Метка: Ескелді ауданы

  • Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Қылмыстық іс туралы сол ауылдың тұрғындары хабарлаған. Ал осы оқиға бойынша Orda.kz редакциясы Жетісу облысының полиция департаментінен жауап алды.

    «Ескелді ауданының полиция бөлімі ішімдік ішу кезінде жасалған кісі өлтіру туралы қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ұсталды және қамауда отыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», – деп жауап берді олар.

    Сондай-ақ, құқық қорғау органдары алкогольді шамадан тыс пайдалану қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады.

  • «Бір-екі жылқы болса мейлі, 30-40 жылқының иесін тез табуға болатын еді». Жәбірленуші ресми органдарға арыз түсірді

    «Бір-екі жылқы болса мейлі, 30-40 жылқының иесін тез табуға болатын еді». Жәбірленуші ресми органдарға арыз түсірді

    Республикалық маңызы бар тасжолдарда өз бетімен жайылып жүрген, қараусыз қалған малдың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Сондай оқиғаның бірі Жетісу облысы, Ескелді ауданында тіркелді.

    Осы жылдың 8 желтоқсаны күні Әділ Бейсенбаев жол-көлік апатына ұшыраған. Оның айтуынша, Ескелді ауданы, Биғаш ауылына жақындаған тұста тас жолға аяқ астынан 30 шақты жылқы шығып қалған.

    «Сол күні қар жауған еді. Ескелді ауданы, Биғаш деген ауылға таяп қалғанда алдымнан 30 шақты жылқы жүгіріп шығады.

    Қашайын десем, екі жақта да ор. Аударылып кететінімді білдім. Жер қар, мұз болған соң қайта ақырын келе жатқанмын. Содан бірінші, екінші жылқыны соқтым. Ал қалғандары үріккеннен үстімнен таптап өте шықты. Жануарларға ештеңе болған жоқ. Дереу жол полиция қызметкерлерін шақырдым. Олар келіп хаттама толтырып, сызып, есептеді. Ал артынан жеткен учаскелік полиция жылқыларға құр қарап тұрып, ешқандай әрекет жасамай кетіп қалды. Шын мәнінде, олар жылқылардың құлағындағы енін, қандай да бір белгісін фотоға түсіріп, бейнетаспаға жазып алуы керек екен.

     

    Оны енді біліп жатырмыз. Аудан тұрғындары учаскелік полиция ауылдың мыңғырған жылқысы бар бай тұрғындарын біледі, содан кейін де өтірік таппай жүр деуі бекер емес. Негізі сол күні қар жауды. «Ізінен адасып қалдық» дейтіндей бір-екі жылқы болса түсінікті, бұл жерде 30-40 жылқыны тез-ақ тауып алатын еді», – дейді жәбірленуші.

    Бүгін көпбалалы әке Әділ Серікұлы істің алға жылжымай жатқанын айтып, бейнежолдау жасады. «Оқиғаның болғанына 12 күн өтсе де, ешқандай нәтиже жоқ. Жетісу облыстық полициясы хабарласқан сайын «Ертең табамыз» деумен келеді. Іс жүзінде аттың иесі кім екенін іздеп те жатқан жоқ.

    Ал егер жол апаты кезінде өзім өліп кетсем, не болар еді? Жағдай қазіргідей сол күйі қалар ма еді? Сондықтан Бас прокуратураға, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Антикорға, жергілікті Ішкі істер департаментіне, облыстық прокуратураға арыз түсірдім. Егер олар көмектеспесе, менде полицияға деген сенім мүлдем қалмайды.

    Ал аудандағы тұрғындардың қандай малы бар екенін білмесе, учаскелік полцияның не керегі бар? Немесе білсе де, сол адамды жауып тұр. Сондықтан көлік жүргізушілері, жолда абай болыңыздар. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, жануардың белгісі мен енін қарап, түсіріп алу керек. Әйтпесе, бірдеңе дәлелдеу қиын болады», – деді жәбірленуші.

  • Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

    Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

    Биыл Жетісу облысының Ескелді ауданында 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Оның 5-і пайдалануға берілді, қалған 6-ын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды.

    М. Мәметова атындағы және Қоңыр ауылындағы орта мектептер мен М. Баисов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті, ал Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қаблиса жырау атындағы және Қайнарлы ауылындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынды. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылды.

    – Халықтың өтінішін ескере келе, Ешкіөлмес және Жаңалық ауылдарында 180 және 120 орынды екі жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығады деп күтілуде. Ал Қарабұлақ ауылындағы орта мектеп пен Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бюджетті нақтылау кезінде бұл екі жобаға да тиісті қаражат қарастырылады. Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектеп бюджет қаражаты есебінен, ал Сырымбет ауылындағы Жақыпбаев атындағы мектеп демеуші көмегімен газға қосылды, – деп атап өтті Б. Исабаев.

    Денсаулық сақтау мәселесіне келсек, саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді және Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақешкі ауылында да іске қосылады. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салынады. Соның ішінде Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталса, осындай нысандар Жастар, Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарында келесі жылы салынады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы ауданның 8 ауылында жақсарады.

    Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Қаратал ауылында 100 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр және Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілді. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады.

    Спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізілуде, Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа беріледі.

    Жалпы, 2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд теңге бөлінген.

  • Жетісу облысында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жол құрылысы келесі жылы басталады

    Жетісу облысында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жол құрылысы келесі жылы басталады

    Жетісу облысының ең негізгі табиғи әрі туристік көрнекті жерлерінің бірі – Бұрханбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы басталады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    – Ескелді ауданы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Осы жылдың 10 айында туристерді қабылдайтын нысандарда 41 мың адамға қызмет көрсетіліп, соның ішінде ақылы қызмет көрсету көлемі 25 млн. теңгеге жетті. Осы ретте Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 км автожолды жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын атап өту керек.

    Бұл мақсатқа 2025 жылы республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Сондықтан туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартып, жаңа қонақ үйлер, демалыс базаларын салып, жолдарды жөндеу қажет. Интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрікті жерлерді кеңінен насихаттап, экотуризм мен агротуризм бағыттарын дамыту керек, – деп атап өтті өңір басшысы Б. Исабаев.

    Еске салсақ, Жетісудың туризм саласы 5 дестинацияның әлеуетін тірек етеді. Олар – Алакөл мен Балқаш көлдері, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының таулы алабы.