Метка: «Болашақ»

  • Қазақстандықтар «Болашақ» гранттары бойынша шетелде оқи алады

    Қазақстандықтар «Болашақ» гранттары бойынша шетелде оқи алады

    Қазақстандық мамандар «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде оқып, стажировкадан өте алады. деп хабарлайды Sona.kz.

    2025 жылы шәкіртақы тағайындау конкурсы жаңа ережелер бойынша өткізілді. Үміткерлер үш кезеңнен өтті және жыл ішінде қайта қатысу мүмкіндігіне ие болды. Конкурс қорытындысы бойынша 225 қазақстандық шәкіртақы алды. Орташа есеппен бір орынға төрт үміткер болды.

    Отырыста 2026 жылға арналған жаңа кәсіби стажировка категориясы – «жасанды интеллект жүйесінің қолданушылары» бекітілді. Бұл шешім экономикадағы цифрлық трансформацияны масштабтау және ІТ-компетенцияларды дамыту қажеттілігімен байланысты.

    Сонымен қатар 2026 жылдан бастап атом энергетикасы саласында магистратура, докторантура және стажировкаға арналған жеке категория енгізіледі. Жыл сайынғы квота – 20 шәкіртақы.

    Ақорда баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл өзгерістер ұлттық экономиканың негізгі салалары үшін мамандар дайындауға және цифрлық трансформацияны қолдауға бағытталған.

    Ерлан Карин бағдарлама іске асыруды әрі қарай жетілдіру, халықаралық «Болашақ» шәкіртақысын тиімдірек ету жөнінде тапсырмалар берді.

    Сарапшылар жаңа бағыттағы шәкіртақылар жастарға халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие білім мен дағдылар алуға мүмкіндік беретініне тоқталды.

  • «Болашақ» стипендиясына іріктеу талаптары өзгерді

    «Болашақ» стипендиясына іріктеу талаптары өзгерді

    «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы қабылданды.  Онда Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлайы Ғылым және жоғары білім министрлігі.

    2025 жылғы 17 қаңтардағы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.

    Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.

    Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

    Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.

    Жалпы бұл өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

  • ҚАЗҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

    ҚАЗҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

    Журналист-педагог Қанат Әуесбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы ЖОО баспасөз қызметі мәлім етті. 

    Қанат Әуесбайұлы 1982 жылы 14 қаңтарда қазіргі Тараз қаласында туған.

    2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдаған.

    БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарда бай тәжірибесі бар: «31 арна», «Қазақстан», «Astana» сияқты республикалық арналарда тілші, редактор-сарапшы, тележүргізуші, шеф-редактор, Жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, Президент орталығы баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры, Elorda Aqparat медиа-холдингінің директор орынбасары, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астанадағы филиалының төрағасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры болып қызмет етті.

    2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританияда ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті (University of East Anglia, Norwich). 

    Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған. «Turan-Astana» университетінде «құқық магистрі» академиялық дәрежесін алды.

    Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

    Ұлыбританияда басылып шыққан қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы.