Метка: бухгалтер

  • Ақтауда 146 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған бухгалтер 5 жылға бас бостандығынан айырылды

    Ақтауда 146 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған бухгалтер 5 жылға бас бостандығынан айырылды

    Ақтау қалалық соты Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеген аса ірі мөлшердегі алаяқтық туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Тергеу барысында жергілікті бухгалтердің жүкті әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік төлемдерді заңсыз алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

    Қылмыстық жоспарды іске асыру үшін сотталушы әлеуметтік желілер арқылы жәрдемақы мөлшерін арттыру бойынша қызметтерін ұсынған. Ол туыстары мен таныстарының ЭЦП-сын пайдалана отырып, іс жүзінде шаруашылық қызметпен айналыспайтын жалған жеке кәсіпкерлерді (ЖК) тіркеген. Жалған еңбек шарттарын, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды және есеп айырысу ведомостарын дайындау арқылы заңды табыс көрінісі жасалған. Осы мәліметтер негізінде мемлекет жоғары мөлшерде төлемдер тағайындаған, содан кейін зейнетақы және әлеуметтік аударымдар кері қайтарылып отырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 146 млн теңгені құрады.

    Қылмыстық жолмен алынған табысқа сотталушы пәтер сатып алған, ол тергеу кезінде бұғатталды. Сот шешімімен әйел мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

  • Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтеріне үкім шықты

    Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтеріне үкім шықты

    Петропавл қаласында «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтері, 63 жастағы Ольга Замелацкаяға қатысты сот үкімі шығарылды. Бұл туралы Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Петропавл қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

    Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдан бастап сотталушы жалған құжаттарды пайдалана отырып қаржылық құқық бұзушылықтарға жол берген. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 245-бабы 3-бөлігі бойынша — аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

    Аталған қылмыстық іс бойынша сот процесі өткен жылдың шілде айында басталған. Істі қарау қорытындысы бойынша сот бұрын қолданылған бұлтартпау шарасын өзгертіп, сотталушыны сот залында қамауға алды.

    Сот үкіміне сәйкес, Ольга Замелацкая жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, оған 7 жыл мерзімге басшылық қызметтерді және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

    Сондай-ақ сот «Қызылжар» футбол клубы СК» ЖШС пайдасына 67,2 млн теңге көлемінде материалдық залалды, клуб өкілінің адвокатына төленген 3 млн теңге шығынды өндіруді міндеттеді.
    Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына 287,1 млн теңге, сондай-ақ 10,7 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілетін болды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • БҚО-да бухгалтерлер «өлі жандарға» жалақы аударып, 46 млн теңге жымқырған

    БҚО-да бухгалтерлер «өлі жандарға» жалақы аударып, 46 млн теңге жымқырған

    Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласында ірі көлемдегі қаржы ұрлығы әшкереленді, деп хабарлайды Sona.kz өңірлік ЭҚІД-ге сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, Теректі ауданының Орталық кітапхана жүйесінің бухгалтері мен бас бухгалтері екі жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аударып отырған. Ақша түптеп келгенде олардың жеке шотына түсіп отырған.

    Экономикалық тергеу департаменті «өлі жандардың» нақты саны мен атқарды делінген лауазымдарын тергеу құпиясына байланысты жария етпеді. Белгілісі — келтірілген шығын көлемі 45 миллион 990 мың теңгені құраған.

    Ашық деректерге сүйенсек, Теректі ауданындағы Орталық кітапхана жүйесіне 34 кітапхана қарайды. Кітапханашылардың орташа айлық жалақысы шамамен 164 мың теңге.

  • Сарыағаш ауданында білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлер сотталды

    Сарыағаш ауданында білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлер сотталды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

    Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б. Майриховқа, Н. Усипбековке, Д. Акатовқа және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды. Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Акатов пен Майрихов 7 жылға, Усипбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол үкіммен бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға сотталды.

    Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • Атырауда емхананың бас бухгалтері 8 жылға сотталды

    Атырауда емхананың бас бухгалтері 8 жылға сотталды

    Атырауда қалалық емхананың бас бухгалтері 8 жылға сотталды. Ол өзіне сеніп тапсырылған 573 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген.

    Қылмыстық іс қаланың №2 сотында қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабының 1-бөлігі негізінде қаралды.

    Сотта әйелдің қызмет бабын пайдаланып, қасақана пайдақорлық ниетпен 2012-2023 жылдары өзіне сеніп тапсырылған 573 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденіп, банктердегі өз есепшотына аударғаны анықталды.

    Қылмыстық жолмен алынған қаражатты мәмілелер жасасу арқылы заңдастырған.

    Істі қарау барысында сотталушы 3 млн теңгені өтеді. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, шынайы түрде өкініп, жеңіл жаза түрін тағайындауды сұраған.

    Сотталушы тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді.

  • Шымкентте бухгалтер мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды

    Шымкентте бухгалтер мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды

    Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен №96 М.Әуезов атындағы орта мектептің бас бухгалтері сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқырғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

    Мекеменің бухгалтері қызметтік жағдайын пайдаланып, ай сайын өзінің есеп шотына белгіленген мөлшерден артық ақша аударып отырған.

    «Барлығы 5 164 921 теңге сомасында аударым жүргізілген.»

  • Жетісу облысында білім бөлімі есепшілері ақша жымқырған

    Жетісу облысында білім бөлімі есепшілері ақша жымқырған

    Жетісу облысы Кербұлақ ауданы білім бөлімі есепшілері бюджет қаражатын жымқырған.

    Прокуратура мәліметінше,  2021-2023 жылдар аралығында білім бөлімінің 3 есепшісі онда жұмыс істемейтін адамдарға жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын заңсыз аударған. Келтірілген шығын – 34 млн теңге.

    Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот үкімімен бухгалтерлер Қылмыстық кодекстің 63-бабы («Шартты түрде соттау») бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Қызылорда облысында білім бөлімінің 200 млн теңгесін жымқырған 9 адам сотталды

    Қызылорда облысында білім бөлімінің 200 млн теңгесін жымқырған 9 адам сотталды

    Жаңақорған аудандық білім бөлімінде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды. 9 адам сотталды.

    «Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушылар бас бостандығынан айырылды. Қалған 7 сыбайлас бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, шартты түрде сотталды», — делінген Қызылорда облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің  хабарламасында.

    Сотта прокурорлар білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз ақша аударылғанын дәлелдеді.

    «Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған 9 адамға қатысты үкім шығарды. Келтірілген шығын ішінара өтелді», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.