Метка: Басты жаңалықтар

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея халқына көңіл айтты

    Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея халқына көңіл айтты

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    Мемлекет басшысы Муан әуежайында болған ұшақ апатынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

    Президент жақындарынан айырылған отбасыларға және барша достас корей халқына көңіл айтып, апаттан зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

  • Төрехан Сабырхан Азияның ең үздік боксшысы атанды

    Төрехан Сабырхан Азияның ең үздік боксшысы атанды

    Әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанған Төрехан Сабырхан Азияның да үздік боксшысы деп танылды.

    Ол жақында ғана ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарған болатын.

    2024 жылдың қорытындысы бойынша Төрехан Сабырхан жастар арасындағы үздік боксшы атағын жеңіп алды. Одан бөлек, Қазақстан 3 аталымда жеңімпаз деп танылды:

    • Үздік ұлттық федерация – Қазақстан бокс федерациясы
    • Ерлер арасындағы үздік боксшы – Сағындық Тоғамбай
    • U22 ерлер арасындағы үздік боксшы – Темірлан Мұқатаев

    Айта кетейік, Төрехан Сабырхан бокстан жастар арасындағы Қазақстан құрамасының капитаны.

  • Жаңа жылда Астана мен Алматыда ауа райы қандай болады?

    Жаңа жылда Астана мен Алматыда ауа райы қандай болады?

    Синоптиктер Қазақстанда 2024 жылдың 31 желтоқсаны мен 2025 жылдың 2 қаңтары аралығында ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.

    Болжамға сәйкес, Қазақстанның көп бөлігінде ауа райына Скандинавия түбегі аймақтарынан келген циклон ықпал етеді, соған байланысты тұрақсыз ауа райы күтіледі: елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында қар, боран, 1-2 қаңтарда күшті жел болжанады, ал батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, қар) және көктайғақ күтіледі.

    31 желтоқсанда елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Қазақстан бойынша желдің күшеюі және тұман күтіледі.

    «Елдің көп бөлігінде ауа температурасының жоғарылауы күтіледі: батыста түнде -5°C-тан +5°C-қа дейін, күндіз -3°C-тан +10°C-қа дейін, солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, шығыста түнде -2°C-тан -13°C-қа дейін, күндіз -7°C-тан -2°C-қа дейін, шығыста түнде және күндіз -0°C-тан -8°C-қа дейін, ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында температурада күрт өзгерістер күтілмейді», – делінген хабарламада.

  • Қазақстанда мобилді аударымдарға шектеу енгізіледі

    Қазақстанда мобилді аударымдарға шектеу енгізіледі

    Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысу мақсатында мобильді аударымдарды пайдалану айналасындағы пікірталас қайта ушықты. Өйткені Қазақстанда азаматтардың бірқатар санаты жаңа жылда басталатын «жалпыға бірдей декларациялаудың» 4-ші кезеңінен босатылды.

    Тиісті тұжырымдаманы қайта қарау аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ересек қазақстандықтардың көпшілігін активтері мен міндеттемелері туралы декларация табыстаудан босату жоспарлануда. Бұл – шамамен 8 миллион азаматты қамтиды. Қазіргі уақытта салық заңнамасын пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

    Осы орайда жасы 18-ден асқан 13 миллиондай ел тұрғынының 8 миллионы, яғни, басым бөлігі кірістері мен шығыстарын міндетті декларациялаудан құтылғанын көріп, кейбір кәсіпкер клиенттерден төлемді қайтадан ұялы телефон арқылы белсенді қабылдай бастады.

    Мәселен, курс сатушы инфосығандар да өз ақысын қолма-қол ақшамен беруді, немесе мобильді аударыммен жолдауды сұрайтынды шығарды. Демек, көлеңкелі экономика қайтадан арта бастайды деген сөз.

    Сондықтан салық саласына жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) талдау критерийлерін өзгертуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл ретте енді мобильді аударымдардың жалпы санын ғана емес, сондай-ақ олардың жалпы көлемін де есепке алатын болады.

