Метка: буллинг

  • Мектептегі буллинг: оқушының денсаулығы туралы

    Мектептегі буллинг: оқушының денсаулығы туралы

    Алматыдағы жеке мектептің оқушысы сыныптастарының қысым көрсетуінен өзін-өзі өлтіруге әрекет жасап, қазіргі уақытта ауруханада емделіп жатыр. Балалар омбудсмені Диана Ерланның айтуынша, қыздың жағдайы тұрақты, дәрігерлер жақсарғанын атап өтті, деп хабарлайды Sona.kz Syrmedia.kz-ке сілтеме жасап.

    Омбудсмен әкесімен байланыста болып, отбасыға психологтың көмегі ұсынылды. Қалалық білім басқармасы оқиғаның мән-жайын тексеруде.

    «Оқиғаның себептері мен барлық мәліметтер әлі анықталуда. Расталмаған ақпарат пен қауесеттерді таратпауды сұраймын», – деді Ерлан.

    Полиция «Өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабымен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

  • Алматыда оқушыға қатысты буллинг ісі бойынша кеңейтілген комиссия құрылды

    Алматыда оқушыға қатысты буллинг ісі бойынша кеңейтілген комиссия құрылды

    Алматыда оқушыға қатысты буллинг дерегін тергеу үшін кеңейтілген комиссия құрылды. Комиссия құрамына прокуратура, полиция, денсаулық сақтау басқармасы, психологиялық қолдау орталығы және қалалық қоғамдық кеңес өкілдері енгізілген, деп хабарлайды Sona.kz KazTAG-ға сілтеме жасап.

    Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты және объективті тексеру жүргізілуде.

    Ведомство дерегінше, психологиялық қолдау орталығының мобильді тобы бұған дейін оқиға болған мектепке барған. Алдағы уақытта мамандар оқушылар арасында анонимді сауалнама жүргізіп, сыныптастарымен жеке тереңдетілген әңгімелесулер өткізуді жоспарлап отыр.

    Комитет мәліметінше, қыз баланың анасы баласына психологиялық сүйемелдеу көрсетуге келісім берген. Баланың жағдайы динамикалық бақылауға алынды, ал орталық мамандары отбасы мүшелерімен тұрақты байланыста жұмыс істеп жатыр.

    Бұған дейін қыздың әкесі Қанат Әміркин бір жыл бойы мектепке баласының буллингке ұшырап жатқанын жеткізуге тырысқанын, алайда мектеп тарапынан нақты шаралар қабылданбағанын мәлімдеген еді.

  • Алматыдағы жекеменшік мектепте буллингке байланысты қылмыстық іс қозғалды

    Алматыдағы жекеменшік мектепте буллингке байланысты қылмыстық іс қозғалды

    Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде оқушы қыз суицид жасауға әрекеттенген. Ата-анасының айтуынша, оқиғаға ұзақ уақыт бойы қатарластары тарапынан көрсетілген буллинг себеп болған. Қазіргі уақытта жасөспірім реанимация бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sona.kz  Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Оқиға туралы әлеуметтік желіде Канат Амиркин мәлімдеді. Оның айтуынша, ол бір жыл бойы мектеп әкімшілігіне қызының қорлық көріп жүргені туралы хабарлаған, алайда нақты шаралар қабылданбаған. Сондай-ақ ол буллингке бұрынғы әкімнің қызы қатысы болуы мүмкін екенін айтқан, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

    Алматы полициясы буллинг фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтау үшін тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Тергеу нәтижесі бойынша құқықтық баға берілмек.

    Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Мектепке психологиялық қолдау көрсету үшін мобильді топ жіберілді, оқушыға жеке психологиялық сүйемелдеу ұйымдастырылады. Мектеп әкімшілігіне мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу ұсынылды.

    Мамандардың пікірінше, білім беру ұйымдары буллинг фактілерін тіркеуге, уәкілетті органдарға хабарлауға және зардап шеккен балаларға психологиялық көмек көрсетуге міндетті.

  • Орал қаласында мектеп оқушысы бесінші қабаттан секіріп кетті

    Орал қаласында мектеп оқушысы бесінші қабаттан секіріп кетті

    Орал қаласында № 47 мектептің 10-сынып оқушысы тұрғын үйдің бесінші қабатынан секіріп кеткен. Оқиға 2025 жылғы 29-нан 30-қазанға қараған түні болған. Жасөспірім тірі қалғанымен, ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Sona.kz Hronika.kz-ке сілтеме жасап.

