Метка: бокс

  • Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстан уақытша шеттетілді

    Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстан уақытша шеттетілді

    Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты іс қаралып жатқан кезеңде кәсіпқой жекпе-жектерге қатысудан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, тыңдаулар аяқталғанға дейін спортшыға рингке шығуға тыйым салынған.

    Қайта қарау нәтижелері бойынша барлық материалдар тиісті ұйымдарға, соның ішінде World Boxing Organization (WBO), International Boxing Federation (IBF) және өзге де тараптарға жолданады. Олар Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық белбеулерінен айыру немесе айырмау жөнінде шешім қабылдайды. Ал әзірге, тыңдаулар аяқталғанға дейін, ол жекпе-жектерге қатыса алмайды, — деді федерация басшысы.

    Рахымжан Ерденбеков түпкілікті шешім халықаралық бокс ұйымдарының құзыретінде екенін атап өтті. Тыңдаулардың нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.

  • Головкин — Бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық

    Головкин — Бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық

    Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин, америкалық Антонио Тарвер және британдық Найджел Бенн 2026 жылы Халықаралық бокс даңқы залына енгізіледі. Ресми ақпарат 4 желтоқсанда Дaңқ залының Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

    Салтанатты рәсім 2026 жылдың 11–14 маусымында АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты Канастота қаласында өтеді.

    Головкин бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы және посткеңестік кеңістіктен шыққан төртінші спортшы. Бұған дейін Даңқ залына Костя Цзю мен Кличко бауырлары енгізілген.

    Әуесқой рингте GGG 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жетті. Ол әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының негізгі көшбасшыларының бірі болды.

    Кәсіпқойлар арасында Головкин IBF, WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы атанды. Барлығы 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті, оның 37-сі нокаутпен аяқталды. Ол ұзақ уақыт бойы әлемдік P4P рейтингінің көшбасшылар қатарында болды.

    Головкиннің қатарынан 23 нокауттық жеңісі орта салмақ тарихындағы ең ұзақ серия ретінде танылды. Сонымен қатар, ол орта салмақта 21 рет чемпиондық атақты сәтті қорғап, бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына енді.

  • Екі қазақстандық финалда әлем кубогының алтын медалі үшін жарысқа түседі

    Екі қазақстандық финалда әлем кубогының алтын медалі үшін жарысқа түседі

    Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында World Boxing халықаралық федерациясы ұйымдастырған бокстан әлем кубогының финалы аяқталуға жақын, Sona.kz сілтеме жасап хабарлайды.
    Қазақстан құрамасы финалда 6 қола медаль жеңіп алды: әйелдер арасында – 4, ерлер арасында – 2. Ал алтын мен күміс медаль үшін тек екі қазақстандық боксшы жолдама алды:
    •Нурбек Мурсал (70 кг) – финалда үй иесі Хитеш Хитешпен кездеседі.
    •Султанбек Айбарұлы (85 кг) – финалда Өзбекстан боксшысы Жасурбек Юлдошевпен жарысады.
    Финалға ең көп спортшылар жолдама алған елдер: Үндістан, Өзбекстан, Англия, Польша, Италия, Қазақстан, Жапония, Қырғызстан, Австралия.
    Еске салсақ, бұған дейін Қазақстаннан шыққан қола жүлдегерлердің есімдері жарияланған болатын.
    Кубок әлемі World Boxing федерациясы тарапынан ұйымдастырылды. Федерацияның жаңа басшылық құрамын сайлау қараша айының соңына дейін өтеді. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин президенттікке кандидат ретінде ұсынылған. Қазақстандықтар оны қолдау акциясын бастады.
  • Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақстан құрамасы алғаш рет жаңа халықаралық федерация World Boxing аясында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Ұлттық құраманың еншісінде барлығы 10 медаль бар: оның ішінде 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Жақын бәсекелестер қатарында Өзбекстан мен Үндістан құрамалары болды.

    Әлем чемпиондары қатарында — Санжар Тәшкенбай, Махмұд және Торехан Сабырхандар, Айбек Оралбай, Алуа Балкибекова, Аида Әбикеева және Наталья Богданова. Күмісті Назым Қызайбай жеңіп алды, ал қола жүлде Виктория Графеева мен Ельдана Тәліповаға бұйырды.

    Бұл тарихи жеңістің маңызы зор: Ливерпульдегі чемпионат — Халықаралық олимпиадалық комитеттің World Boxing ұйымын ресми мойындағаннан кейін өткен алғашқы дүбірлі дода. Бұл шешімнің арқасында бокс Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталды.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрамаға жеңісімен құттықтау жолдап, бұл жетістік Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін нығайтатынын атап өтті.

