланып отыр. Бұл шегерім республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін АЕК-ке негізделеді.
  • Энергетикалық сусындар қымбаттайды

    Энергетикалық сусындар қымбаттайды

    Қазақстанда алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз салу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

    Жаңа Салық кодексінің жобасына осындай норма енген.

    «Зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады», – деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

    Айта кетері, қазір елімізде 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған.

     

  • Елімізде үш айда пәтер ұрлығы үшін 25 қылмыстық топ ұсталды

    Елімізде үш айда пәтер ұрлығы үшін 25 қылмыстық топ ұсталды

    Пәтер ұрлығы – бұл мүлікті ұрлау мақсатында тұрғын үйге заңсыз кірумен байланысты қылмыс түрі. Ол кілт таңдау, есіктерді бұзу, терезе немесе балкон арқылы кіру сияқты әртүрлі әдістер арқылы жасалуы мүмкін. ІІМ пәтер ұрлығын азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Соңғы бес жылда оның саны 14 мыңнан 6 мың дерекке дейін, яғни екі жарым еседей азайды. Жыл басынан бері пәтер ұрлығының тіркелуі 30%-ға төмендеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

    Айлакер ұрылардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу бойынша шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.

    – Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Топ құрамында үш адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша шығын 10 млн теңге, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

    Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 2025 жылдың үш айында ел бойынша пәтер ұрлығын жасағаны үшін 25 қылмыстық топ ұсталды.

    Ұрлыққа жол бермеу үшін ІІМ қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шараларын ұсынады: есікке сапалы құлып, терезелерге торлар орнатып, дабыл жүйесі мен бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін қолдануға болады.

    Әлеуметтік желілерде қолда бар ақша жинақтары мен зергерлік бұйымдар, материалдық құндылықтар және оларды сақтау орындары туралы ақпаратты жарияламаған абзал.

  • Енді жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі қиындайды

    Енді жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі қиындайды

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінде ҚҚС-тің төменгі шегі бұрын ұсынылғандай 15 млн теңге емес, 40 млн теңге болатынын, осының салдарынан 160 мың кәсіпкер ҚҚС төлеуден құтылатынын айтты.

    Министрдің сөзінше, бұл шешім бизнес субъектілері бұдан әрі ұқсақтала алмайтындай жүйені қажет етеді.

    «Біз енді жеке кәсіпкерлік құрылымды құруды түрлі жолмен қатаңдатамыз. Бұған дейін салық тәртібін бұзған, жұмыс істемейтін қосымша жеке кәсіпкерлігі бар адамдарға жаңа жеке кәсіп құрылымын ашу қиын болады», – деді ол.

  • Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды

    Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды

    Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Qaznews24 сатиралық арнасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды. Ол сот процесіне тергеу изоляторынан қатысып жатыр.

    Тергеу нұсқасы бойынша, блогер ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша «адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасады» деп айыпталуда. Ол 2024 жылдың 18 қаңтарынан бастап қамауда отыр. Алғашында іс Алмалы аудандық сотында қаралған. Алайда мемлекеттік айыптаушының өтініші негізінде іс Наурызбай аудандық сотына ауыстырылды. Айыптаушы тараптың айтуынша, қылмыстық құқықбұзушылық Еңсебектің тіркеуде тұрған мекенжайында, яғни Наурызбай ауданында жасалған.

    Блогердің қорғаушысы, адвокат Жанар Балғабаева сотта бірқатар өтініштерді мәлімдеуді жоспарлап отыр:

    • Бұлтартпау шарасын өзгерту,
    • Қылмыстық істі тоқтату,
    • Сот отырысын офлайн форматта, Еңсебектің тікелей қатысуымен өткізу.

    Темірлан Еңсебекке қатысты іс бір ғана эпизодтан тұрады. Ол – 2024 жылдың 21 қаңтарында Qaznews24 сатиралық арнасында және Instagram парақшасында жарияланған жазба. Онда «Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатаң жауап жолдады» деген сипаттағы жазба жарияланған. Жазбамен бірге авторы белгісіз музыкалық композиция берілген. Ән мәтінінде ұлтаралық сипаттағы анайы, балағат сөздер кездеседі, атап айтқанда – орыс ұлты өкілдеріне бағытталған өте ауыр әрі қорлайтын сөздер бар.

