Метка: есірткі сайты

  • Қазақстанда есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін Латвияның екі азаматы 11 жылға сотталды

    Қазақстанда есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін Латвияның екі азаматы 11 жылға сотталды

    Қазақстанда есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін Латвияның екі азаматы 11 жылға сотталып кетті.

    ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен екі Латвия азаматы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлігі 3-тармағының 1,3-тармақшалары бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

    «Бұған дейін, 2024 жылғы шілдеде, облыс прокуратурасы ҰҚК ШҚО бойынша департаментімен қадағалау органының үйлестіруімен синтетикалық есірткі өндіруге арналған жасырын зертхананың анықталғаны туралы хабарлаған болатын.

    Еске сала кетсек, тінту барысында 125 кг мефедрон (630 мың бір реттік дозаға баламалы), 500 литр прекурсорлар және тәулігіне 30 кг синтетикалық есірткі өндіруге мүмкіндік беретін жаңа буынды зертханалық жабдық тәркіленген.

    Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 3,5 миллиард теңгеден асады», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

    Қылмыстық іс сотта 3 ай бойы қаралды. Сот процесі барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, мемлекеттік айыптаушы соттан 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға бағдар берді.

    Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Абай облысында 30 жастағы әйелдің сөмкесінен есірткі табылды

    Абай облысында 30 жастағы әйелдің сөмкесінен есірткі табылды

    Абай облысында әйелдің сөмкесінен есірткі табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

    «Абай облысында Семей қаласының 30 жастағы тұрғынынан тәркіленген ерекше «жинақ» заңсыз психотроптық заттардың айналымына қатысты ірі қылмысты тоқтатуға мүмкіндік берді. Жедел шаралар барысында полиция қызметкерлері жалға алынған пәтерлердің бірінде тінту жүргізді. Асүй бөлмесінде тұрмыстық қоқыстың арасынан ақ түсті ұнтақ зат қалдықтары бар пакет табылды. Қонақ бөлмесінде әйелдің еденде жатқан сөмкесінен есірткі косметикалық сөмке, таразы, қасық, бұрағыш, бос zip-lock пакеттері, қайшы мен қара оқшаулаушы лента табылды», – делінген хабарламада.

    Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон-психотропты заты, меткатинонның (эфедронның) аналогы болып шықты. Заттың жалпы салмағы – 383,65 грамм (1200 доза). Қара нарықтағы құны – 18 миллион теңге.
    Полиция мәліметінше, күдікті әйел психотроптық затты сақтау және үлкен көлемде таратуға қатысы бар екенін мойындады.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

  • ​ҰҚК Алматы облысында есірткі зертханасын әшкереледі

    ​ҰҚК Алматы облысында есірткі зертханасын әшкереледі

    «Ағымдағы жылғы 28 қаңтарда ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен есірткі зертханасын жойды. Психотроптық заттарды дайындау барысында Қазақстан азаматы ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Тінту барысында 15 килограммнан аса «альфа-PVP» есірткі құралы мен кристалдану сатысындағы осы заттың 70 литрі, сондай-ақ 200 литр прекурсорлар мен зертханалық жабдықтар тәркіленген», – делінген хабарламада.

    Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

     

  • Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі тәркіленді

    Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі тәркіленді

    2024 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шеңберінде 31 халықаралық және 27 өңірлік жеткізу арнасын жойып, 32 жасырын есірткі зертханасының қызметін бейтараптандырды.

    Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр сабаны шикізаты және «синтетика» жасау үшін қолданылатын 18 тонна химиялық реагенттер тәркіленді.

    «Қара нарықта» тәркіленген есірткінің құны 36 миллиард теңгеден аса бағаланады.

    Есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 164 адам сотталды. Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдау арналарының жолын кесу бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен 25 халықаралық операция жүзеге асырылды.

    Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда.

  • Астанада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болғандар 18 жылға сотталды

    Астанада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болғандар 18 жылға сотталды

    Елордада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болған тұрғындар 18 жылға сотталды.  ҚМА мәліметінше, агенттіктің елордалық департаменті қызметтік иттің көмегімен кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында салмағы шамамен 1 келі гашишті тауып тәркіледі.

    Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Қазпошта» АҚ қалалық филиалында тағы бір сәлемдеме бары анықталды. Оның жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат – тетрагидроканнабинол және оның изомерлері екені анықталды. Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды.

    Сот шешімімен істің 2 қатысушысы кінәлі деп танылып, 8 және 18 жылға сотталды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтейді.

    Айта кетейік, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелді. 57,3 келі есірткі тәркіленді.
    Сондай-ақ 1,7 келі психотропты заттар, анаболиктер (206 мың дана), «Тропикамид» көз тамшылары (1 680 дана) тәркіленді.

