Метка: Басты жаңалықтар

  • Жетісу облысында анасы ұлын батареяға байлап, ұрған: сот әйелді емделуге жіберді

    Жетісу облысында анасы ұлын батареяға байлап, ұрған: сот әйелді емделуге жіберді

    Панфилов аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға баланың жуынатын бөлмеге кіріп, суды ашық қалдыруынан кейін болған. Соның салдарынан бөлме суға толып, жанжал туындаған.

    Іс материалдарына сәйкес, әйел ұлын батареяға байлап, оған дене жарақатын салған. Баланы әкесі ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның денесінен түрлі жарақаттар мен гематомалар анықтаған.

    Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, әйел туа біткен ақыл-ой кемістігіне – мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар жеңіл дәрежедегі ақыл-есінің артта қалуына шалдыққан және күтім мен емдеуді қажет етеді.

    Сотта анықталғандай, ол өз іс-әрекетінің мәні мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған, сондай-ақ сот процесіне қатысуға қабілетсіз болған. Бұдан бөлек, мамандар оның өзіне және айналасындағыларға қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсеткен.

    Сот әйелді қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын – психиатриялық стационарда емдеуді қолдану туралы қаулы шығарды.

    Балалар сәбилер үйіне орналастырылды.

    Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

  • Ресейде қазақстандық рэпер Ганвестке қатысты іс қозғалды

    Ресейде қазақстандық рэпер Ганвестке қатысты іс қозғалды

    «Лига безопасного интернета» ұйымының басшысы Екатерина Мизулина жариялаған ақпаратқа сәйкес, Санкт-Петербург полициясы әкімшілік тергеу бастаған. Әңгіме әртістің «ВКонтакте» желісінде жарияланған композициялары туралы болып отыр. Аталған туындылар психологиялық-лингвистикалық сараптамаға жолданған.

    «Санкт-Петербург қаласы бойынша ІІМ Бас басқармасы Ганвест орындаушысына қатысты бірқатар композицияларда есірткі заттарын тұтынуды насихаттау дерегі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ісін қозғады. Әкімшілік тергеу жүргізілуде, материалдар сараптамаға жолданды», — делінген хабарламада.

    Орындаушының шын есімі — Руслан Гоминов. Ол Ақтау қаласының тумасы, 33 жаста. Кең танымалдыққа 2018 жылы «Никотин» трегінің шығуымен ие болды. 2025 жылы ол әлеуметтік желілерде сөйлеу мәнеріндегі «пепе», «шнейне», «фа» секілді сөз оралымдарына байланысты қайтадан көпшіліктің назарын аударды.

    Материал жарияланған сәтте орындаушы тарапынан ресми пікір берілген жоқ.

  • Аққулар өлімі: су сынамасының қорытындысы жарияланды

    Аққулар өлімі: су сынамасының қорытындысы жарияланды

    Бұған дейін жағалаудан құстардың өлекселері табылып, тұрғындар арасында алаңдаушылық туындаған болатын. Осыған байланысты Маңғыстау облысы экологтары теңіз суынан сынама алып, зертханалық талдау жүргізді.

    Зерттеу қорытындысы бойынша су құрамынан ластаушы заттар анықталған жоқ.

  • Қазақстанда құрастырылған көліктер арзандауы мүмкін

    Қазақстанда құрастырылған көліктер арзандауы мүмкін

    Министрдің айтуынша, 2025 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша автокөліктердің жалпы бағасы 105%-ға өскен. Ал Қазақстанда құрастырылған көліктердің бағасы 101%-ды құраған.

    Ведомство басшысы отандық зауыттардағы өндіріс көлемі артқан сайын автокөлік бағасы төмендейтінін атап өтті.

    «Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын баға міндетті түрде төмендейді. Мұны нақты айта аламын. Өзімізде өндірілетін көліктер қытайлық автокөліктер бағасының да төмендеуіне ықпал етеді», – деді Ерсайын Нағаспаев.

    Министрлікте модельдер санының артуы және нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі автокөлік бағасының тұрақтануына әсер етеді деп күтілуде.

  • Павлодарда есірткі тасымалдаған Алматы тұрғыны ұсталды

    Павлодарда есірткі тасымалдаған Алматы тұрғыны ұсталды

    Ер адам өңірге тыйым салынған заттарды сату мақсатында келген.

    Павлодар облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арсен Айғазиннің айтуынша, күдікті интернет-дүкендердің бірінде есірткі тасымалдаушы қызметін атқарғанын және есірткіні жасырын орындарға «закладка» тәсілімен таратуды жоспарлағанын мойындаған.

    Тінту барысында одан синтетикалық текті зат салынған орамалар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат есірткі құралы болып танылған. Сонымен қатар зип-пакеттер, электронды таразы және қаптауға арналған құрал-жабдықтар табылған.

    Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды, қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталуда.

  • Түркістан облысында заңсыз снюс өндірген цехтар әшкереленді

    Түркістан облысында заңсыз снюс өндірген цехтар әшкереленді

    Операцияны Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізді. Ведомство мәліметінше, Келес және Ордабасы аудандары аумағында жұмыс істеген үш жасырын цехтың қызметі әшкереленіп, тоқтатылған.