  • Маңғыстау облысында сөгіс алған әкім қызметімен кетті

    Маңғыстау облысында сөгіс алған әкім қызметімен кетті

    30 желтоқсанда өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданы мәслихатының депутаттарына Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігімен келісілген Ержан Күмісқалидің кандидатурасын аудан әкімі қызметіне ұсынды. Бұған дейін бұл қызметті Рахат Елтізаров атқарған. Ал Ержан Күмісқали Мұнайлы ауданының әкімі болған еді.

    Ержан Қүмісқали 1983 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Жаңаөзенде мұғалім болып бастаған.

    «Депутаттар кандидатураны қолдады. Олар Ержан Күмісқалидің тәжірибелі басшы ретінде өзін жақсы жағынан көрсеткенін атап өтіп, оған сенім білдірді. Өңір басшысы бұған дейін Түпқараған ауданының әкімі болған Рахат Елтізаровқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа әкімге сәттілік тіледі», деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

  • Алматы автобустары мереке күндері қалай жүреді?

    Алматы автобустары мереке күндері қалай жүреді?

    Алматы қалалық мобильділік басқармасы алдағы мереке күндері мегаполистегі қоғамдық көліктердің қалай қатынайтынын мәлімдеді.

    Мәселен, 1 қаңтарда желіге жоспарланған демалыс күнінен жылжымалы құрамның 50% шығады, 2-4 қаңтарда қоғамдық көлік демалыс күнінің кестесі бойынша жұмыс істейтін болады.

    – Алматы-2 теміржол вокзалы – «Медеу» «Медеу» биік таулы спорт кешені апаратын № 12 бағыт бойынша, 1-4 қаңтар аралығында желіге 20 автобус шығады. Қоғамдық көлік демалыс күнгі кесте бойынша жұмыс істейтін болады. № 3 түнгі маршрут өзгеріссіз жұмыс істейді, – деп хабарлады әкімдіктен.

    Алматы қаласы метрополитенінің жұмысы демалыс күнінің кестесі бойынша сағат 06:20-дан 00:00-ге дейін 12-15 минуттық қозғалыс аралығымен ұйымдастырылады.

     

  • Оңтүстік Кореяда Boeing 737-800 ұшақтары түгел тексерілмек

    Оңтүстік Кореяда Boeing 737-800 ұшақтары түгел тексерілмек

    Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі Муан әуежайында Jeju Air лайнерінің апатқа ұшырауынан кейін елдегі барлық Boeing 737-800 ұшағын тексереді.

    Бұл модельді көптеген ұлттық арзан тасымалдаушылар (LCCs) пайдаланады, Jeju Air осы ұшақтардың көпшілігіне ие – 41-дің 39-ы. T’way Air, Jin Air, Eastar Jet, Air Incheon және Korean Air лоукостерлерінің Boeing-тің барлығы 62 ұшағы бар.

    – Біз ұшу алдында және одан кейін пайдалану және техникалық қызмет көрсету қарқындылығына байланысты әртүрлі ережелердің қалай сақталатынын тексеретін боламыз, – деді министрлік өкілі.

    Сондай-ақ, салынып жатқан жаңа әуежайдың жобасын бағалау кезінде билік әуе кемелерінің құстармен соқтығысу қаупін қалай азайтуға болатынын «мұқият зерттейді». Құстың қозғалтқышқа түсіп кетуі Муан апатына әкелген оқиғалар тізбегін бастауы мүмкін, деп болжады Yonhap-қа сұхбат берген сарапшылар. Бұл ретте кейбір сарапшы ұшақтың құстар тобына соқтығысқаны туралы хабар жауаптан гөрі көп сұрақтар тудырады деп санайды.

    – Осы кезде жауаптардан гөрі көптеген сұрақтар әлдеқайда көп. Ұшақ неге сонша жылдам ұшты? Неліктен қақпақшалары ашылмады? Неліктен шасси төмен түсірілмеген?, – деп сұрады Италия Әскери-әуе күштері академиясының бұрынғы оқытушысы Грегори Алеги.

    Еске салсақ, Оңтүстік Кореяның Муан халықаралық әуежайында бортында 181 адамы бар жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. 181 адамның 179-ы мерт болғаны анықталды.

     

  • Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ доллары бар

    Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ доллары бар

    Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов «Jibek Joly» телеарнасының «УӘДЕ» жобасына сұхбат берді.

