Метка: Басты жаңалықтар

  • Қазақстан-Қытай шекарасы жабылады

    Қазақстан-Қытай шекарасы жабылады

    Қазақстан мен Қытай арасындағы автомобильдік өткізу бекеттері жабылады. Бұл – көрші мемлекетте Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты уақытша шара, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

    Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚХР-да Көктем Мерекесіне байланысты 2025 жылғы 27 қаңтардың сағат 20:00-ден, 2025 жылғы 1 ақпанның  сағат 08:00-ге дейін, Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктерді өткізу жүзеге асырылмайтындығын хабарлайды.

    «Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Тасымалдаушылардан және барлық  шекараны кесіп өтуге ниет білдірушілерді енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген аталған ведомство таратқан ақпаратта.

  • Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Жезқазған-Сәтбаев автожолында ауа райының нашарлауына байланысты 1200-ден астам көлік кептеліп қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    ТЖМ құтқарушылары полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен бірлесіп, автоколоннаны жақын маңдағы елді мекендерге қауіпсіз жеткізуді ұйымдастырды.

    «Операция барысында 24 азаматқа көмек көрсетіліп, 8 көлік эвакуацияланып, сүйреп шығарылды. Барлық жол қозғалысына қатысушылар қауіпсіз орындарға жеткізілді», – делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

    Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларда кезекшілігін жалғастыруда.

  • Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды

    Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті ақпарат таратты. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріседі.

    «Өткен жылы 4 қазанға қараған түні болған кәмелетке толмаған адамды өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Тараптар танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін прокурорға жіберіледі», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

    Өткен жылдың 4-ші қазанында Талғар қаласындағы төбелес кезінде  Шерзат Полат қайтыс болғаны белгілі.  12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғаған.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Жақында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамаған болатын.

    «Біздің жұмысымыздың маңызды кезеңдерінің бірі артта қалды», – деді жәбірленушілердің адвокаттары.

  • Қазақстанның барлық аумағында жел күшейіп, бұрқасын соғады

    Қазақстанның барлық аумағында жел күшейіп, бұрқасын соғады

    Дерекке қарағанда, Скандинавия аудандарынан шыққан циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдер ҚР аумағында қардың түсуіне, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда жауын-шашынның (жаңбыр мен қар түрінде) жаууына өз әсерін тигізеді.

    Республика бойынша желдің күшеюі, бұрқасын, тұман мен көктайғақ күтілуде.

    – Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының солтүстігінде, шығысында, Қарағанды облысының батысында, шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, түнде Павлодар облысының батысында, солтүстігінде, түнде Ұлытау облысының шығысында қалың қар жауады.

    Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз Алматы облысының оңтүстік жартысында, Жетісу облысының Алакөл көлдері ауданында, Түркістан облысының тау асуларында, Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, таулы аудандарында, Павлодар облысының батысында отүстігінде, Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Абай облысының батысында, солтүстігінде, орталығында, түнде Ұлытау облысының шығысында, оңтүстігінде желдің күшеюі күтіледі, күші 30 м/с және одан да жоғары, – деп жазды синоптиктер.

  • Қолайсыз ауа райына байланысты төрт облыста жол жабылды

    Қолайсыз ауа райына байланысты төрт облыста жол жабылды

    «ҚазАвтоЖол «ҰК»АҚ деректері бойынша, ауа райының нашарлауына байланысты еліміздің төрт облысында жол  жабылды.

    Республикалық маңызы бар автожолдардың 8 учаскесінде көлік қозғалысы шектелді:

    • «Астана-Ерейментау-Шідерті» 16-200 шақырым, «Астана-Петропавл» 18-232 шақырым, «Екатеринбург-Алматы» 1 291-1 353 шақырым, «Астана-Қабанбай-Нұра-Теміртау» 35-51 шақырым, (Ақмола облысы).
    • «Үшарал-Достық-ҚХР шекарасы» 84-164 шақырым, (Жетісу облысы).
    • «Екатеринбург-Алматы» 1 353-1 426 шақырым, «Екатеринбург-Алматы» 1 505-1 584 шақырым, (Қарағанды облысы).
    • «Астана-Ерейментау-Шідерті» 200-254 шақырым, (Павлодар облысы) учаскесінде автокөлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабық.

    ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Дауылды ескерту жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар.

  • Астанада 19 жастағы жігіт атыс клубында суицид жасады

    Астанада 19 жастағы жігіт атыс клубында суицид жасады

    Жас жігіттің өзін атып тастағаны жайлы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде пайда болды. Атыс клубында тұрақты клиенттердің бірі болған жігіт tanfoglio limited custom маркалы тапаншамен жаттығып жүрген. Ол бірнеше рет нысанаға оқ жаудырып, кейін кенеттен қаруын басына бағыттап, өзін-өзі атып тастаған. Полиция бұл деректі растап отыр.

    «Елорданың 19 жастағы тұрғынының мәйітін табу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады елордалық полиция департаменті.

  • Сарыөзектегі сарбаз өлімі: Қорғаныс министрлігі қызметтік тексерістің қорытындысын жариялады

    Сарыөзектегі сарбаз өлімі: Қорғаныс министрлігі қызметтік тексерістің қорытындысын жариялады

    Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев қатардағы сарбаз Дастан Құрманбектің өліміне қатысты қызметтік тергеу жайлы айтты.

    14 қаңтарда Сарыөзек горнизонындағы (Жетісу облысы) 12/740 әскери бөлімінде Отан алдында борышын өтеп жүрген Дастан Құрманбек жүрегіне оқ атып, көз жұмған еді.

    Мереке Көшекбаев бұл дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізілгенін айтты.