    Заңсыз өндіріс 500 шаршы метрден астам аумақта ұйымдастырылған. Күн сайын цехтарда шамамен 20 адам жұмыс істеген. Дайын өнім еліміздің түрлі өңірлеріне жүйелі түрде жөнелтіліп отырған.

    Тінту барысында заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын снюс бірлігі, 30 тонна табак, шамамен 2 миллион қаптама, хош иістендіргіштер, улы химиялық қоспалар және арнайы өндірістік жабдықтар тәркіленді.

    Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

  • Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасына құттықтау жеделхатын жолдады

    Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасына құттықтау жеделхатын жолдады

    – Мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделген сан қырлы қарым-қатынасымыздың тың қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады. Осы игі іске Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қазіргідей құбылмалы кезеңде өзара қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейде үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерімізді қорғаудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл бағыттағы Сіздің берік ұстанымыңызды толық құптаймын, – деп жазылған жеделхатта.

    Президент ҚХР Төрағасының жаһандық бастамаларына сәттілік, ал Қытай халқына бақ-береке тіледі.

  • ҰҚК Нұрлан Сабуровтың ЧВК-ны қаржыландыруы мүмкін деген ақпаратты тексеруде

    ҰҚК Нұрлан Сабуровтың ЧВК-ны қаржыландыруы мүмкін деген ақпаратты тексеруде

    Ведомство бұл дерек бойынша тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатқанын растады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

    Бұған дейін адвокат Евгений Пронин Украина Қауіпсіздік қызметі Сабуровқа қатысты материалдық ресурстарды ресейлік қарулы құрылым өкілдеріне беруі мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, әңгіме техника беру туралы болуы ықтимал.

    Талқылауға интернетте тараған бейнежазба түрткі болған. Онда комик жеке әскери компания өкілдеріне бірнеше мотоцикл беруі мүмкін деген болжам айтылады.

    Сондай-ақ бұған дейін Сабуровтың Ресей аумағынан шығарылып, 50 жыл мерзімге елге кіруіне тыйым салынғаны хабарланған еді.

  • Қазақстан – ЕАЭО елдері арасында жанармай бағасының өсуі бойынша көшбасшы

    Қазақстан – ЕАЭО елдері арасында жанармай бағасының өсуі бойынша көшбасшы

    2025 жылғы желтоқсан қорытындысы бойынша республикада автомобиль бензинінің тұтынушылық бағасы 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 15,7%-ға өсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғызстанда өсім 15,1%, Ресейде – 10,8% болса, Арменияда керісінше 0,8%-ға төмендеу тіркелген.

    Ұқсас жағдай дизель отыны бойынша да байқалады. Қазақстанда баға 14,1%-ға артқан, Қырғызстанда – 11,1%, Ресейде – 9,8%. Ал Арменияда 0,9%-ға төмендеу болған.

    Сондай-ақ Қазақстанда бензин өндірушілерінің бағасы 15,4%-ға өскені атап өтілді. Бұл көрсеткіш Ресеймен шамалас, онда да осындай деңгей тіркелген. Ал Қырғызстанда бұл өсім 22,9%-ға жеткен.

    Бұдан бөлек, Қазақстанда электр энергиясын өндірушілер бағасының өсімі 19,6%-ды құрады. Бұл – одақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

    Сонымен қатар, өсім қарқыны жоғары болғанына қарамастан, долларлық есеппен алғанда Қазақстан ЕАЭО елдері ішінде бензин мен дизель отыны ең арзан мемлекет мәртебесін сақтап отыр.

  • Блогерлерден 500 млн теңгеге жуық қаржы өндірілді

    Блогерлерден 500 млн теңгеге жуық қаржы өндірілді

    Бұл туралы «24KZ» телеарнасының эфирінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерқанат Шынберген мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылы 80 мыңға жуық азамат камералдық бақылауға іліккен. Олардың қатарында блогерлер де бар.

    «Олардың саны шамамен 850 адамды құрады. Аталған азаматтардан бюджетке 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді», – деді ол.

    Спикердің сөзінше, бүгінде банктік деректер автоматты түрде талданады. Бұл жарнамадан түскен табысты жеке аударымдар немесе сыйлық ретінде жасыру мүмкіндігін барынша шектейді.

    МКК өкілдері мониторинг тек ақша түсімдерімен шектелмейтінін атап өтті. Бартерлік келісімдер мен жарнама берушілер ұсынған қымбат сыйлықтар да кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылып, салық салуға жатады.

    Еске салсақ, бұған дейін 600-ге жуық блогер 53 млрд теңгеден астам табысын төмендетіп көрсеткені хабарланған болатын. Ол кезде инфлюенсерлерге қосымша салық есептілігін тапсыруға және есептелген сомаларды ерікті түрде төлеуге немесе келіспеген жағдайда түсініктеме беруге 30 күн уақыт берілген еді.