  • Бокс 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына ене ме? – ХОК ұсыныс жасады

    Бокс 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына ене ме? – ХОК ұсыныс жасады

    Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) атқарушы комитеті боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу туралы ұсыныс жасады.

    ХОК баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақтық шешім осы аптада Грекияның Коста-Наварино қаласында өтетін ХОК-нің 144-сессиясында қабылданады.

    Бастапқыда, 2022 жылғы ақпанда бекітілген Олимпиада спорт түрлерінің тізіміне бокс енгізілмеген еді. Бұған Халықаралық бокс қауымдастығындағы (IBA) мәселелер себеп болды. 2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ны ресми түрде мойындаудан бас тартты, бұл жағдай 2028 жылғы Олимпиададағы бокс жарыстарының болашағына әсер етті.

    Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-нің арнайы жұмыс тобының басқаруымен өтті. Бұл шешім спортшыларға турнирге қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етті.

    ХОК бұған дейін бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуы үшін жаңа халықаралық федерация құру қажеттігін мәлімдеген болатын. 2025 жылдың ақпанында ХОК-нің атқарушы комитеті World Boxing ұйымын уақытша мойындады. Қазіргі таңда бұл ұйым 84 ұлттық федерацияны біріктіреді.

    Атқарушы комитеттің боксты Лос-Анджелестегі Олимпиада бағдарламасына енгізу туралы ұсынысы бұл спорт түрінің олимпиадалық қозғалыстағы маңыздылығын растайды.

  • Аида Әбікеева – әлем чемпионы

    Аида Әбікеева – әлем чемпионы

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бес бірдей боксшымыздың финалға шыққанын бұған дейін хабарлағанбыз. 63 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева ақтық санда тай боксшысы Танания Сомнуекні жеңіп, әлем чемпионы атанды.

    Естеріңізге салып өтейік, кешегі күн жүлдеге толы болды. Бұған дейін 48 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанса, 50 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова алтын медаль жеңіп алды.

  • Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

    Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Назым Қызайбай жеңімпаз атанды. Қазақстандық боксшы 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік Юлия Чумгалаковадан үш раунд бойы айласын асырды, деп хабарлады olympic.kz.

    Төрешілер жеңісті бірауыздан Назымға берді – 5:0.

    Осылайша, Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, тарихқа енді. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай табысқа жеткен емес.

    Бұдан бұрын Назым әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады.

    «Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

    Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.

  • Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев спорттан кетті

    Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев спорттан кетті

    Бұл туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов айтты. Ол бокстан Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қонқабаев бокс алаңына қайта оралмайтынын ресми түрде мәлімдеді.

    Қамшыбек Қоңқабаев 33 жаста, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Сонымен бірге 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарында күміс жүлдегер атанған. Одан бөлек Азия біріншіліктері (2017, 2019, 2021, 2019) және Азия ойындарында күміс медаль алған.

    Бұған дейін Қайрат Сәтжанов Қамшыбек Қоңқабаевтың бокстағы мансабын аяқтауы мүмкін екенін айтқан еді.

    «Әзірге Асланбек Шымбергенов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты жағдай түсініксіз. Егер 13 қаңтарда оқу-жаттығу жиынына келмесе, олар ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін деп ойлаймын. Ал егер келсе, жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деген Қайрат Сәтжанов. 

  • Бокстан Азия чемпионатында Аида Әбікеева алтын алды

    Бокстан Азия чемпионатында Аида Әбікеева алтын алды

    Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта вьетнамдық Линх Ха Тхимен шеберлік байқасты. Бірінші кезеңде Аида ширақ қимылдап, алға ұмтылған қарсыласын соққымен күтіп алып отырды – 5:0.

    Екінші раундта да жекпе-жек барысы өзгере қойған жоқ – 4:1. Үшінші кезеңде вьетнамдық боксшы басым болғанымен, қорытынды нәтиже 5:0 болды. Осылайша, Аида Әбікеева Қазақстан қоржынына екінші алтынды түсірді.

  • Қазақстанда 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

    Қазақстанда 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

    Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында World Boxing халықаралық бокс федерациясының Конгресі өткен. Жиын барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде cаналатын 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

    Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанған еді. Қазақстан бұл ұйымға 52-ел болып қосылды. Сондай-ақ Өзбекстан да WB қатарына кірді. 2023 жылдың сәуірінде құрылған World Boxing құрамында қазір 55 мемлекет бар.