Метка: Басты жаңалықтар

  • Бибігүл Төлегенова 95 жасын атап өтті

    Бибігүл Төлегенова 95 жасын атап өтті

     Осыған орай Димаш Құдайберген өзінің парақшасында әсерлі құттықтау жариялады.

    Әртіс Бибігүл Төлегенованың шығармашылығына таңданысын білдіріп, оның әлемдік музыкалық мәдениетке қосқан айрықша үлесін атап өтті. КСРО мен Қазақ КСР Халық әртісі ХХ ғасырдың ең ұлы опера әншілерінің біріне айналды. Оның дауысы терең әрі жанды, тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де тыңдаушыларды баурап алған.

    «Бүгін біз Қазақстанның рухани әлемінің символы болатын қазақ мәдениетінің нағыз аңыз адамы, әйгілі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойын атап өтудеміз», – деп жазды Димаш.

  • Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 76 отбасы жаңа баспаналарының кілтіне ие болды. Сол сияқты медициналық және ветеринариялық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйі, ауылдық клуб және спорт кешені, жалпы алғанда 10 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Атап айтқанда, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандарында кезекте тұрған азаматтарға үй беріліп, өңірдегі 76 отбасы жаңа қоныс қуанышына кенелді. Оның 50-і Панфилов қаласының Жаркент қаласында, 16-сы Көксу ауылының Бозтоған және Мұқыры ауылдарында, 10-ы Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында тұрғын үйге қол жеткізді.

    – Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйіміз болса деген бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Бүгін үлкен отбасымыз кең, жайлы, жаңа үй алды. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Тәуелсіздік күнін, алдағы Жаңа жылды енді өз үйімізде атап өтеміз, – деді Жаркент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Шынар Азатбекова.

    Отбасымен бірге мерекелік қоныстой қуанышына жеткен Ескелді ауданының тұрғыны:

    – Тұрғын үйге кезекте тұрғанымызға біраз жыл болды. Шаңырағымызда төрт бала бар, міне, баспанамыздың кілтін алдық, үйдің ішін аралап көрдік, жақын жандарымыз құттықтап келіп жатыр. Еліміздің айтулы күні қарсаңында қоныс тойға жеткенімізге қуаныштымыз, – деді мұқырылық Сәулеш Жауынбаева.

     

    Сонымен қатар мереке қарсаңында Ескелді ауданында бірден 3 жаңа нысан іске қосылды. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, Ақын Сара ауылында 120 орынды жаңа блокты-модульді ауылдық клуб пен әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.

    Осы күні облыстың бірқатар ауылдарында жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Мәселен, Көксу ауданының 140 тұрғыны бар ПЧ-45 станциясында жаңа блок-модульдік медициналық пункт қолданысқа енгізілді.

    – Мұндай заманауи медициналық пункттің ауылымызда ашылғанына қуаныштымыз. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондай кезде ешқайда бармай-ақ енді осында қараламыз. Бұл жаңа нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді медицина саласының ардагері, ПЧ-45 станциясының тұрғыны Айша Сәрсенбаева.

    Сондай-ақ Панфилов ауданының Шежін, Керімағаш және Қызылжиде ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медпункт салынды. Оған қоса, Үшарал ауылында 50 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Онда күрес, бокс, бұқаралық спорт түрлері бойынша секциялар ашылды. Сонымен қатар ауданда алғаш рет инвестор есебінен салынған «Орбұлақ» халықаралық автовокзалы жұмысын бастады. Вокзал автопаркінде 31 автобус бар, 67 адам жұмыспен қамтылды.

  • Ақтөбе облысында жоғалған балықшылардың денесі табылды

    Ақтөбе облысында жоғалған балықшылардың денесі табылды

    Ақтөбе облысында екі адам 14 желтоқсан күні жоғалып кеткен еді. 16 желтоқсанда Темір ауданындағы өзеннен балықшылардың денесі табылды.

    53 жастағы Владимир Курдюков пен 21 жастағы Михаил Дула 14 желтоқсан күні таңғы сағат 4-те балық аулауға шығып, жоғалып кеткен. Оларға әріптестері мен туыстары хабарласқанымен, балықшылар қоңырауды көтермеген. Кейін туыстары еріктілерден жәрдем сұрады.

     «Алдын ала болжам бойынша, «Нива» автокөлігі көпірден жоғары жылдамдықпен кетіп жатып, суға құлаған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.

