Метка: Дизель

  • Бензин және дизель отынын шығаруға тыйым салынды

    Бензин және дизель отынын шығаруға тыйым салынды

    Құжатқа сай, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00 ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілген.

    Тыйым мына өнімдерге таралмайды:

    майлау майларына (2710 19 820 0, 2710 19 840 0, 2710 19 860 0, 2710 19 880 0, 2710 19 920 0, 2710 19 940 0, 2710 19 980 0, 3403 19 900 0, 3403 91 000 0 ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары);
    дайындаушы зауытта көзделген автомобиль көлік құралдарының бензин бактарындағы бензинге;
    ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынған авиациялық отынға (уәкілетті органмен келісілген және қажетті авиациялық отын үлгілерінің көлемі көрсетілген хат болған жағдайда);
    Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек шеңберінде әкетілетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне.

    ҚР Энергетика министрлігі бұл шара ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін жасалғанын атап өткен.

    Айта кетейік, бұйрық 29 қаңтардан бастап күшіне енді.

     

  • Алматыда дизельмен жүретін автобустарға тыйым салынды

    Алматыда дизельмен жүретін автобустарға тыйым салынды

    Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, елдегі 15 қаладағы ауаның ластану деңгейі жоғары. Бұл тізімде Алматы және Қарағанды қалалары көш бастап тұр.

    Үкімет ауаны тазарту үшін “жасыл энергетиканы” дамытуға күш салып отыр. Жалпы қандай жұмыс жүріп жатыр?

    Елдегі 45 қаланың ішінде 8 шаһардағы ауаның сапасы өте төмен. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде хабарлады. Олардың қатарында үш мегаполис – Алматы, Астана мен Шымкент бар. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе мен Өскемен де осы тізімнен ойып тұрып орын алды. Бұлардың барлығы өндірісті қалалар екені белгілі. Ауаның ластануына жылу электр орталықтары мен кәсіпорындар әсер етеді. Дегенмен автокөліктердің де үлесі жоғары.

    Мәселен, Алматыда түтіннің 60 пайызы көліктерге тиесілі. Ал 27 пайызын өнеркәсіп шығарады. Көліктердің зиянын азайту мақсатында дизельмен жүретін автобустарды сатып алуға тыйым салынды. Енді жылу қазандықтары да газға көшірілмек.

    – Бүгінде мегаполисте ауаға тарайтын түтін көлемі 225 мың тоннадан асып отыр. Қазір жылу-электр орталығын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде, ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі 93 пайызға, яғни 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді. 2026 жылы жылу көзін көмірден газға ауыстыру жоспары бар. Сондай-ақ жеке тұрғын үй секторын газбен қамтуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда үйлердің 99,4 пайызына тиісті инфрақұрылым тартылды, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

  • Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Ал, егін науқаны аяқталғанша 355 мың тонна жеткізіледі. Егер бұл отын көлемі де жетпесе қосымша тағы бөлінеді. Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға осы мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Үкіметте күзгі жиын-терін бойынша кеңес өтті. Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау науқандарына рекордтық көрсеткіш көлемде қаражат бөлінді. 580 млрд теңге. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу 5 есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан шаруаларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Үкімет Басшысы жағдайды бақылауда ұстау үшін жедел штаб құруды тапсырды. Енді вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығмен тиісті министрліктер, әкімдер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін штаб құралады.

    «Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.