Метка: egov

  • eGov-тағы үйірме деректері ата-аналар арасында сұрақ туғызды

    eGov-тағы үйірме деректері ата-аналар арасында сұрақ туғызды

    Астана қаласының тұрғыны Денис Гордиенко eGov порталындағы «Bilim» бөлімін тексеру барысында баласының тегін фортепиано үйірмесіне тіркелгенін анықтаған. Алайда, оның айтуынша, бала бұл үйірмеге мүлде қатыспайды.

    Аталған жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқылана бастады. Кейбір ата-аналар да eGov арқылы балаларының өздері білмейтін үйірмелер мен секцияларға жазылып тұрғанын көргендерін хабарлады.

    Бұл жағдай ата-аналар арасында түсінбеушілік тудырып, білім беру жүйесіндегі деректердің нақтылығына қатысты сұрақтардың көбеюіне себеп болды.

    Астана қаласының білім басқармасы аталған фактіге қатысты түсініктеме беріп, мәселе білім беру ұйымдарының Ұлттық білім беру дерекқорындағы мәліметтерді уақытында жаңартпауынан туындағанын растады.

    «Қателік мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары тарапынан деректердің уақтылы жаңартылмауына байланысты орын алған», — деп хабарлады басқарма.

    Қазіргі уақытта қаладағы барлық білім беру мекемелеріне тиісті хабарламалар жолданып, Ұлттық білім беру дерекқорындағы мәліметтерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Білім басқармасының мәліметінше, жағдай бақылауға алынған және деректер кезең-кезеңімен түзетілетін болады.

  • СҚО-да egov қызметкерлері заңсыз ЖСН жасаған

    СҚО-да egov қызметкерлері заңсыз ЖСН жасаған

    Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) беру кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Sona.kz облыс прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.

    Талдау барысында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының СҚО филиалы 720 шетелдікке олардың Қазақстан аумағында болмағанына қарамастан ЖСН рәсімдегені белгілі болды.

    Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлілер заң алдында жауапқа тартылды. Сонымен бірге заңсыз берілген ЖСН-дарды жою шаралары жүргізілуде.

    Бұдан бөлек, 3 шілдеде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция органдары ҚР ҚК-нің 206-бабы 2-бөлігі («Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

    Іс облыс прокуратурасының бақылауында.

  • Қазақстандықтар енді өздеріне тіркелген SIM карталарын тексере алады

    Қазақстандықтар енді өздеріне тіркелген SIM карталарын тексере алады

    2025 жылғы 2 сәуірде Мәжілісте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев eGov жүйесінде қазақстандықтарға тіркелген SIM карталарының санын тексеруге мүмкіндік беретін жаңа функция пайда болғанын айтты.

    Министр eGov нақты ЖСН бойынша SIM-карталардың нөмірін тіркеуді тексерудің жаңа функциясын енгізгенін атап өтті.

    «Сондықтан, қазір eGov жүйесінде ЖСН – сізге қанша ұялы нөмір тіркелгенін енгізу арқылы оңай тексеруге болады. Егер нақты пайдаланған нөмірлеріңізге сәйкес келмейтін нөмір бар екенін байқасаңыз, дереу ұялы байланыс операторына хабарласып, бұл мән-жайды білуге болады», – деді Жаслан Мәдиев.

  • Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған

    Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған

    Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov.kz электронды үкімет порталының неге жұмыс істемей қалғанын түсіндірді.

    Вице-министрдің айтуынша, электронды үкіметтің уақытша істен шығуы ата-аналардың белсенділігімен байланысты.

    «Шынымен де бүгін электронды үкімет платформасында қысқа мерзімді ақау байқалды. Бұл мектепке құжат қабылдау қызметін қолданушылардың көптігімен байланысты болды. Платформа тез арада қайта қалпына келгенін атап өткім келеді», – деді Коняшкин Үкіметте өткен брифингте.

    Оның айтуынша, бірінші сыныпқа құжат қабылдау қызметі бүгін сағат 15:00-те басталуға тиіс болған.

    «Тиісінше сағат үште бұл қызмет жұмыс істеп тұрады және қолжетімді болады», – деп сендірді Коняшкин.

  • Қазақстандықтар eGov арқылы өзіне тағы бір шектеу қоя алады

    Қазақстандықтар eGov арқылы өзіне тағы бір шектеу қоя алады

    eGov Mobile арқылы қазақстандықтар құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан 10 жылға дейін бас тарта алады.

    Бұрын пайдаланушылар 6 айдан 12 айға дейін тыйым салу мерзімін таңдай алатын болса, енді құмар ойындар мен бәс тігуден өз бетінше бас тартудың ең жоғары мерзімі 10 жылға ұзартылған. Қызметті eGov Mobile мобильді қосымшасында алуға болады.

    «Сервис өтінімдерді өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартады және құмар ойындарға өздігінен тыйым салуды орнату процесін жеңілдетеді. Ол кез келген азаматқа барлық лицензияланған ойын алаңдары мен букмекерлік компаниялардың онлайн платформаларына қол жеткізуді шектеуге мүмкіндік береді. Қызмет тек 21 жастан асқан адамдарға қолжетімді екенін атап өткен жөн», — делінген хабарламада.

    Қызметті пайдалану үшін:

    • eGov Mobile мобильді қосымшасында авторизациядан өтіп, «Қызметтер» «Спорт» қойындысына өту;
    • «Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервис» тармағын таңдау;
    • шектеудің аяқталатын жылы мен айын көрсету үшін «Қызмет алу» түймесін басып;
    • өтінішке Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.

    «Өтініш бергеннен кейін пайдаланушы автоматты түрде құмар ойындарға қатысуына шектеу қойылған адамдардың тізіміне енгізіледі, өтінішті қайтарып алу мүмкін емес. Бұрын шектеу қойғандар үшін оның мерзімін ұзарту мүмкіндігі бар. Қайта өтініш берген жағдайда, жүйе пайдаланушыға шектеудің ағымдағы жағдайы туралы хабарлап, оны ұзартуды ұсынады», – деді.

    Жаңартылған функционал ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотореяны реттеу комитетімен бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.