Метка: Думан Мұхаммедкәрім

  • Думан Мұхамедкәрімді Талдықорғаннан Қызылордаға әкетті

    Думан Мұхамедкәрімді Талдықорғаннан Қызылордаға әкетті

    Талдықорғандағы тергеу изоляторында жатқан журналист Думан Мұхамедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетті. Ақпаратты оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты.

    – Иә, этаппен жіберді. Қай жаққа қазірге дейін жеткенін білмеймін. Ол бір аптадан кейін белгілі болады. Мен бұған дейін Думанды Заречныйға жіберу жөнінде өтініш білдірген едім. Бірақ біздің өтінішімізді орындаудан бас тартқан сыңайлы. Кеше кешке ол туралы хабарлама келді, – деді адвокат.

    Адвокаттың айтуынша, заң бойынша Думан Мұхамедкәрім өзі тіркелген өңірде жазасын өтеуі тиіс болған.

    Айта кету керек, Қонаев қалалық сотының үкімімен биыл тамызда журналист жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Журналист үкім бойынша сонымен бірге, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды. Оған “экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп айып тағылған еді.

  • Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымын сот мақұлдамады

    Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымын сот мақұлдамады

    7 қарашада Мұхтар Әбіләзовтен сұхбат алып, оның есеп шотын жариялағаны үшін 7 жылға сотталған Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымын облыстық сот мақұлдамады. Осы іске қатысты 20-дан аса сот отырысы өтті. Осы жолғы сот отырысы жабық өткен соң, тек қорғаушылары ғана қатыса алды.

    Бұл туралы адвокат Ғалым Нұрпейісов: «Сотқа Думанды жақтап келген бір топ адам жиналып, «Думанға бостандық» деп сыртта айқайлады. Облыстық соттың айналасына арнайы жасақ қойылды. Құзырлы орган қызметкерлері бұл шерудің заңсыз екенін ескертумен болды», – деді.

    Естеріңізге сала кетсек, «Тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» айыптары тағылған Думан Мұхаммедкәрімге кезінде Қонаев қалалық соты 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді. Бүгін облыстық сот сол шешімді өзгеріссіз қалдыратындарын жариялады.

    Ал аппеляциялық шағымды қараған сот отырысына адвокаты мен құқық қорғаушысы ғана кіре алды.

    Адвокаттың айтуынша, журналистің Мұхтар Әбіләзовтен алған сұхбатында оған қойылған сұрақтары экстремистік ұйымды қолдау ретінде қаралмауы керек.

    «Әбіләзовке қойылған сұрақтар ешқандай партияны немесе қозғалысты қолдауға бағытталмаған. Бұл – абсурд. Адвокаттардың гонорары үшін қаражат жинау экстремизмді қаржыландыру емес», – деді қорғаушы Ғалым Нұрпейісов.

    Ол сондай-ақ қылмыстық іс пен үкімнің заңсыз және жалған екенін айтты.