Метка: Дәрігер

  • Жаңаөзенде дәрігер өлтірілді: медициналық мекемеде пышақпен шабуыл жасалды

    Жаңаөзенде дәрігер өлтірілді: медициналық мекемеде пышақпен шабуыл жасалды

    Жаңаөзенде медициналық қызметкерді өлтіру фактісі тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам аурухана ғимаратында терапевт дәрігерге пышақпен шабуыл жасап, ауыр жарақат салған. Дәрігердің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB NEWS-ке сілтеме жасап.

    Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қаза тапқан дәрігер 29 жаста болған. Алдын ала дерек бойынша, ер адамдар арасында тұрмыстық-семейлік сипаттағы жанжал туындаған.

    Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен полицияға келіп, жасаған қылмысын мойындаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

  • Астанада дәрігер мүгедектік рәсімдеп беремін деп алты адамды алдаған

    Астанада дәрігер мүгедектік рәсімдеп беремін деп алты адамды алдаған

    Астанада клиникалардың бірінде жұмыс істейтін дәрігерге сот үкімі шықты. Ол азаматтарға мүгедектік рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, алты науқасты алдаған, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz дерегіне сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, медицина қызметкері мұндай ұсыныстарды жұмыс орнында жасаған, алайда оған мұндай қызметпен айналысуға ешқандай өкілеттік берілмеген. Ол пациенттерден 4 миллион теңгеден астам қаражат алып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Прокуратура ұсынған дәлелдер толық расталған соң, сот айыпталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын толығымен өтелді. Үкім заңды күшіне енді.

     

  • Қостанайда дәрігерін соққыға жыққан науқастың соты басталды

    Қостанайда дәрігерін соққыға жыққан науқастың соты басталды

    Қостанайда облыстық аурухананың хирургы Антон Кистановты ұрып-соққан науқас сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 17 шілдеде болған. Кезегін ұзақ күткеніне ашуланған пациент дәрігердің қабылдау бөлмесіне кіріп, кенеттен басынан ұрып жіберген. Соққы салдарынан дәрігер қабырғаға соғылып, ауыр жарақат алды: миы шайқалып, субдуралды қан құйылу мен бас сүйегінің сынуы тіркелген. Ол жансақтау бөліміне жатқызылып, кейін Астанаға шұғыл жеткізілген.

    Қазіргі уақытта Кистанов ауруханадан шыққанымен, жұмысқа қайта орала алмай отыр. Дәрігерде есте сақтау қабілетінің ішінара жоғалуы, оқу мен жазуда қиындықтар бар.

    Айыпталушы Абылайхан Серенжепов сотта кінәсін мойындады. Белгілі болғандай, ол бұған дейін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған: көлік жүргізу құқығынсыз мас күйінде көлік айдағаны үшін, сондай-ақ Ақмола облысында топтық қарақшылық жасағаны үшін шартты түрде 3 жыл 9 айға сотталған.

    Сот барысында науқастың ашуына дәрігердің қабылдауды кешіктіргені себеп болғаны айтылды. Алайда Кистанов сол күні таңертең екі шұғыл операция жасағаны анықталды.

  • Ақтөбеде белгілі дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

    Ақтөбеде белгілі дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

    Ақтөбеде 69 жастағы дәрігер-нефролог Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Күдікті ретінде 31 жастағы әріптесі өтіп жатыр. Ол өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, медбике қылмысты алдын ала жоспарлаған. Ол дәрігердің жалғыз тұратынын және банк шотында қаржысы барын білген. Күдікті Айсағалиевтің телефонына банк қосымшасын орнатып, құпиясөзді есте сақтаған.

    25 мамыр түні дәрігер астаналық іссапардан оралған соң әріптесін үйіне кіргізген. Сол жерде оған пышақ және балтамен соққы жасалған. Кейін мәйіт тоңазытқышқа жасырылып, басқа жерге әкетілген. Банкоматтар арқылы дәрігердің есепшоттарынан 7 миллион теңгеден астам қаржы алынған.

    Күдікті өкініш білдіріп, істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұрады. Негізгі сот процесі 25 қыркүйекте басталады.

    Абай Айсағалиев ұзақ жылдар медицина саласында еңбек етіп, Ақтөбеде кәсіби маман әрі құрметті дәрігер ретінде танылған.

  • Сызғанов орталығындағы дау: дәрігер қызметінен кетті

    Сызғанов орталығындағы дау: дәрігер қызметінен кетті

    Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында жанжал шықты. Актриса әрі продюсер Айнұр Ильясова анестезиолог анасына жасалған отадан кейін ақша талап етті деп мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Ильясованың айтуынша, дәрігер шұғыл байланыс нөмірін пайдаланып, оған ақша аударуды сұрап хабарлама жіберген. Кейін науқас анасына келіп, «қызыңызды тыныштандырыңыз» деп талап қойған.

    Клиника ішкі тексеріс жүргізді. Сыбайлас жемқорлық белгілері анықталмағанымен, этика комиссиясы дәрігердің әрекеттерін тәртіптік бұзушылық деп танып, сөгіс беруді ұсынды.

    Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тексеріс қорытындысын растады. Оның айтуынша, дәрігер өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазып, ол 22 тамызда қабылданды.

    «Оның әрекетінде тәртіптік бұзушылық анықталды. Дәрігер жұмыстан өз қалауымен кетті», — деді министр.

    Министрдің мәлімдеуінше, орталықта медициналық этика нормаларын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Басшылық кез келген заңбұзушылыққа қатаң қарайды.

    ? Анықтама: Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы 1945 жылы құрылған. Қазақстандағы жетекші мекемелердің бірі, трансплантология, жүрек-қан тамыр, онкохирургия және эндоскопия саласына маманданған.