    Отбасының мәлімдемесі
    Қыздың әкесі Бақытжан Бурхановтың айтуынша, оқиға болған күні отбасы үлкен қызын ұзатуға дайындалып жатқан. Түнгі уақытта қыз үйде анасының жанында болған.

    Жасөспірім ауыр хәлде Орал қаласындағы балалар ауруханасына жеткізіліп, кейін санитарлық авиация арқылы Астанаға жөнелтілген. Дәрігерлер жамбас, омыртқа және аяқ сүйектерінің сынуын анықтаған. Бірнеше күрделі операция жасалған.

    Әкесінің айтуынша, есін жиғаннан кейін қыз 8-сыныптан бастап сыныптастары тарапынан қорлық көргенін айтқан. Оның ішінде мазақтау, қорлау және суреттерін чаттарға тарату фактілері бар. Қыз нақты адамдардың атын атаған.

    Отбасы мектеп әкімшілігі тарапынан тиісті бақылау болмағанын және құқық қорғау органдарының әрекетіне де наразылық білдіріп отыр.

    Мектептің ұстанымы
    № 47 мектеп әкімшілігі буллинг фактісін растамайды.

    Директордың орынбасары Айсәуле Қобыланқызының айтуынша, оқушылармен әңгімелер жүргізілген, сыныптағы ахуал қолайлы деп бағаланған. Сондай-ақ мектепте буллингтің алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

    Тергеу барысы
    Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы аталған дерек бойынша ҚР ҚК 105-бабының 3-бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

    Тергеу мүддесіне және кәмелетке толмаған баланың құқықтарын қорғау мақсатында өзге ақпарат жарияланбайды.

  • Тоқаев: мектептерде буллинг пен агрессияға жол берілмеуі тиіс

    Тоқаев: мектептерде буллинг пен агрессияға жол берілмеуі тиіс

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

    Мемлекет басшысы соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қабылданғанын айтты. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық-зомбылық түрі үшін жаза күшейтіліп, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының рөлі нығайтылды.

    «Ешбір жағдайда буллингке, қатыгездікке және агрессияға жол берілмеуі керек», — деді Тоқаев.

    Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде балалар суицидінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл – өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Барлық мектептерде «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орналастырылған.

    Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» атты антибуллинг бағдарламасы енгізіледі. Оның мақсаты – балалар мен жасөспірімдер ұжымында қудалаудың алдын алу.

    «Мемлекет өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жоспарлы түрде жетілдіре береді. “Не ексең, соны орасың” деген мақал бар. Бүгін балаларымызға не дарытсақ, соған болашақта бүкіл ұлттың келбеті байланысты болады. Дәл мектеп қабырғасында Әділетті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргетасы қаланады», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Балаға кесірін тигізген видео үшін министрлік блогерлерге ескерту жасады

    Балаға кесірін тигізген видео үшін министрлік блогерлерге ескерту жасады

    Анасының рұқсатынсыз түсірілген тоғыз жастағы баланың видеосы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Daricorn есімді блогер Qatty Tatty дәмханасын жарнамалау үшін түсірген роликтен кейін балаға мектепте, секцияда және аулада мазақ көрсетілген. Баланың анасы видеодағы монтаж баланың сөзін бұрмалап көрсеткенін айтты. Оқиғаға Білім министрлігі араласып, отбасына психологиялық және заң көмегін ұсынды. Ведомство блогерлерге ескерту жасады: баланың бейнесін ата-анасының рұқсатынсыз пайдалануға заң тыйым салды.

  • Ақтөбе облысында екі оқушы адам өліміне қатысты қамауға алынды

    Ақтөбе облысында екі оқушы адам өліміне қатысты қамауға алынды

    Ақтөбе облысында екі оқушы адам өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. Мектеп директоры қызметінен босатылды.

    «ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабының тәртібімен кәмелетке толмаған 2 күдікті ұсталды. Темір аудандық соты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Оқиға бойынша тергеп-тексеруді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр. Қадағалауды жүзеге асыру тәжірибелі процессуалдық прокурорлар тобына жүктелді. Облыстық прокуратура жергілікті атқарушы органның атына Темір ауданы әкімінің, облыстық Білім басқармасы және аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін шешу жөнінде ұсыныс енгізді. Бүгінгі күні қадағалау актісімен Қопа ауылындағы мектептің директоры Р.Е.Қаржауов қызметінен босатылды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне қатысты жарияланбайды», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

    Айта кетейік, оқушы өлімімен аяқталған қайғылы жағдай 2 қыркүйек күні Темір ауданы Кеңесту ауылында болған. Оқушылар төбелескен.  Қайтыс болған 9 сынып оқушысы Қопа орта мектебінде оқыған.