Метка: демалыс

  • Қазақстандықтар Конституция күнінде қалай демалады

    Қазақстандықтар Конституция күнінде қалай демалады

    Қазақстандықтар Конституция күніне орай үш күн қатарынан демалады.

    «Электрондық үкімет» порталының дерегіне сәйкес, биыл 30 тамыз – Конституция күні сенбіге сәйкес келеді. Заңға сай, егер мереке демалыс күніне (сенбі немесе жексенбі) түссе, қосымша бір күнге ұзартылып беріледі.

    Осылайша, қазақстандықтар 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек күндері (сенбі, жексенбі, дүйсенбі) демалады.

    ? Конституция күні – Қазақстандағы басты мемлекеттік мерекелердің бірі.
  • Жаңа жылда қазақстандықтар неше күн демалады?

    Жаңа жылда қазақстандықтар неше күн демалады?

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

    «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «2025 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы» бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 5 қаңтардағы жексенбі, яғни демалыс күні 2025 жылғы 3 қаңтарға, жұмаға ауыстырылады», – деп хабарлады министрлік.

    Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 1-4 қаңтар, ал жұмыс аптасы алты күнді құрайтын азаматтар – 1-3 қаңтар күндері демалатын болды.

    Демалыс күнін ауыстыру жұмыс уақытын оңтайлы бөлуге және азаматтардың демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

  • Қазан айында неше күн демалыс?

    Қазан айында неше күн демалыс?

    Республика күніне байланысты қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында 25, 26, 27 қазан күндері демалады.

    Биыл 25 қазан жұмаға сәйкес келетіндіктен, қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады. Ал алты күндік жұмыс аптасымен есептегенде: 25 қазан – демалыс, 26 қазан – жұмыс күні, 27 қазан – демалыс.

  • Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Жалпақ жұрт еңбек демалысына жапа-тармағай шығып жатыр. Оның бірі –дәрігер, бірі – кәсіпкер, мемқызметкер, тағысын тағы. Тақырыптан алшақтамай, Sona.kz ұжымы әкімдер жаздың аптап ыстығында демалысын қалай өткізетіні жайында зерттеу жүргізді.

    Бізді таңқалдырғаны Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының берген жауабы болды. Сөзінше, 3 жылдан бері еңбек демалысына шықпаған, теңізде шомылып, күнге күймеген.

     

    «Жалпы әкім тарихи орындарда уақыт өткізгенді жақсы көреді. Сондай-ақ ол ішкі туризмді дамытуға кеңес береді», – делінген жауапта.

    Өңір басшысы мүмкіндік болса, Түркия, Египет, Грузия сынды елдерге барып қайтуды да жөн санайды. Мұнда тек демалып қоймай, тарихпен танысуға мүмкіндік бар – дейді әкім.

    Ұлытаумен қатар құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Берік Әбдіғалиұлына қарағанда екі рет қысқа мерзімді еңбек демалысына барған. Ал халыққа Алакөл мен Шошқалы көлдерінің табиғатында уақыт өткізуді ұсынады.

    Курорт пен санаторийсіз қызмет еткендердің қатарынан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да табылды. Ол екі жыл бойы ақ тер, қара терге түсіп, жұмыс жасап жүр. Қолы қалт еткенде ақ жаулықты анасына барады. Елдің түкпіріндегі басқа жерлерден гөрі, бұқараны Түркістанға келіп, зиярат етіп, «Керуен сарайды» көруге шақырады.

    Келесі әкім – жиында қарамағындағы мемқызметкерді Антикор алып кеткен Ғабит Сыздықбеков. Елді елең еткізген басшы былтыр тағайындалғаннан Шымкенттен аттап баспаған, жанына жай іздемеген. Техас лақап атымен танымал Шым шаһарға келуге кеңес береді.

     

    «Біздің қаладан экскурсияны да, тарихи-мәдени орындарды да, емдік аймақтарды да, бизнес туризмін де табуға әбден болады. Шымкент – арзан қалалардың бірі, сондықтан халыққа қолжетімді», – деп жазды әкімдік.

    Басына күн туған батыстық әкім Нариман Төреғалиев болса, биыл еңбек демалысына шығуды жоспарламаған. БҚО-ның мамандары су тасқыны салдарын жоюмен айналысуда. Негізі бір бүйірі санаторийге барып, ем алуға бұрып тұрады.

    Нариман Төреғалиұлы секілді биылдыққа жоспары жоқтың санатында Ақтөбе мен Ақмола облысының әкімдері де бар. Олар үшін көктемгі күйзеліс күз соңы мен қыс басына дейін жалғасатыны – анық. Ақтөбелік әкім өз өңірін мақтап, өзгеден ерек көреді. Табиғаты тұмса, көңілден шығатын аймақтардың бірқатарын тізіп жазыпты: Қарғалы су қоймасы, сарқырамалар, «Аққұм», «Ақтолағай» борлы тауы, «Барқын», «Аққайың» орманы, «Қобыланды батыр» мемориалды кешені және т.б. Ал ақмолалықтар жай ғана: «Бізге келіңдер, көріңдер» — деп, сұраққа сараң жауап қатты.

    Атыраулық шенеунік жоспарымен бөлісуден бас тартты, бірақ, отбасымен демалғанды ұнататынын жазды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Тұздыкөл, Ақкерегешін, Нарын, Ақмешіт, Сарайшық секілді тарихи әрі әсем жерді көруге шақырады.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр демалысқа шыққанын білеміз. Ал биыл не көздеп отырғанын ашып жазбады. Ол «Көлсай көлдері», «Іле Алатауы», «Шарын шатқалы» ұлттық парктері туралы жүз естігенше, бір көруді ұсынды.

    Маңғыстаулық, астаналық шенділердің түртіп өткені мүлде қанағаттандырмады.

     

    «Әр маман қайда демалам десе де, өзі біледі», — деп астаналықтар қысқа қайырды.

    Бас қаланың әкімі Жеңіс Қасымбек былтырлары халық сынына ұшырағаны есімізде. Әлі де кері байланыс орнатып, қарым-қатынас құруды үйренбеген секілді.

    Маңғаз маңғыстаулықтар шын мәнінде маңғаз екендерін дәлелдеп, шенді-шекпенділер турасындағы заңды алға тартты. Нұрдәулет Қилыбай демалысын қалай өткізетіні жайлы сөз етпеді. Есесіне, өңірде 17 туроператордың қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

    Жалпы біз сұраған облыс және қала әкімдерінің барлығы дерлік жақындарымен уақыт өткізгенді абзал санайтындарын атап өтті. Расымен солай ма?! Ақиқатын халық іштей сезеді, түйсінеді. Біздікі – ресми хатты әлеуметке жеткізу ғана.