  • Қарағанды облысында есірткі жарнамалаған 250 сайт бұғатталды

    Қарағанды облысында есірткі жарнамалаған 250 сайт бұғатталды

    Қарағанды облыстық прокуратурасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында өңірде есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сату мақсатында құрылған телеграм-каналдарды, Instagram-парақшаларын және интернет-сайттарды анықтады.

    Атап айтқанда, «Telegram» және «Instagram» интернет-платформаларында жасырын бетбелгілермен айналысатын курьерлер арқылы ақша табу жолдары туралы көптеген ұсыныстар табылды. Бұл жарнамалар көбіне заңды табыс ретінде жасырылады, мысалы, онда жоғары жалақыға «қалыптаушылар» немесе «жеткізушілер» қажет деп көрсетіледі.

    «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінің көмегімен, есірткіні жарнамалайтын және заңсыз табыс табу туралы ұсыныстар бар 250 интернет-сайт бұғатталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Ведомство өкілдері «есірткі курьерлері» немесе «есірткіні жарнамалаушылар» түріндегі күмәнды табыс үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

    Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес есiрткi және психотроптық заттарды заңсыз өндiру, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау үшiн 5 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – делінген хабарламада.

  • Есірткі заттарын сататын 30 алаң анықталды

    Есірткі заттарын сататын 30 алаң анықталды

    Жетісу облысы прокуратурасымен заңсыз есірткі заттарын жарнамалау деректері анықталды.

    Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасын орындау мақсатында облыс прокуратурасының қызметкерлерімен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз тұлғалармен есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сатумен айналысатын мессенджерлердегі арналар мен сайттар анықталды.

    Нәтижесінде «Корнидзор» ақпараттық жүйесі арқылы есірткі заттарын жарнамалайтын 30 есірткі алаңы бұғатталды.

    Облыс прокуратурасымен аталған бағытта жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

  • Есірткі жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды

    Есірткі жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды

    Қалалық прокуратураның мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз тұлғалармен есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сатумен айналысатын Telegram-каналдары анықталды.

    «Атқарылған жұмыс нәтижесінде, «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі заттарын жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды.

    Сондай-ақ, қала прокуратурасымен бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда», — делінген прокуратура хабарламасында.

  • Есірткі жарнамалаған 16 жастағы шымкенттік ұсталды

    Есірткі жарнамалаған 16 жастағы шымкенттік ұсталды

    Жасөспірім заңға қайшы жұмысты интернеттен тапқан. Сонымен қатар маусым айынан бері мегаполис аумағында есірткі заттарын жарнамалаумен айналысқан. Шымкент тұрғынынан өзі дайындаған жарнамалық жазулары бар парақшалар тәркіленді.

    Полиция есірткіні насихаттау және жарнамалау дерегі бойынша қылмыстық істі тіркеді. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.

    Заңнамаға сәйкес, аталған қылмыс үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

  • Жамбыл облысында 2886 есірткі сайты бұғатталып, 21 қылмыстық іс тіркелді

    Жамбыл облысында 2886 есірткі сайты бұғатталып, 21 қылмыстық іс тіркелді

    Жамбыл облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша ведомствоаралық шаралар күшейтілді. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

    «Есірткі қылмысына қарсы күрес тиімді әрі жүйелі болуы тиіс, себебі ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығын қорғауға әсер етеді», – деді Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдарының барлық мамандандырылған тергеу және оперативті бөлімшелерінің қатысуымен Полиция департаментінде өткен ведомствоаралық кеңесте.

    Ағымдағы кезеңде бірлескен шаралар нәтижесінде есірткі қылмысы 15,3% төмендеді (457-ден 387-ге дейін). Оған облыстың 5 ауданында жабайы қарасораның нақты өсу учаскелерін анықтап, 1183 тоннасын (2023 ж. — 220 тн) жоя отырып, жергілікті атқарушы органдармен «Есірткісіз болашақ» форматында бірлескен шаралар да ықпал етті.

    Прокуратура әзірлеген «NarkoShekteuTaraz» телеграм-ботымен 2886 есірткі сайты бұғатталды, 439 граффити жойылды, олар бойынша 21 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар прокурорлар есірткі жарнамасын насихаттайтын жағымсыз мазмұнды анықтауға баса назар аудара отырып, оқушылар мен колледж студенттері арасында факультативтік сабақтар өткізіп жатыр.

    «Есірткі зертханалары мен қылмыстық топтарды анықтау және жолын кесу жөніндегі құрылымдардың қызметін теріс бағалауға болады», – деп түйіндеді облыс прокуроры.