  • Қырғызстанда із-түзсіз кеткен қазақстандық іздестіріліп жатыр

    Қырғызстанда із-түзсіз кеткен қазақстандық іздестіріліп жатыр

    Қырғызстан полициясы шекараны заңсыз кесіп өтпек болған қазақстандықты іздестіріп жатыр, деп хабарлайды 24.kg сайты. 

    Шу облыстық МІІБ жоғалған адамды табуға көмектесуді сұрайды. Ведомство мәліметінше, полицияға 50 жастағы Қазақстан азаматы арыз түсіріп, ұлы Алибек Саматұлының (1997 жылы туған) жоғалғанын хабарлаған. Оның айтуынша, ұлы 14 қарашаға қараған түні қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған кезде жоғалып кеткен.

    «Жоғалған адамның белгілері: бойы 174 см, орта денелі, шашы қысқа, бетінде қал бар. Ерекше белгісі – сол аяғындағы тыртық. Жоғалған кезде қара түсті спорттық киім және жеңінде қызыл жолағы мен ақ жиектемесі бар қара күртеше киген»делінген хабарламада.

    Бұл дерек Шу облыстық МІІБ-де тіркелген. Іс Аламедин ауданының ІІБ-не тапсырылды. Соталды тергеу басталған.

    Қырғызстан құқық қорғау органдары Алибек Саматұлының қайда екенін білетіндерден кез келген ақпаратты келесі телефондарға хабарлауды сұрайды: 03123635270312363523 (кезекші бөлім) немесе 0701059585.

  • Талғарға жаңа әкім сайланды

    Талғарға жаңа әкім сайланды

    15 желтоқсанда Талғар қаласында өткен әкім сайлауында «AMANAT» партиясынан ұсынылған Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті.

    Қалған үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинады. Сонымен қатар, 182 сайлаушы «Барлығына қарсы» таңдауын жасады. Сайлауға жалпы 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і өз таңдауын жасады. Қатысу деңгейі 30,1%-ды құрады.

    1983 жылдың 12 наурызында Алматы облысында дүниеге келген Арыстанбек Әбілқайырұлы – мамандығы бойынша эколог. Өз еңбек жолын 2005 жылы «MAG group» құрылыс компаниясында бастап, алғашқы тәжірибе жинаған. Кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.

    2009 жылдан бастап Талғар қаласындағы «Марат» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. 2023 жылдан бері «Талғар тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келеді.

    Тұрғындардың қолдауына ие болған Арыстанбек Әбілқайырұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында Талғар қаласын дамытуға бағытталған нақты бастамаларды ұсынды.

    Арыстанбек Әбілқайырұлы қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнесті қолдауға уәде берді. Сонымен қатар, қалада жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал етіп, жергілікті өнімдерді өндіруге басымдық бермек.

    Инфрақұрылымды дамыту мәселесінде әкім жол-көлік жүйесін жаңартуға ерекше назар аударады. 2026 жылға қарай 20 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көлік кептелісін азайту мақсатында қалада жаңа көпір салуды қолға алмақ. Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2028 жылға дейін толыққанды шешім қабылданатынын мәлімдеді.

    Әлеуметтік салада Әбілқайырұлы тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге ерекше мән беріп, «Талхиз» мұражайын ашуға ықпал етпек. Сонымен бірге, №2 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

    Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камераларын орнатып, жаяу жүргіншілер жолын жаңарту және жарықтандыру жүйесін дамыту шараларын қолға алады.

  • Қолайсыз ауа райы: Бірнеше облыста көлік қозғалысы шектелді

    Қолайсыз ауа райы: Бірнеше облыста көлік қозғалысы шектелді

    Еліміздегі дауылды ескертуге байланысты кей облыстарда көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.

    Уақытша жабылған жолдар 2024 жылғы 17 желтоқсан күні сағат 08:00-де ашылады деп жоспарланып отыр.

    Қостанай облысы:

    2024 жылғы 16 желтоқсанда сағат 19:30-да Қостанай облысында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы автожолының 686-729 шақырым аралығында (Сарыкөл ауылынан СҚО шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

    Солтүстік Қазақстан облысы:

    2024 жылғы 16 желтоқсанда сағат 19:30-да Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы автожолының 729-768 шақырым аралығында (Қостанай облысының шекарасынан Тоқсан би ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

    Жамбыл облысы:

    2024 жылғы 16 желтоқсан сағат 21:00-де Жамбыл облысында ауа райының бұзылуына байланысты Алматы-Ташкент-Термез автожолының 159-238 шақырымы аралығында (Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

  • Роза Рымбаева тағы бір атаққа ие болды

    Роза Рымбаева тағы бір атаққа ие болды

    Қазақстанның жезтаңдай әншісі Роза Рымбаева Абай облысының құрметті азаматы атанды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Роза Рымбаеваға облыстың «құрметті азаматы» деген медальді табыстады.

    «Бүгін қасиетті мекен Абай облысының құрметті азаматы медалімен марапатталдым», — деп жазды әнші әлеуметтік желісінде.

  • Алдағы демалыс күндері қатты суық болады

    Алдағы демалыс күндері қатты суық болады

    Синоптиктер болжамынша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына Солтүстік және Оңтүстік циклондар әсер етеді.

    14-15 желтоқсанда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, кейде қатты жауын-шашын болады деп болжанды. 16 желтоқсанда республиканың шығысында және оңтүстік-шығысында қалың қар жауады.

    Сонымен қатар республика бойынша көктайғақ, тұман, бұрқасын күтіледі, жел күшейеді. Ауа температурасы түнде республиканың солтүстік-батысында -10…-18 градусқа дейін, солтүстік пен орталықта -15…-25 градусқа дейін, оңтүстік-шығыста -15…-25 градусқа дейін төмендейді.

    Республиканың оңтүстігінде -10…-17 градусқа дейін, таулы аймақтарда -20…-27 градусқа дейін аяз болады.

     

  • Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Қонаев қаласындағы букмекерлік кеңселер мен казинолардан елге жыл сайын 90 млрд теңгеге жуық салық түсіп тұр. Қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатыр. Осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты.

    Облыс басшысының айтуынша, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы  жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.

    «Биыл қателеспесем, олар мемлекетке 90 миллиардқа жуық салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны құрылды және осы ойын бизнесі саласында дәл осындай 3,5 мың жұмыс орны бар. Осыншалықты адам осы жерлерден өз нәпақаларын тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр», – деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында брифингінде.

    Әкім сондай-ақ ойын бизнесі шетелдік туристерді қалай тартып отырғанына да тоқталды.

    «Жұмыс ітеп тұрған 5 казиноның лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер тек Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндер заңды  тіркелген. Ал шетелдік туристерге келер болсақ, осы  бағытта ең басты басымдық  соларда болып отыр», – деді әкім.

  • Апелляциялық сот өзгеріссіз қалды: Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалады

    Апелляциялық сот өзгеріссіз қалды: Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалады

    Бұған дейін сот шешімімен 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Саида Тәуекел Шерзаттың әкесі полицияға шабуыл жасамағанын, тек екі қызметкер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастағанын айтты. Адвокаттар сот шешіміне апелляциялық шағым жолдаған болатын.

    Онлайн өткен сотта прокурор он бес күнге қамауды сұрады. Қорғаушылар тарапы Қаржаубайдың эмоциялық жағдайын түсіндірген. Сол күні және оған дейін болған оқиғалар тізбегін ескеруді сұраған.

    «Ол полицияға шабуылдаған жоқ. Ал мүлікті бүлдіргенін жасырмайды. Қаржаубайдың сауалы бар полицейлер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастаған. Мұны ол сол орыннан полицейлердің кетіп қалмасы үшін жасаған. Осы мақсатта ол дөңгелекке пышақ сұққан. Бірақ басқа адамдарға шабуылдамаған. Ол тек қана өз өміріне қауіп төндірген», – деді адвокат.

    Саида Тәуекелдің айтуынша, ол өзінің әрекеті заңсыз екенін түсініп отыр. Қорғаушы тарап соттан оған ең жеңіл жаза кесуді, айыппұл төлетуді өтінген.

    «Бірақ сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, 15 күнге қамауға алынды. Алайда біз апелляциялық шағым жазып, жолдаймыз», – деген-ді адвокат.

    Алайда, Алматы облысының әкімшілік іс жөніндегі сот алқасы Еңбекшіқазақ аудандық сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырып, Қаржаубай Нұрымовтың қорғаушыларының шағымын қанағаттандырмады. Бұған сәйкес, Нұрымов сот шешімімен 15 тәулікте қамауда болады.