Метка: Базар

  • Биыл Алматыда 10 базар жаңартылады

    Биыл Алматыда 10 базар жаңартылады

    Министрліктің Жол картасына сай Алматыдағы «Арлан», «Батыр», «Тұлпар», «Арыстан», «Жібек Жолы», «Азия», «Тау самалы», «Береке», «Сауда кент» және «Сарыарқа» базарларында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

    Өткен аптада ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков Алматыдағы 4 базарға барып, алдағы жаңғырту жұмыстарына дайындығын көріп қайтты. Базар иелері бұл жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауы керек.

    «Базарларды жаңғырту – бұл тек қана бизнес өкілдеріне жағдай жасау емес, сатып алушылар үшін қолайлы орта құру. Дегенмен жергілікті әкімдікте құрылыс құжаттарына келісім беру әдетте созылып кетеді. Базар иелері көп ретте осы жағдайға шағымданады. Эскиз, жұмыс жобасы сияқты құжаттардың келісілуі ұзақ уақыт алатынын  күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Базарларды жаңғырту жұмыстары уақыты аяқталуы үшін жергілікті әкімдіктерді кәсіпкерлермен дер кезінде бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз»,  – деді Айдар Әбілдабеков.

    Алматыда  қазір 38 сауда базары бар. Оның 4-арнайы базар болса, қалған 34-і әмбебап базар. Сауда заңнамасына сай сауда базарлары өз аумағында  көлік тұрағымен қамтылған, сауда орындары санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына сай, онлайн төлем жүргізу мүмкіндігі болуы шарт. Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген базар иелері келер жылдың басынан бастап әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

     

  • Қонаевтағы базарда мерзімі өткен азық-түлік сатылған

    Қонаевтағы базарда мерзімі өткен азық-түлік сатылған

    Осы уақытқа дейін блогерлер әлеуметтік желіде «Алға» базарындағы ретсіз әрі лас сауда орындары туралы ақпарат жариялаған болатын.

    Аталған жағдайға байланысты Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов үкімімен мониторингтік топ құрылды. Оның құрамына ветеринарлық инспекция, зертхана, жер қатынастары, кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдерінің мамандары енгізілді.

    Сенбі күндері мұнда жәрмеңке ұйымдастырылады. Осы күні мониторингтік топ базарға барды. Нәтижесі келесідей:

    1. «Алға» базары демалыс күндері жәрмеңке өткізу орыны ретінде ЖАО-мен бекітілмеген. Алайда, базар басшылығы бұл фактіні теріске шығаруға тырысуда;
    2. ірі қара малдың еті (өкпе-бауыр, қарын майы, сирақтар), шұжықтар, сүт өнімдері ашық аспан астында сатылып тұр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келмейді;
    3. мерзімі өткен шұжықтар мен түрлі тәттілерді, азық-түліктерді «үй жануарларына арналған тағам» ретінде сату деректері де тіркелді. Сондай-ақ ветеринарлық анықтамасы жоқ 2 сатушыға айыппұл салынды. Сынамалар зертханаларға жіберілді;
    4. құс еттері болса, үйдікі, сатылып жатқан жұмыртқалардың тиісті құжаттары жоқ.

    Ал базар басшылығына қатысты:

    1. тұрақ санының жеткіліксіздігі
    2. сатушыларға жағдай жасалмағаны
    3. жабық павильондардың жоқтығы
    4. базар аумағы стандарттарға сәйкес келмейтіні (қатты жабынмен жабылуы тиіс) туралы ұйғарым шығарылды.

    Мониторингтік топтың бұл ақпараты ары қарай шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберіледі. Сонымен қатар әкімдік бұл нысанды талаптарға сәйкестендіру үшін бірқатар шараларды қолға алмақ.

    Айта кетерлігі, базар тұрған жер 11 учаскеге бөлінген, иелері де әртүрлі. Қысқы маусымда сенбі күнгі жәрмеңкеде 100-120 орында сауда жасалады. Жаздың күні бұл көрсеткіш 150-ге жетеді. Сатушылардың көбі Алатау қаласынан, Талғар ауданынан келеді. Арасында қонаевтықтар да бар. апта сайын жәрмеңкеге 40 тонна картоп, 50 тонна жуа, 20 тонна сәбіз, 20 тонна қырыққабат әкелінеді.