Метка: Боран

  • Қонаевтағы апатты жағдайлар толық бақылауда

    Қонаевтағы апатты жағдайлар толық бақылауда

    Қонаев қаласында 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні секундына 23–25 метрге дейін жеткен қатты боран салдарынан 30-дан астам апатты жағдай тіркелді. Табиғи құбылыстың салдары қала инфрақұрылымына әсер етіп, бірқатар нысандарда уақытша іркілістер орын алды. Бұл туралы бұған дейін хабарланған болатын.

    Қала әкімі Асхат Бердіханов аппараттық жиын өткізіп, өзінің орынбасарларына, бөлімдер мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің басшыларына, «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ өкілдеріне, сондай-ақ Төтенше жағдайлар басқармасының, денсаулық сақтау саласының мамандарына апат салдарын қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

    Қазіргі уақытта барлық оқиға бойынша себеп-салдар талданып, келтірілген шығындар есептеліп жатыр.

    Бүгінгі таңда қала аумағында зақымданған конструкцияларды қалпына келтіру, электр желілерін жөндеу, құлаған ағаштарды тазалау, қоқыс шығару, қауіпті шатырларды тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

    Тұрғындар тарапынан жылу мәселесіне қатысты өтінімдер түскен. Осыған байланысты «Жылу Орталығы» мекемесінің мамандары түсініктеме берді. Олардың айтуынша, түнгі уақытта электр энергиясының 10–15 минутқа өшуі салдарынан ыстық су салқындап кеткен. Қазіргі таңда жылу жүйесі қалыпты, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тек ыстық судың қаладағы барлық нысандар мен тұрғын үйлерді толық айналып шығуына белгілі бір уақыт қажет.

    Ал «Қарлығаш» шағынауданында ауыз су беру уақытша тоқтатылған. Бұл аумақта сорғы қондырғыларын электрмен қамтамасыз ететін желілер жөнделіп жатыр.

    Қала әкімінің тапсырмасымен апат салдарын жою жұмыстарын үйлестіру үшін екі жедел штаб құрылған. Олар тұрғындардан келіп түскен өтінімдерді қабылдап, әрбір мәселе бойынша тиісті қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етуде.

    Бұдан бөлек, тұрғындарды үздіксіз ақпараттандыру мақсатында WhatsApp желісіндегі 109 және Қонаев әкімдігінің ресми тобы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген режимде қызмет етуде.

    Қазгидрометтің мәліметінше, қалада 12 желтоқсан күні де 15-20 м/сек боран соғады деп күтілуде. Тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұраймыз.
    ___

  • Қазақстанның басым бөлігінде жел күшейіп, көктайғақ болады

    Қазақстанның басым бөлігінде жел күшейіп, көктайғақ болады

    Қазақстан аймақтарында 2024 жылғы 2 желтоқсанда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжау консультациясы жарияланды, деп хабарлайды Қазгидромет.

    – Қазақстан аумақтарының басым бөлігі циклон мен атмосфералық фронттардың ықпалында болады. Осыған байланысты солтүстікте қар, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Тек республиканың батысында, оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы болады, – делінген хабарламада.

    Синоптиктер болжамынша, Республика бойынша тұман, солтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында желдің күшеюі, батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында көктайғақ күтіледі.

  • Ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Шығыс Қазақстан облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

    – 2024 жылғы 11 қарашада сағат 08:00–де Шығыс Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катон-Қарағай – Рахман қайнары» автожолының 6-166 шақырым аралығында (Ушанов ауылынан Алтай қаласына дейін) жүк және қоғамдық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды, — делінген хабарламада.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Қазгидромет еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялаған болатын.

  • Астанада бір тәулік ішінде 100-ден аса жол-көлік оқиғасы болды

    Астанада бір тәулік ішінде 100-ден аса жол-көлік оқиғасы болды

    Астана қаласының полиция департаменті ауа райының нашарлауына байланысты азаматтарды жолда мұқият болуға шақырды.

    Өткен тәулікте елордада 110 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жүргізушілерден өте мұқият болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды және автокөліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өтетін жерде жылдамдықты алдын ала төмендетуді сұраймыз, — делінген хабарламада.

    Сондай-ақ полицейлер жаяу жүргіншілерді де абай болуға шақырып отыр.

    Жолдан өткен кезде көліктердің тоқтағанын күтіңіз. Жол қозғалысы қағидаларын сақтау – өміріңізді сақтаудың кепілі, — деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.