Метка: егістік

  • 2500 гектар егістікті сумен қамтып отырмыз – гидротехник

    2500 гектар егістікті сумен қамтып отырмыз – гидротехник

    Мысалы, Шеңгелді ауылындағы №2 сорғы станциясында Бейсенғазы Шакеров 2000 жылдан бері еңбек етеді.
    Алғашында машинист-оператор болып жұмыс істеген ол кейіннен гидротехникке дейін лауазымы өскен. Қазірде Бейсенғазы басқарушы компания директорының орынбасары жұмысын қатар алып жүрген азамат.

    «Қазақстанның шығысында туып-өстім. Бұл жерге 2000 жылдары келдім. Әу баста машинист-оператор болдым. Содан соң Гүлзара есімді гидротехник апайымыздың қасында жүріп, жұмыстың қыр-сырын үйрендім. Оған 10 жыл уақытымды арнадым. Ол кісі зейнетке шыққанда орнына мен қалдым», — дейді маман.

    Айтуынша, бұл сорғы станциясы 2500 гектар алқапты сумен қамтиды. Ал шаруаларға суды теңдей бөліп, қадағалау гидротехниктердің мойнында. Бұдан басқа, мұнда слесарь, жүргізуші, монтер секілді бірнеше маман еңбек етіп жүр. Қиындықтар да жоқ емес.

    «Ең қиыны – жел соққанда құбырлардың құмға толып қалуы. Оны тазалауға көп уақыт жоғалтып жатамыз. Екіншіден, электр энергиясының бағасы жыл сайын қымбаттауда. Шынын айтқанда, халықтың қалтасы көтермей жатыр», — деді Бейсенғазы.

    Сонымен қатар ол гидротехниктер халықпен етене араласып, тыныс-тіршілігінен хабардар болуы қажет екенін атап өтті. Сөзінше, жүйелі жұмыссыз өнім өнбейді, компания да, шаруалар да шығынға батады.

    «Жастарға айтарымыз бар. Олар бірден кеңседе бастық болғысы келеді. Алайда, өздері бәсекеге қабілетсіз. Ал қабілетті болу үшін жылдар бойы тер төгу қажет», — деді ол.

    Бейсенғазы Шакеровтың еңбек жолы – адалдықпен, табандылықпен және кәсіби жауапкершілікпен өрілген үлгілі қызметтің көрінісі.

    ҚР Президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бастама – Бейсенғазы сынды қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы маңызды рөлін мойындау әрі олардың абыройлы еңбегін ардақтау. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығын дамытуда техникалық мамандардың орны ерекше.

  • Шеңгелдіде 8050 гектар егістік игерілді

    Шеңгелдіде 8050 гектар егістік игерілді

    Күзгі дала жұмыстарының нәтижесінде 33 667 тонна өнім жиналды:
    • арпа – 2596 т
    • жүгері – 6675 т
    • картоп – 2340 т
    • пияз – 17000 т
    • бақша дақылдары – 4794 т
    • бидай – 82 т.

    5000 Тонна пиязды ірі сауда желілеріне өткізуге келісімшарт жасалды. Тұрақтандыру қорына 1700 тонна пияз, 160 тонна өзге де көкөніс түрлері өткізілді. 7000 Тонна пияз қоймаларда сақталады.

    Күзгі дала жұмыстарына 119,1 тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берілді. Жыл басынан бері 4 дана техника лизингке, 5 трактор жеке шаруашылықтардың өз қаржысына сатып алынды. Шеңгелді ауылдық округі бойынша шаруа қожалықтары 2600,0 тонна тыңайтқыш алып, пайдаға асырды. 4 Су берушіге 363 млн. теңге көлемінде субсидия берілді.

    Шаруа қожалықтарына пияз өнімін сатуы үшін «Алтын Орда» әмбебап базарында тегін орындар ұсыну қарастырылған.