    «Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Қызметтік тексеріс бойынша алдын ала болжам жасадық. Сарбаздың өліміне әскери бөлімшенің кемшілігі себеп болуы мүмкін. Олар уақытылы Дастанның ішкі сезімі мен уайымын байқамаған. Әскерге бейімделіп жүрген сарбазға моральдық, психологиялық қолдау көрсете алмады. Әскери бөлімшелерде сарбаздардың жағдайына бірден әрекет ету жүргізіледі. Осы себеппен 8 қаңтар күні бөлім командирі Құрманбек Дастанмен жеке сөйлескен. Оның ата-анасымен сөйлескен. Кейін оның ата-анасы 12 қаңтарда келіп, ұлдарымен кездесті», – дейді ол.

    Көшекбаев атағандай, сарбаз күні бойы сыртта ата-анасымен болған.

    «Ол сырттан оралған соң ешқандай шағым болған жоқ. Әскерилермен де кикілжің болмаған. Қалған жағдайларды тергеу аясында айтуға болмаайды», – дейді Мереке Көшекбаев.

  • «Қазақмыстың» «Анненск» шахтасында кенші қаза болды

    «Қазақмыстың» «Анненск» шахтасында кенші қаза болды

    «Қазақмыс» компаниялар тобы шығыс Жезқазған кенішінің «Анненск» шахтасында қайғылы оқиға салдарынан 1985 жылы туған 5-разрядты ұнтақтаушы қаза тапты.

    Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылды.

    «Қазақмыс» компаниялар тобы шығыс Жезқазған кенішінің «Анненск» шахтасында болған кеншінің өліміне қатысты Ұлытау облыстық Полиция департаментіне ресми мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

    «Анненская» шахтасында өліммен аяқталған өндірістік жарақат фактісі бойынша Сәтбаев қаласының полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы, 3-бөлігі (абайсызда адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Ұлытау облысы полиция департаментінің жедел-тергеу тобы мен басшылығы бар. Оқиға болған жерді тексеру және тергеу әрекеттері жүргізіледі. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

  • 10 млн теңге бопсалаған блогер ұсталды

    10 млн теңге бопсалаған блогер ұсталды

    Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласында полиция қызметкерлері жергілікті блогер Дмитрий Перловты ұстады. Ол  «ақша бопсалады» деген күдікке ілінді.

    Ол қала тұрғындарына арналған үйлерді салумен айналысатын кәсіпкерден бұрын түсірілген сапасыз құрылыс туралы бейнероликті, әлеуметтік желідегі өз парақшасынан өшіру үшін және бұдан былай бейнематериалдарды жарияламауға әрі таратпауға уәде бере отырып, 10 млн теңге бопсалаған болып шықты.

    Яғни,  Instagram желісіндегі «ushtobeqz» парақшасының авторы, 31 жастағы блогер Дмитрий Перлов компроматты жойғаны үшін кәсіпкерден 10 миллион теңге бопсалаған. Бұған келіскен ер адам артынша құқық қорғау органдарына хабарласқан. Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, күдіктіні талап етілген ақшалай қаражаттың бір бөлігі, яғни – 7 млн теңгені алу кезінде қылмыс үстінде ұстады.

    Аталған факт бойынша бопсалау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.

    Айтпақшы, Дмитрий Перлов аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер болған. Сондай-ақ, оның порно дауына да қатысы бар көрінеді. Себебі, әлеуметтік желіде оның интимдік видеолары тарап жатыр.

  • Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

    Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

    Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорын «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасатын болады. Жел генераторлары зауытының өндірістік қуаты жылына 2 ГВт генерацияны құрайды, сонымен бірге энергияны жинақтау жүйелерін шығару қуаты жылына 1 ГВт болады.  Инвестиция көлемі 40 млн  АҚШ долларын құрайды, 300 жаңа жұмыс орны құрылады.

    Инвестициялық жоба жаңартылатын энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС мен қытайлық «Envision Energy» компаниясы арасындағы әріптестік бойынша іске асырылуда. Кәсіпорын жыл сайын жел генераторларының 250 жиынтығын және энергияны жинақтау жүйелерінің 100 жиынтығын шығарады деп жоспарлануда.

    Капсула салу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өңірдің экономикалық өсуінің маңызды нүктелерінің бірі ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамытуға баса назар аударды.

      – Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында облыстың экономикалық өсу нүктесінің бірі – Қорғас торабы орналасқан. Қорғас торабының маңызды, әрі инвесторлар  үшін тартымды элементі – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы болып табылады. Бүгінгі таңда еркін экономикалық аймаққа қатысушылардың бірыңғай тізілімінде жалпы құны 907 млрд. теңге болатын жобалары бар 68 қатысушы тіркелген. 2030 жылға дейін 5 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 47 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда АЭА аумағында 51 млрд. теңгеден астам сомаға 21 жоба іске асырылды. Бүгін ішкі нарықты да, экспортқа шығуды да қамтамасыз етуге бағдарланған жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын заманауи зауыттың құрылысы басталды, бұл мемлекет пен бизнестің тиімді бірлескен жұмысының айқын нәтижесі болып табылады, – деп түйіндеді Ә. Қанағатов.

    Өз тарапынан «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов кәсіпорынның іске қосылуы жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін жолға қоюға ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл кешенде еліміздегі «жасыл» энергетиканың дамуына, экологияның жақсаруына және жалпы экономикалық дамуға оң әсер етеді.

    – Бұл жобаны іске қосу импортқа тәуелділікті қысқартуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жұмыс орындарын құруға, экспорттық мүмкіндіктерді ашуға және елдің болашағына үлес қоса отырып, төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өндірістің бастапқы кезеңінде қазақстандық қамту үлесі 30% -ды құрайды, ал болашақта кезең-кезеңімен 90% — ға жеткізіледі, – деді Д. Идрисов.