  • Суға бату диагнозы: Қонаевтық дәрігерлер 30-ға жуық азаматтың өмірін сақтап қалған

    Суға бату диагнозы: Қонаевтық дәрігерлер 30-ға жуық азаматтың өмірін сақтап қалған

    Қонаевта шомылу маусымында түрлі ойын-сауықпен қауіп-қатер қатар жүреді. Кей демалушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, кейде күтпеген жағдайлар орын алып, адамдар суға кетеді. Мұндайда құтқарушылар мен медицина қызметкерлері көмекке келеді.

    Мамандардың осындай еңбегін елеп-ескеріп, 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов бүгінгі күннің батырларын марапаттады.

    «Жастарымыз әр салада жетістіктерге жетіп, туған қаламыздың дамуына лайықты үлес қосып келеді. Қала әкімдігі әрқашан белсенді, мақсатшыл жастарды демеп, олардың бастамаларына қолдау көрсетуге дайын. Сіздерді Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын!» — деді әкім

    Басқосуда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хаты су бетінде өнер көрсетіп, қаламыздың атын республикалық және халықаралық деңгейде танытып жүрген Флайбордтан спорт шебері Олеся Колесниченкоға табыс етілді.

    Ал қала әкімінің Алғыс хатымен:
    • 8 азаматты судан шығарған құтқарушы Бекзат Рахимжанов;
    • 6 азаматты судан шығарған Бақдәулет Тұрсын;
    * жансақтау бөлімінің дәрігері Рият Бакриев және кіші медицина қызметкерлері Бақжан Іскендір, Қанат Арынбаев;
    • қаламыздағы коммуналдық қызметтердің тоқтаусыз жұмыс істеуіне үлес қосқан энергетик Бекзат Тәңірберген;
    • «Қонаев Су Арнасы» МКК қызметкері Дәулет Ағайдаров;
    • «Қонаев Жылу орталығы» МКК электрожөндеушісі Руслан Макатьев марапатталды.

    Жиын соңында реанимотолог Рият Бакриев те жастарды мерекемен құттықтап, мамандығының қыр-сырымен бөлісті.

    «Біздің бөлімге адамдар үнемі шұғыл жағдайларда түседі. Осы шомылу маусымында 30-ға жуық адамның өмірін құтқарып қалдық. Соның ішінде есімде қалғаны жасы үшке жетпеген баланың оқиғасы болды. Ол балада жансақтау бөліміне түспей тұрып, бір рет клиникалық өлім болған, кейіннен барлық дәрігерлер күш біріктіріп, жанын алып қалдық. Мұнда жедел жәрдем бригадаларының да еңбегін айта кету керек. Олар бізге дейін адамдарға алғашқы көмекті көрсетіп, дәрі-дәрмекті егіп, қажет болған жағдайда жасанды тыныс алу аппаратымен алып келеді. Ары қарай науқастарға күндіз-түні біз қараймыз», — деді дәрігер.

    Айтуынша, суға батудың ең көп себебі – алкогольдік өнімдерді қабылдау.

    «Суға бату диагнозымен түскен ересектердің 70-80 пайызында алкогольді мас күйде болу дерегі тіркелді. Бұл – адамдардың өз өміріне бей-жай қарайды деген сөз», — деді Рият Бакриев.

    Сондай-ақ ол қазақстандық жастарды мерекесімен құттықтады.

    «Барша Қазақстан жастары күні құтты болсын! Олар – ел болашағы, сондықтан жастар білімді, білікті болуын тілеймін», – деді ол.

    Салтанатты жиын жастардың естелік суретке түсуімен өз мәресіне жетті.

  • Қазақстанда дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қатаң жаза енгізу ұсынылды ⠀

    Қазақстанда дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қатаң жаза енгізу ұсынылды ⠀

    Қазақстанның Қылмыстық кодексіне медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау мен қорқытуға қатысты жаңа — 158-1-бап енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Министрдің айтуынша, бұл түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген және Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің алдын ала мақұлдауынан өткен. Жобада мынадай жаза түрлері қарастырылған:
    – қорқыту әрекеті үшін — 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу,
    – зорлық-зомбылық қолданса — 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
    – төтенше жағдай кезінде жасалса — 10 жылға дейін,
    – бірнеше адам топ болып бірнеше медицина қызметкеріне шабуылдаса — 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

    Министр бұл шаралар медицина қызметкерлерінің өмірі мен қауіпсіздігін қорғау үшін қажет екенін айтты. Заң жобасы қыркүйек айында Парламентке енгізіледі.

  • Дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады: ЖРВИ кезінде үйде қалыңыз

    Дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады: ЖРВИ кезінде үйде қалыңыз

    Тұмау және ЖРВИ ауруының алдын алу үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтау керек: көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу; үй-жайларды жүйелі түрде желдету; қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалану; науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау; тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге жібермеу; ауру белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну керек.

    «Ауру жеңіл өтіп жатса да, тәуекел етпеңіздер, балаларды үйде қалдырыңыздар, өйткені вирустар ассоциациясы болу қаупі өте жоғары. Эпидемиялық маусым ушыққан кезде ересектер 2-3 рет, ал балалар, әсіресе бес жасқа дейін, 6-9 рет ауырады, өйткені олар вирустық инфекцияға алғаш рет тап болады. Антибиотиктерді өз бетінше және жаппай қабылдамай, ағзаның вирусты өз бетінше жеңуіне мүмкіндік беру керек», – деді «Астана медицина университеті» КЕАҚ Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.