Метка: Басты жаңалықтар

  • Зорлық көрген 15 жастағы қызды тұрмысқа берген: полиция қылмыстық іс қозғады

    Зорлық көрген 15 жастағы қызды тұрмысқа берген: полиция қылмыстық іс қозғады

    1. Қарағанды облысының полиция департаменті 15 жастағы қызға қатысты жасалған қылмыс бойынша іс қозғалды.

    Кәмелетке толмай тұрмысқа күштеп берілген және зорлық-зомбылық көрген қыз баланың басындағы тауқыметті Немолчи қоры жария етті. Қордың таратқан ақпаратына сүйенсек, өгей әке 15 жасар қызын 38 жастағы танысына тұрмысқа берген. Ал ол қызға бес күн бойы зорлық көрсеткен.

    «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың айтуынша, бұл жаға ұстатарлық жағдай Қарағанды облысының Абай қаласында болған.

     Қыздың ағасы бізге хабарласты. Бес күн көрген қорлықтан кейін қыз қашып шығып, туған әкесіне келген. Әкесінің жүрегі ауырады. ОЛар бірден арыз жазды. Әдеттегідей өтінішті қабылдамай, сараптамаға жібермей уақытты созған. Іске біз араласқаннан кейін ювеналды полиция қызды Қарағандыға медициналық тексеруге жіберді. Бірақ бірге барған тергеуші құжатты дұрыс ресімдемей, тексеруден өте алмай қайтты. – деп жазды “Не молчи” басшысы.

    Смаилованың айтуынша, біреулер әкесінің үйін торуылдап, қорқытуға тырысқан көрінеді.

    Полиция бұл қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрі анықталып, жауап алынғанын айтты.

    Осы қылмысқа қатысы бар барлық адам анықталып, олардан жауап алынды. Тергеу аясында болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Кылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына, сондай-ақ тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деді Қарағанды облысы ПД-ның баспасөз қызметі

  • Аида Әбікеева – әлем чемпионы

    Аида Әбікеева – әлем чемпионы

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бес бірдей боксшымыздың финалға шыққанын бұған дейін хабарлағанбыз. 63 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева ақтық санда тай боксшысы Танания Сомнуекні жеңіп, әлем чемпионы атанды.

    Естеріңізге салып өтейік, кешегі күн жүлдеге толы болды. Бұған дейін 48 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанса, 50 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова алтын медаль жеңіп алды.

  • Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

    Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Назым Қызайбай жеңімпаз атанды. Қазақстандық боксшы 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік Юлия Чумгалаковадан үш раунд бойы айласын асырды, деп хабарлады olympic.kz.

    Төрешілер жеңісті бірауыздан Назымға берді – 5:0.

    Осылайша, Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, тарихқа енді. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай табысқа жеткен емес.

    Бұдан бұрын Назым әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады.

    «Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

    Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.

  • Ақмола облысының әкімі: «Көкшетау – Аристон қаласы» деп кеткенбіз

    Ақмола облысының әкімі: «Көкшетау – Аристон қаласы» деп кеткенбіз

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналист Ерболат Мұхамеджанның Jibek Joly телеарнасындағы авторлық УӘДЕ жобасына қатысып, Ақмола облысындағы бірқатар мәселелер туралы сұрақтарға жауап берді.

    Әкімнің айтуынша Көкшетауда жылу электр орталығының (ЖЭС) құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

    «Бұл жұмыс басталды. Біздің тарапымыздан жер беру мәселесін, дайындық мәселесін біз бастап кеттік. Енді осы жазда құрылысы басталады деп тосудамыз. Көкшетауда тек жылуға емес, электр қуатына да тапшылық бар. Көкшетау қаласы жылу электр станциясы жоқ Қазақстандағы жалғыз облыс орталығы болуы мүмкін. ЖЭС жоқ. Ыстық су құбырмен бармайды», – деді облыс әкімі.

    Аймақ басшысының айтуынша, ЖЭС құрылысы толық аяқталғаннан кейін ғана қала тұрғындарына ыстық су беріледі:

    «Көкшетау – «Аристон қаласы» деп кеткенбіз. Қазір халық амалсыздан «Аристонды» пайдаланып отыр. Ал сарапшылардың айтуынша, бұл екі есе энергия шығынын талап етеді. Көкшетауда ыстық су тек ЖЭС салынғаннан кейін ғана болады. ЖЭС-ті салу құрылысына министрлік жауапты. Біз әкімшілік ретінде инфрақұрылымды, ыстық су беретін құбырларды дайындауымыз қажет», – деді Марат Ахметжанов.

  • Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасы салынуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осындай ұсыныс тастады.

    Оның айтуынша, қазақстандықтар референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді.

    «Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деп мәлімдеді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдаған.

    «Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – деді президент.

  • Президент түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

    Президент түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

    Бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды пікір білдірді.

    Президенттің айтуынша, оған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдаған. Адвокат өз хатында әйелдер колониясындағы ахуалды, соның ішінде, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударған екен.

    «Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек», – деді Тоқаев.

  • Президент спорт саласындағы діни радикалдар туралы айтты

    Президент спорт саласындағы діни радикалдар туралы айтты

    Бурабайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда спорт саласындағы діни радикалдар туралы сөз болды.

    «Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ», – деді Тоқаев.

    Президент елімізде дін бостандығына кепілдік берілгенін еске салды.

    «Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», – деп санайды ол.

  • Уақыт белдеуіне қатысты: Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ

    Уақыт белдеуіне қатысты: Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне пікір білдірді.

    «Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ», – деді мемлекет басшысы.

    Мемлекет басшысы қазіргі жүйе мемлекетті басқару ісін жеңілдететінін атап өтті.

    «Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Ұлттық құрылтай: Аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды

    Ұлттық құрылтай: Аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды

    Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды.

    Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Оның айтуынша, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді.

    «Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады», – деді Президент.

  • Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды – Президент

    Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды – Президент

    Үш жылда саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жариялағанын еске салды.

    «Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды», – деді Президент.