    Айта кету керек, Наурызбай аудандық сотының ғимаратына келген «Oyan Qazaqstan» қозғалысының белсенділері Темірлан Еңсебектің сот ісін ашық әрі әділ өткізуді талап етті. Олар сот залына кіре алмады, ал процестің онлайн-трансляциясы мүлде жүргізілмей жатыр. Осыған наразы болған азаматтар соттың ашық өтуін талап етіп, ұрандатуға көшті.

    Баспасөз өкілдері мен белсенділердің қасына аудан әкімдігінен бір өкіл шығып, бұл әрекетті «рұқсат етілмеген жиын» деп бағалап, оның салдары болатынын ескертті. Қазір оқиға орнына полиция келуі мүмкін.

  • Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаев қаласында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пәтер кілттері табысталды. Тұрғындарды қоныс тойымен құттықтаған қала әкімі Асхат Бердіханов:

    «Қонаев қаласында тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Онымен қоса, халықты баспанамен қамту мәселесіне де аса ден қойылуда. Былтырдан бері 165 отбасыға пәтер кілттері табысталса, бүгін 28 отбасы қуанышқа кенелейін деп отыр. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, біртуар азаматтарымыздың 90-100 жылдығы тойланып, Жұмысшы мамандықтар жылына орай бірқатар іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы атаулы күндермен қатар сіздер де көптен күткен пәтерге ие болдыңыздар. Шаңырақтарыңыздың іргетасы мықты, керегесі кең болсын! Ішінде тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!», – деді.

    Қуаныш иелерінің атынан Ғалия Момбекова сөз алып, жиналған жұртқа ақжарма тілегін арнады.

    «Біз секілді жанұяларға қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс әкімі мен қала әкіміне алғысым шексіз! Бұл күнді өте ұзақ күттік! Іштей толқып, кеудемді керемет сезімдер билеуде! Әр жанұяға биылдан қалмай, үйлі болуын тілеймін! Той тойға ұлассын!», – деді ол.

    Айта кетейік, бұл пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға беріледі. Жалға алу құны барша азаматқа қолжетімді.

  • Үйдің жанындағы дүкендер мен шаштараздар ҚҚС төлемейтін болды

    Үйдің жанындағы дүкендер мен шаштараздар ҚҚС төлемейтін болды

    Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді таныстырған премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үй жанындағы дүкендер мен шаштараздар қосылған құн салығын төлемейтінін мәлімдеді.

    Оның айтуынша, енді орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеу алынып тасталады. Мөлшерлеме – 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін.

    «Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары. Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим аясында ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауарды немесе қызметті «арнаулы режимшіден» сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ. Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейді. Осылайша, «үй жанындағы» дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді және қосылған құн салығын төлеуші болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ», – деді Жұманғарин Мәжіліс отырысында.

  • Үкімет салықтарға қатысты өзінің ұстанымын айтты

    Үкімет салықтарға қатысты өзінің ұстанымын айтты

    Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

    Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің жобасының негізгі тұстарына тоқталды.

    «Біз салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз. 12 салықтың орнына 11 болады. 10 төлемнің 2-ін алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

    Сонымен қатар Үкімет алымдардың 6 түрін қысқаруды ұсынып отыр. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталмақ.

    «Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады.  Біз салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз.

    Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңге 453 норма жеңілдік деп танылды. Бүгінгі таңда сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр», – деді Серік Жұманғарин.

    Ұлттық экономика министрі бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрылып жатқанын баса айтты.

  • Полицей 59 жылдан кейін ресейлік әйелге анасын табуға көмектесті

    Полицей 59 жылдан кейін ресейлік әйелге анасын табуға көмектесті

    Әйел наурыз айында полицияға хабарласып, анасын табуға көмек сұраған. Сарманов толық тексеру жүргізіп, туысын тауып, әйелді Қазақстанға шақыртты. Әйел Қазақстандық полицияның кәсібилігі мен ұқыптылығына таңданып, үлкен алғысын білдірді. Полиция қызметкері бұл міндетін орындап, тек кәсіби жұмысы екенін айтты.

  • Жамбылда 34 келі гашиш тасығандар ұсталды

    Жамбылда 34 келі гашиш тасығандар ұсталды

    ІІМ “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында Жамбыл облысында ірі есірткі тасымалын әшкереледі. Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолында тоқтатылған көліктен 34 келі гашиш табылды. Қызметтік иттің көмегімен көліктің есік жақтаулары мен багажынан 35 орам табылған. Көлікте екі азамат болған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.