Метка: Дауыл

  • Қонаевта дауыл салдарын жоюға 300-ден астам адам жұмылдырылды

    Қонаевта дауыл салдарын жоюға 300-ден астам адам жұмылдырылды

    Қонаевта коммуналдық және жедел қызметтер қатты соққан желдің салдарын жоюды күшейтілген режимде жүргізуде. Қалпына келтіру шаралары толықтай қала әкімдігі есебінен жүріп жатыр.

    Қолайсыз ауа райы кезінде желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жетті. Тұрғын үйлердің шатырлары, электр желілері және қалалық инфрақұрылымның жекелеген нысандары зақымданды. Апат салдарын жоюға 300-ден астам адам мен 60-тан аса арнайы техника жұмылдырылды.

    Жедел штаб құрылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шамамен 30 тұрғын үйдің шатырына зақым келген. Аумақтарды тазалау жұмыстары аяқталып, қалпына келтіру шаралары жоспарлы түрде жүріп жатыр.

    Сондай-ақ қатты жел салдарынан 40 шақырымқа жуық электр желісі зақымданды. Қазіргі таңда ақаулар толықтай қалпына келтірілді.

    Пәтер иелері кооперативтері қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, шатырларды және инфрақұрылым нысандарын жөндеуде.

    «Қала аумағында қатты жел түн бойы соғып, түске дейін сақталды. Табиғи құбылыстың салдарынан зардап шеккендер жоқ, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп тіркелмеді. Жедел штаб құрылып, барлық қызметтер жұмыс істеуде. Тұрғындардан түскен барлық өтінімдер бақылауда, бірде-бір мекенжай назардан тыс қалмайды. Қала тұрғындарын ауа райы болжамдары мен Құтқару қызметінің ескертулерін қадағалауға шақырамыз», – деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.

    Сонымен қатар Құтқару қызметі алдағы күндері желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін күшеюі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

  • АҚШ-та 1 млн астам адам шұғыл қауіпсіз жерге көшеді

    АҚШ-та 1 млн астам адам шұғыл қауіпсіз жерге көшеді

    АҚШ-тың оңтүстік-шығысына тағы бір жойқын дауыл жақындап келеді. Қуаты бесінші деңгейге көтерілген «Милтон» атты құйын ертең халық тығыз орналасқан Флорида шығанағы жағалауына жетеді деп болжанып отыр. Жергілікті билік 1 миллионнан астам адамға шұғыл қауіпсіз жерге көшуді бұйырды. Салдарынан жолдарда ондаған шақырым көлік кептелісі пайда болды. Мамандар қозғалысты жеңілдету үшін жол жиектерімен жүруге рұқсат бергенімен қозғалыс әлі де баяу. Жанармайдың жетпеуі де эвакуацияға кедергі келтіріп жатыр. Көп бекетте жанармай таусылған. Дауылдың алдында әуежайлар жұмысын тоқтатты. Мектептер мен әлеуметтік нысандар да уақытша жабылды. Қазір жылдамдығы сағатына 260 шақырымға жеткен дауылдың қуаты жағалауға жеткенде бірашама бәсеңдеуі ықтимал. Дегенмен соның өзі аймақтың инфрақұрылымына үлкен зиян тигізуі мүмкін.

  • 189 адам «Хелен» дауылынан қаза тапты

    189 адам «Хелен» дауылынан қаза тапты

    АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис «Хелен» дауылынан зардап шеккен аймақтарға аттанды. Соңғы мәліметке қарағанда, жауындатып соққан сұрапыл желден қаза тапқандар саны 189-ға жеткен. Сонымен қатар, бес штатта 1 миллиондай үй мен кәсіпорын жарықсыз отыр. Бұған қоса, Оңтүстік және Солтүстік Каролина, Джорджия, Флорида, Теннесси штаттарында сан мың үй қирап, көпірлер мен жолдар, құбырлап бұзылып, жүздеген мың тұрғын ауыз сусыз қалды. Қазір апат жайлаған аудандарда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.
    «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, кейінгі күндері Атлант мұхитында «Кирк», «Лесли» атты дауылдар күшейіп келеді. Дегенмен, олардан төнген қауіп жөнінде әзірге ескерту жасалмай отыр.

  • АҚШ-та дауыл жылдамдығы 225 шақырымға жеткен

    АҚШ-та дауыл жылдамдығы 225 шақырымға жеткен

    АҚШ-тың Флорида штатында «Элен» дауылы соқты. Ол бұл аймаққа сағатына 225 шақырым жылдамдықпен жеткен. Соңғы мәліметке қарағанда, бір адам қаза тапты. Америкалықтың үстіне жол бойындағы белгі құлап кеткен. Жауындатып жеткен дауылдан кейбір елді мекендер мен қалаларды су басты. Жергілікті билік халықты қауіпті аудандардан көшуге шақырып отыр. «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Флоридада бір миллиондай, Джорджияда 50 мыңдай үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды. Осы штаттмермен бірге Алабама, Каролина, Вирджина штаттарында да төтенше жағдай жарияланған.

  • Шанхайда дауыл: 400 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

    Шанхайда дауыл: 400 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

    Қытайдың Шанхай қаласында «Бебинка» атты дүлей дауыл көтерілді. Мұндай қатты жел 75 жылда болмаған. Осыған байланысты қаланың 25 миллион тұрғынына үйде отыру туралы кеңес берілді. Сақтық шарасы ретінде 400 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұндай сұрапыл дауылға шанхайлықтар 1949 жылдан бері алғаш рет куә болып отыр. Тайфун кезінде желдің жылдамдығы сағатына 151 шақырымға жеткен. Қаладағы басты екі әуежайда 600 мыңдай ұшақ рейсі тоқтатылды. Пойыз қатынасы да доғарылып, тас жолдар жабылған. Қала ішінде көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асыруға тыйым салынды. Кемелерге де портқа оралу туралы бұйрық берілген. Ойын-сауық және демалыс саябақтары жабылды.

     

     

  • Рейстер кешігеді: Дауыл мен бұршақтан Air Astana  ұшақтары зақымдалған

    Рейстер кешігеді: Дауыл мен бұршақтан Air Astana ұшақтары зақымдалған

    Air Astana әуекомпаниясы 9 тамыз күні рейстердің кешігуі мүмкін екендігі туралы хабарлады.

    «Рейстердің кешігу себебі 8 тамыз күні Астанада болған дауыл мен бұршақтың салдарынан болуы мүмкін. Қазіргі уақытта әуекомпания бұршақтың салдарынан төрт ұшақтың зақымдалғанын анықтады. Әуекомпания инженерлері қажетті тексеру және жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу жұмыстары бірнеше күннен кейін бітеді»,- делінген ведомствоның хабарламасында.

    Жолаушыларымыздан әуежайға жол тартпас бұрын рейс статусын әуекомпания сайтында тексерулерін сұрайды. Қосымша сұрақтар туындағанда осы номерлерге хабарласып, білуге болады.

    +7 727 244 44 77
    +7 7172 58 44 77
    +7 702 702 44 77
    +7 705 927 44 77
    WhatsApp: +7 702 702 00 74
    Online chat: airastana.com