Метка: БҰҰ

  • Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі атанды

    Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі атанды

    Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) тарапынан миграция мәселелері жөніндегі жаһандық ізгілік елшісі болып ресми түрде тағайындалды. Бұл туралы ұйым Instagram парақшасында жария еткен деп хабарлайды Sona.kz.

    Ұйым өкілдері Димаштың бұған дейін де жобаларға атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдауға үлес қосқанын атап өтті. Енді ол ұйымның бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілететін болады.

    Димаш өз пайымында бұл мәртебелі міндеттің үлкен жауапкершілік екенін айтты. Ол алдағы уақытта да көмекке мұқтаж жандарды қолдап, мигранттар мәселесіне қоғам назарын аударуға күш салатынын жеткізді.

    Танымал артисті тағайындау  БҰҰ-ның мәдениет және өнер саласындағы тұлғалармен әріптестікті кеңейту бастамасының бір бөлігі. Оның қатысуы жастармен коммуникацияны арттыруға және мигранттардың құқықтарын қорғау мәселелерін көтеруге ықпал етеді деп күтіледі.

     

  • БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарар қабылданды

    БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарар қабылданды

    Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    «Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады.

    Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі. Президент Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктес мемлекеттерге ризашылық білдірді.

    Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады», – деп жазды Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

  • Қазақстанға Ирак пен Сириядан 526 бала оралған

    Қазақстанға Ирак пен Сириядан 526 бала оралған

    Еуропалық одақ, Біріккен ұлттар ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) және сыртқы істер министрлігінің өкілдері қақтығыс аймақтарынан оралған балалар мен олардың отбасыларын реинтеграциялауға бағытталған бірлескен бағдарламаның прогресін талқылау үшін екінші үйлестіру кеңесіне жиналды.

    Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыру аясында серіктестер Қазақстандағы балаларды қорғау жүйесін нығайту және қақтығыс аймақтарынан оралған балаларға қажетті қолдау көрсету шараларын қабылдады.

    «Бағдарламаның табысты болуы барлық тараптардың бірлескен әрекеттеріне байланысты. Білім, ресурстар және тәжірибе алмасу арқылы біз қақтығыс аймақтарынан оралған балаларды реинтеграциялау үшін тұрақты шешімдер ұсына аламыз», – дейді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев.

    Кездесу барысында балаларды қорғау жүйелерін нығайту, білім беру және әлеуметтік-психологиялық қызметтерді жақсарту, баламалы отбасылық күтімді кеңейту және қақтығыс аймақтарынан оралған балалардың білімі мен дағдыларын дамыту мәселелері талқыланды.

    ЕО делегациясының Қазақстандағы ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур ЕО-ның аймақты қолдауға деген міндеттемесінің маңызды екенін атап өтті.

    «Еуропалық Одақ қақтығыстардан зардап шеккен балаларды қорғау және қайта интеграциялау жөніндегі Қазақстанның әрекетін қолдауда сенімді серіктес болып табылады. ЮНИСЕФ-пен және Қазақстан үкіметімен ынтымақтастығымыз білім беру, денсаулық сақтау және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметтердің сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады», – деді ол.

  • Ислам даму банкі Қазақстанға 1,2 млрд доллар бөледі

    Ислам даму банкі Қазақстанға 1,2 млрд доллар бөледі

    БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-конференциясы аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

    Президент «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы бойынша қаржылық және техникалық келісімнің бірінші фазасына қол қойылғанын айтты.

    Жобаны іске асыру Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді.

    Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына ұдайы қолдау көрсеткені  үшін Ислам даму банкінің басшылығына алғыс айтты.

    Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Келісім сомасы – 1,153 млрд доллар, сондай-ақ 3,5 млн доллар көлемінде грант беріледі. Бұл – банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы.

    Маңызды құжаттың жай-жапсары туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндады.

    Бүгін БҰҰ-ның климатты қорғау конференциясы аясында Қазақстан үкіметі мен Ислам даму банкі арасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстандағы су рестарын дамыту жобасын іске асыру үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру шартына қол қойылды. Оған сәйкес Ислам даму банкі Қазақстанға 1 млрд 153 млн доллар көлемінде қаржы бөледі, — деді басшы.

    Оның айтуынша, жоба іске асырудың арқасында елімізде 8 жаңа су қоймасы салынады.

    Сонымен қатар 3,5 мың канал желісі қайтадан салынады. Нәтижесінде елімізде ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын суармалы жердің көлемін 330 мың гектарға көбейеді. Жобаның іске асырылуы еліміздің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартып, қалпына келтіруге мүмкіндік береді, — деді министр.

    Ислам банкінің талабы бойынша жобаны гидротехника саласында мол тәжірибесі бар үздік компаниялар іске асыруы керек.