Метка: Еділ Оспан

  • Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы бес жылда оқушылар арасындағы ерте жүктілік 43 пайызға төмендегенін айтты.

    Еділ Оспанның сөзінше, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік немесе қажетсіз қарым-қатынастарға байланысты проблемалар бар.

    «Сондықтан да білім беру саласында оның алдын алу үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы бұл статистиканы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ерте жүктіліктіктің 43%-ға төмендегені туралы ақпарат бар. Денсаулық сақтау министрлігі сондай ақпарат беріп отыр. Енді бұл ненің нәтижесі деген мәселеге талдау жүргізіп көрдік. Халықтың арасында, оның ішінде ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының осындай нәтижеге әкелгенін көріп отырмыз. Бұл проблеманың түпкі себебі қыз балаларға қатысты зорлық екенін ашық айтуымыз керек», – деді Еділ Оспан.

    Вице-министр жылына 200-ден астам зорлық қылмысы болатынын айтты.

    «Әлеуметтік желілер арқылы қыз балалар бейтаныс адамдармен танысып, олардың бопсалауына, құрығына түсу фактілері де аз емес. Сондықтан екі бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күресуіміз керек. Екіншіден, әлеуметтік желіге ата-аналардың бақылауын күшейткен жөн. Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа келер болсақ, әрине, оқу бағдарламаларының ішінде міндетті түрде жасөспірімдерге қатысты ақпараттар беріліп отырады. Оның ішінде репродуктивті денсаулық, гигиена, жеке қауіпсіздік мәселелері бар», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

  • Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.

    2023-2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы SIM-карта енгізу бастамасын көтерді.

    Бұл – балалардың мобильді құрылғыларды қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге және ата-аналар тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған арнайы тарифтік жоспар. Балаларға арналған SIM-карталардың басты артықшылықтары:

    ​•​ Ата-ана бақылауы

    ​•​ Зиянды және қалаусыз контенттен қорғау

    ​•​ Баланың орналасқан жерін бақылау (геолокация)

    «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, балаларға арналған SIM-карталар байланыс операторлары тарапынан қолдау тауып, цифрлық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бастамалармен қатар жүреді. Бұл ата-аналарға балалардың телефонды қолдануын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанда байланыс операторлары балаларға арналған, білім беру ресурстарына шектеулі қолжетімділік беретін тарифтерді ұсынғанымен, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты толық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Министрліктің бұл бастамасы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналарға олардың онлайн кеңістіктегі қорғанысын қамтамасыз етуде жоғары деңгейдегі қолдау көрсетеді», – деп мәлімдеді Еділ Оспан.