Метка: Батыс Қазақстан

  • БҚО-да ас тұзы тапшы болды: себебі тасымалдағы шектеулермен байланысты

    БҚО-да ас тұзы тапшы болды: себебі тасымалдағы шектеулермен байланысты

    Соңғы күндері Батыс Қазақстан облысында ас тұзының өткір тапшылығы байқалады. Орал қаласындағы ірі сауда желілерінде тұз жоқтың қасы, ал оны шағын дүкендерден ғана табуға болады, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Жеткізушілердің айтуынша, мәселе шамамен бір ай бұрын басталған. Қазан айында ел ішінде жүк тасымалдауды тек «Қазақстан темір жолы» АҚ-на тиесілі вагондар арқылы жүзеге асыруды міндеттейтін жаңа талап күшіне енген. Бұл вагон тапшылығына және кезектің ұлғаюына әкелген.

    БҚО-ның географиялық орналасуы да жағдайды қиындатады: өңір қазақстандық тұз өндірушілерден алыс орналасқан. Аймақ негізінен Ресейдің Орынбор облысындағы Соль-Илецк кен орнын игеретін «Руссоль» ЖШҚ өнімін пайдаланып келген. Алайда жергілікті оптовиктердің мәліметінше, компания Қазақстан тарапындағы вагон тапшылығына байланысты бұрын келісілген тұзды жөнелтуді уақытша тоқтатқан.

    Жеткізушілер қазақстандық өндірушілермен, оның ішінде «Аралтұз» АҚ-пен келіссөздер жүргізіп жатыр. Дегенмен кәсіпорынның БҚО-ға өнім жеткізуді бастапқыда жоспарламағаны және қуаты жеткіліксіз болуы мүмкін екені айтылды.

    Облыс әкімдігі жағдай бақылауда екенін хабарлады. Қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы екі тұз өндіруші кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Барлығы бес вагон (300 тонна) қазақстандық тұз келісілген: бір вагон (60 тонна) жолда келе жатыр, оның 30 қарашада жетуі күтіледі; қалған вагондар 5–7 күн ішінде жеткізіледі. Болашақта тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін қосымша келісімдер жасалмақ.

    Әкімдік мәліметінше, «Анвар» және «Алтындар» сауда желілерінде жұмсақ қаптамадағы тұз шектеусіз сатылып жатыр, сондай-ақ дүкендерде «Экстра» санатындағы тұз қоры жеткілікті. Билік тұз тапшылығының нақты себебін кейінірек хабарлайтынын, әзірге «Руссоль» ЖШҚ жөнелтуді тоқтатқанын ғана растады.

    Ресми ақпаратқа сәйкес, БҚО халқының ай сайынғы тұз қажеттілігі — шамамен 90 тонна. Соның 80 пайызы логистикалық жақындыққа байланысты (270 км) Ресейден әкелінген. Жөнелтудің тоқтауы салдарынан өңір кәсіпкерлері қазақстандық өнімге көшуге мәжбүр. Жағдайды анықтау үшін БҚО делегациясы Орынбор облысына жіберілді.

  • Масаң күйінде автокөлік айдаған ауыл әкімі жауапқа тартылды

    Масаң күйінде автокөлік айдаған ауыл әкімі жауапқа тартылды

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жүргізген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысында мәлім болғанындай, Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев өткен жылдың 14 желтоқсаны күні Орал қаласында Subaru Outback көлігін масаң күйінде айдаған.

    Соған сәйкес М.Есқалиев сот қаулысымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Оған қоса жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

    Ауыл әкімі өз түсініктемесінде тәртіптік теріс қылық жасағанын мойындаған.
    Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері М.Есқалиевті қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шараға тартуды қолдады.

    Отырыста сондай-ақ Қаратөбе ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Бердіғалиев пен бас маманы Баян Жамбыловаға қатысты тәртіптік іс талқыға салынды.

    Мәлім болғанындай, аталған бөлім басшысы өткен жылдың 31 қаңтарында «Нұр арманы» қоғамдық бірлестігімен ауданның мүгедектігі бар тұрғындарына инватакси қызметін көрсету үшін мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаған. Талапқа сәйкес кресло-арбамен қозғалатын немесе өз бетімен жүре алмайтын мүгедектерді тасымалдау үшін отырғызуға және түсіруге арналған арнайы жабдықталған автокөлік пайдаланылуы тиіс. Алайдп жеңімпаз атанған «Нұр арманы» ҚБ жабдықталмаған «KIA RIO» автокөлігімен қызмет еткен. Бұл кресло-арбамен қозғалатын жандардың қатынауына қиындық туғызған. Көрсетілген қызмет үшін бөлім басшысы ақыны толықтай төлеген.

    Әдеп жөніндегі кеңес басым дауыспен Б.Бердіғалиевке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді жөн деп тапты.

    Аталған шарт бөлім басшысы мен «Нұр арманы» ҚБ арасында жасалғандықтан, Б.Жамбылованың тәртіптік ісі тоқтатылды.

  • БҚО-ның білім саласындағы былық: 30 лауазымды қызметкер жазаланды

    БҚО-ның білім саласындағы былық: 30 лауазымды қызметкер жазаланды

    Батыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында тексеру жүргізіліп, түрлі заң бұзушылықтар анықталды.

    Прокуратура мәліметінше, Т.Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектепте кәмелетке толмағандар арасында Оқу-ағарту министрінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» 2022 жылғы 3 тамызындағы №348 бұйрығы талаптарына қайшы «Өмір қауіпсіздігі негіздері» бойынша міндетті сабақтар жүргізілмеген.

    «Аталған сабақтарды өткізу ауданның барлық 1200 оқушылар үшін ұйымдастырылмаған. Еңбек қатынастары саласындағы бұзушылықтар да тіркелді: қызметкерлер ұжымдық шарттармен таныспаған, ал еңбек шартын бұзу кезінде белгіленген нормалар сақталмаған. Тексеру нәтижесінде 30 лауазымды тұлға тәртіптік, ал 8 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Батыс өңірде жер сілкінді

    Батыс өңірде жер сілкінді

    Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы мәліметінше, желі станциялары 24 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 14:20-да Атырау облысында жер сілкінісін тіркеген.

    Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы мәліметінше, жер асты дүмпулерінің эпицентрі Атыраудан оңтүстік-шығысқа қарай 134 шақырым жерде орналасқан.

    Ұлттық ядролық орталығы геофизикалық зерттеулер институты желісінің стансалары 2024 жылғы 24 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 14:20 шамасында (GMT 09:20) зілзаланы тіркеген.

    «Батыс Қазақстанда жер сілкінісі тіркелді. Эпицентр координаттары: солтүстік ендік – 46,07 градус, шығыс бойлық – 53,30 градус. Магнитудасы – 4,1. Энергетикалық класы – 9,2» делінген ақпаратта.

    Ал, volcanodiscovery.com мәліметіне сүйенсек, жер сілкінісі Атырау облысының аумағында тіркелген.

    Жер сілкінісінің сезілгені туралы мәлімет жоқ.