Метка: Бірыңғай уақыт белдеуі

  • Уақыт белдеуіне қатысты: Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ

    Уақыт белдеуіне қатысты: Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне пікір білдірді.

    «Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ», – деді мемлекет басшысы.

    Мемлекет басшысы қазіргі жүйе мемлекетті басқару ісін жеңілдететінін атап өтті.

    «Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер бермеді – Көшербаев

    Уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер бермеді – Көшербаев

    ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев еліміздегі бірыңғай уақыт белдеуінің әсері жөнінде пікір білдірді.

    «Уақыт белдеуіне қатысты мәселеге қысқаша тоқталғым келеді. Тәжірибе көрсеткендей, өңірлердің басым бөлігі айтарлықтай кері әсердің жоқ екендігін айтып отыр. Адам денсаулығына, балалардың оқу сапасына, коммуналдық шығындарға, жол қозғалысына және қылмыстың өсу динамикасы өзгеріске ұшырамаған. Кейбір өңірлерде, әсіресе, шығыста адаптация процесі жалғасуда. Тұрғындарға тиімді болу үшін жұмыс уақыты өзгертіліп, ол қазір бес жарымға таман аяқталады. Нәтижесінде қалған уақытты тұрғындар жеке басына, отбасына, балаларына арнауға көбірек мүмкіндік алып отыр», – деді Е. Көшербаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

    Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен Парламент бұл сұрақты жан-жақты қарады.

    Еске сала кетсек, елімізде  2024 жылы 1 наурыздан бастап уақыт бір сағат артқа жылжыды.

  • ШҚО-дан бөлек, өзге өңірлерде де жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін – Уақыт белдеуі

    ШҚО-дан бөлек, өзге өңірлерде де жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін – Уақыт белдеуі

    Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген соң шығыс өңірдегі халық бұл бастамаға наразы екенін білдірген болатын. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданында жұмыс кестесі өзгертілді.

    Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

    «Мәжілістің «Аманат» фракциясы аясында бірыңғай уақыт мәселесін талқылау қорытындысы бойынша медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми зерттеу институттары салалық сарапшыларының, мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігі әсеріне мониторинг жүргізілді. Жұмыс барысында уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды… Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындады», – деді ол Үкімет отырысында.

    Сонымен қатар спикер өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестесін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдағанын атап өтті.

    – Бүгінгі таңда, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында (Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі 8:00–ден 17:30 (кешкі бес жарымға) дейін өзгертілді. Бұл шаралар, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ кәсіби және жеке өмір арасындағы теңдікті жақсартуға бағытталған. Қажет болған жағдайда, осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолдануға мүмкіндігі бар», – деді министр.

  • Уақыт белдеуі қайтарыла ма? – Депутат Ринат Зайытов

    Уақыт белдеуі қайтарыла ма? – Депутат Ринат Зайытов

    Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов уақыт белдeуі наурызда кері қайтарылатынын айтты. 

    Депутат «Airan» YouTube-арнасына берген сұхбатында уақыт белдеуінің сұрағы шешімін наурыз айында табатынын айтты.

    «Наурызда отырыс жасаймыз. Сол кезде не бүк, не шүк болады», – дейді депутат.

    Зайытовтың айтуынша, уақыт белдeуін өзгертуге қатысты Үкімет нақты дәлел ұсынбады.

    «Үкіметтің позициясы әлсіз, ешнәрсе дәлелдей алмайды. Уақыт белдеуі ауысқанның не пайдасы тиді? Уақыт қайтарылады», – деп қосты Зайытов.

    Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт белдеуінің өзгеруінің азаматтардың өмір сүруіне және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуді 1 наурызға дейін жүргізуді тапсырған еді.

  • Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеу алдағы наурызда аяқталады

    Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеу алдағы наурызда аяқталады

    Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген жиынында айтты.

    Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, мәжілісмен Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының, Жетісу облысының және өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттық корпус атына келіп түскен көп өтінішке назар аударды.

    Депутат Ерлан Саиров үйлесімді қоғам құру үшін Парламент пен Үкіметтің осы мәселе бойынша біртұтас ұстанымы болуға тиіс екенін мәлімдеді. Депутат Ю. Кучинская мұндай мәселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек деген пікір білдірді.

    Фракция жиынын қорытындылай келе Мәжіліс спикері уақыт белдеуін өзгерту қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екенін атап өтті. Ол мұндай шешімдерді алдын ала егжей-тегжейлі талдау және кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін жеткізді.

    Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар сұрақтың жауабын беруге тиіс.

    Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз, – деді Ерлан Қошанов.

  • Уақыт белдеуі өзгермейтін болды

    Уақыт белдеуі өзгермейтін болды

    Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз баяндамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіріп, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл – ғылым тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тасырамын, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

    Айта кетейік, географиялық жағынан Қазақстан UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6 белдеуінде орналасқан. Бұған дейін елімізде UTC+5, UTC+6 белдеуі қолданылады. Еліміздің батыс өңірі басқа аймақтарға қарағанда бір сағат артта жүрді. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап ел бойынша UTC+5 белдеуі енгізілді.