Метка: ЭЦҚ

  • 11 тамыздан бастап ЭЦҚ тек онлайн беріледі

    11 тамыздан бастап ЭЦҚ тек онлайн беріледі

    Sona.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды, 2025 жылғы 11 тамыздан бастап Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) беру тәртібі өзгереді. Енді бұл қызмет тек онлайн форматта көрсетіледі.

    Бұл шешім азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін арттыру және цифрлық жеке басын қорғау мақсатында қабылданған. Яғни, ЭЦҚ-ны бөгде адамдардың алу мүмкіндігі толығымен жойылады.

    Бұған дейін ЭЦҚ-ны Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) немесе онлайн алуға болатын. Енді барлық процесс тек онлайн жүреді.

    ЭЦҚ алу үшін:
    • egov.kz немесе pki.gov.kz порталына кіріп;
    • онлайн өтінім толтырасыз;
    • биометриялық сәйкестендіруден өтесіз (жүйе бет-жүзді камера арқылы таниды).

    МЦРИАП мәліметінше, егер жүйе тұлғаны сәтті таныса, ЭЦҚ бірден беріледі. Егер сәйкестендіру сәтсіз өтсе (мысалы, базада фотосурет жоқ немесе техникалық ақау болса), пайдаланушыға бес ретке дейін қайтадан өтуге мүмкіндік беріледі.

    Тек осыдан кейін ғана ХҚО-ға жүгініп, оператор арқылы құжаттарды өткізу арқылы ЭЦҚ алуға болады.

    Ведомство өкілдерінің айтуынша, ЭЦҚ — қолмен қойылған қолтаңбамен тең заңдық күшке ие. Сондықтан оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Биометрия осы талапты орындауға мүмкіндік береді.

  • Бөтен ЭЦҚ-ны пайдаланған адам жауапкершілікке тартылады

    Бөтен ЭЦҚ-ны пайдаланған адам жауапкершілікке тартылады

    Енді жеке және заңды тұлғалардың дербес деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан бір жылға дейін ұзартылды. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі мәлім етті.

    Жаңа нормалар 2025 жылғы 13 наурыздан бастап күшіне енді.

    – Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу, атап айтқанда, дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамау үшін ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есе ұлғайтылады. Бұрын айыппұлдар құқық бұзушылықтың құрамына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырған. Енді олар 30-дан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, – делінген хабарламада.

    Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабы бойынша жаңа әкімшілік құқық бұзушылық түрі күшіне енеді. Яғни, басқа адамның ЭЦҚ кілтін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

    – Бұған дейін әкімшілік жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз беру және оны қорғау бойынша тіркеу куәлігінің иесі тарапынан қажетті шараларды қабылдамау жағдайларына ғана қолданылатын. Енді өзгерістер күшіне енгеннен кейін, ЭЦҚ-ны заңсыз берген де, оны пайдаланған тұлғалар жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлады ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметінен.

    Қабылданған шаралар азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ЭЦҚ-ға байланысты алаяқтық әрекеттерді азайтуға, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған.