Метка: еңбек

  • Үй шаруасынан – кәсіпке: еңбек адамы көпшілікке үлгі көрсетті

    Үй шаруасынан – кәсіпке: еңбек адамы көпшілікке үлгі көрсетті

    Қонаев қаласының тұрғыны Бейбіт Аманқұлқызы – 10 жылдан астам уақыт үй шаруасында отырып, отбасын тәрбиелеуге уақытын арнаған ана. Жұбайы есепші болып қызмет етеді. Олар бес қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі.

    Биыл Бейбіт 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантты жеңіп алып, өз кәсібін бастады. Ол қаражатқа үйінің ауласында қора салып, тауық өсіріп, қала тұрғындарына ет және жұмыртқа өнімдерін сатуды жолға қойды.

    «Былтыр грантқа қатысып, өте алмадым. Кейін шағын қора салып, тауық асырай бастадық. Қолымыздан келетініне көзіміз жетті. Биыл қайта қатысып, 1 миллион теңгеден астам қаржы ұтып алдық. Осылайша шаруашылығымыз кеңейді. Алдағы уақытта басқа да кәсіпкерлікті қолдау конкурстарына қатысуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.

    Бейбіттің айтуынша, жоба толық іске асса, азаматтарға қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар.

    «Конкурс әділ өтті. Өз ісімізді бастағалы бері шаруашылықтың үлкен еңбек екенін түсіндік. Ең бастысы – қорықпау, ойлаған істен тайсалмау», – деді кәсіпкер.

    Бұл тарих – Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылының маңызын айқын көрсететін мысалдардың бірі.

  • Дәнекерлеушілер еңбегі – қала дамуының тірегі

    Дәнекерлеушілер еңбегі – қала дамуының тірегі

    2025 жылды ҚР Президентінің Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегіне жаңа серпін берді. Қала инфрақұрылымын жетілдіруде, жарық, су, газды үздіксіз жеткізуде дәнекерлеушілердің рөлі айрықша.

    Мамандардың айтуынша, дәнекерлеушілердің еңбегі – көзге көрінбегенімен, күнделікті тұрмыстың қалыпты жүруіне тікелей әсер етеді.

    35 жылдық тәжірибе

    Өмірзақ Үсенұлы электр энергиясын тасымалдау саласында 1988 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір ол «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ-ның Қонаевтағы қосынында беделді маман ретінде танылған.

    «Біз таңертеңгі сағат 8.00-де жұмысқа кірісеміз. Сол уақыттан бастап тұрғындардан түскен өтініштерді орындап, ақауларды қалпына келтіреміз. Көбіне қосалқы станцияларда жұмыс істейміз. Бір сәттік қателіктің өзі жарық жүйесінде апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің жауапкершілік өте үлкен», – дейді маман.

    Газ жүйесінің сенімділігі үшін

    Ерлан Мыңжасаров «Қапшағай аймағы газ жүйелері» ЖШС-де дәнекерлеуші болып қызмет атқарады. Оның айтуынша, бұл мамандықтағы бедел еңбек өтілі мен тәжірибе арқылы ғана қалыптасады.

    «Біздің қызметте лауазым разрядтармен өлшенеді. Оған жету үшін бірнеше жылдық тәжірибе қажет. Сондықтан бұл салада шыдамдылық пен жауапкершілік керек. Газ құбырлары дәнекерленгеннен кейін міндетті түрде 2-3 рет тексерістен өтеді. Біздің мақсатымыз – көгілдір отынды халыққа үздіксіз жеткізу», – дейді ол.

    Энергетика мен газ жүйесіндегі дәнекерлеушілердің еңбегі – қаланың тұрақты дамуының кепілі. Инфрақұрылымның мүлтіксіз жұмыс істеуі олардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.