    Сенатор Ұлттық қордың қазіргі жағдайы және оның болашағына қатысты өзекті мәселелерді айтты.

    Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық қорда 58 млрд АҚШ долларына тең қаржы бар. Сенатор балаларға инвестициялық табыс есебінен 50%-ы бөлінгенін, әр балаға биыл 100 доллар берілгенін атап өтті. Келесі жылы бұл көрсеткіштің 130 долларға дейін өсуі жоспарланып отыр.

    Сұхбат барысында журналист Ерболат Мұхамеджан Ұлттық қорды ұлғайтудың нақты жоспарлары туралы сұрақ қойды. Сенатордың айтуынша, қордың 2030 жылға дейінгі дамуына арналған стратегиясы бар.

    «Қордың өсімі жоспарланған. Егер биылғы жылы қор 58 млрд доллар болса, келесі жылы 62 млрд долларға, ал одан кейінгі жылы 69 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Алайда, геосаяси ахуал және көрші елдерге тәуелділік сияқты сыртқы факторлар белгілі бір қауіп тудырады. Дегенмен, бұл процесті Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әр тоқсан сайын бақылап отырамыз», – деп түсіндірді сенатор.

    Айта кету керек, Ұлттық қордың басты міндеті – болашақ ұрпақ үшін қаржы резервін жинақтап, жаһандық шикізат нарығындағы өзгерістердің еліміздің экономикасына әсерін азайту.

  • «Қара жәшікті» оқуға қанша күн кетеді?

    «Қара жәшікті» оқуға қанша күн кетеді?

    Ал, «қара жәшікті» оқу неше күнге созылатынын Қазақстанның құрметті авиаторы, авиация инженері Ерғазы Жолдасов айтып берді, деп жазады kaz.inform.kz.

    Бұған дейін Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде құлаған Embraer ұшағының «қара жәшігін» Бразилияның CENIPA орталығына тапсыру туралы шешім шыққан еді.

    Авиация инженері Ерғазы Жолдасовтың айтуынша, «қара жәшіктің» қызметі де осы – ұшақ апаты туралы нақтыланбаған біраз сұраққа жауап беру.

    – «Қара жәшікті» оқу – өте маңызды. Өйткені, апатқа байланысты көпті толғандырған барлық сұраққа нақты жауапты сол жерден ғана табуға болады. Қара жәшіктің маңызы да, ұшақтағы қызметі де – сол. Оны нақты пысықтап, комиссия мүшелері бірігіп ашып, тыңдауы керек. «Қара жәшікті» ашқан кезде осы апатқа қатысы бар елдердің бәрінің өкілдері, ICAO өкілдері қатысқаны жөн. «Қара жәшік бұзылмаса, сынбаса немесе жарылмаса ақпаратын оқу көпке созылмауы керек, бір айда шешілуі мүмкін. Бірақ, қара жәшіктен мәлімет алған соң бір ангарға ұшақтың бөлшектерін жинастырып, моделін қайта құрастырады. Осы жұмыс біраз уақыт алуы мүмкін. Осыдан кейін ғана қорытынды шығарады, – дейді ол.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: 3 маңғыстаулықтың отбасына қаржылай көмек берілді

    Ақтаудағы ұшақ апаты: 3 маңғыстаулықтың отбасына қаржылай көмек берілді

    Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтарды алып кетуге келген туыстарына Маңғыстау облысы тарапынан  қолдау шаралары көрсетілуде.

    Дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен волонтерлар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

    Туыстарын алып кетуге келген шетел азаматтарын әуежайдан күтіп алып-шығарып салу, қонақ үйге орналастыру және т. б. қолдаулар жасалуда.

    Атап айтқанда, өңірлік психологтар мен дәрігерлер облыстық ауруханада қайғырып жүрген жандардың денсаулығын тексеріп, психологиялық көмек беріп жатыр. Сондай-ақ, ыстық тамақ пен шәймен қамтамасыз етілуде.

    – Сонымен қатар, ұшақ апатынан көз жұмған Маңғыстау облысының 3 азаматының отбасына қаржылай көмек беріліп, марқұмдарды жерлеу рәсімдеріне қолдау көрсетілді, – делінген әкімдік хабарламасында.

    Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.

    Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.