Метка: Футзал

  • Футзалдан Бразилия құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты

    Футзалдан Бразилия құрамасы әлем чемпионатының финалына шықты

    Жартылай финалдық ойынның бірінші күнінде Украина мен Бразилия құрамалары шеберлік байқасты. Жанкүйерлердің басым бөлігі бұған дейін бес дүркін әлем чемпионы болған бразилиялық футзалшылар қарсыласын оңай жеңеді деп болжаған еді. Дегенмен кездесу барысында Украина құрамасы оларға лайықты тойтарыс бере білді.

    Ойын басынан қос құрама бірден шабуылға көңіл бөлді. Нәтижесінде украиналық Игорь Чернявский 18-минутта мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды. Бразилиялық футзалшылар одан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

    Екінші кезеңде бразилиялықтар жылдам екі гол соғып кетті. Алдымен украиналық Ростислав Семенченко 21-минутта автогол авторы атанса, 22-минутта Диего мергендігімен көзге түсті. Ал, украиналық Игорь Корсун 29-минутта есепті теңестірді. Алайда бразилиялық футзалшы Диего пенальти тебуге мүмкіндік алып, командасының жеңісті голын соқты. Осылайша қарсыласынан 3:2 есебімен басым түскен Бразилия финалға жолдама алды.

    Енді 3 қазанда екінші жартылай финалдық кездесуде Франция мен Аргентина кім мықтыны анықтайды. Финал мен 3-орын үшін ойын 6 қазанға белгіленген.

  • Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ұлттық құрама 1/8 финалда Португалияны 1:2 есебімен жеңіп, әлемдік доданың ширек финалына жолдама алды.Тартысқа толы кездесудің 11-минутында-ақ Шыңғыс Есенаманов қарсыластардың қақпасына гол салды. Кейін португалиялықтар есепті теңестіргенімен, Дәурен Тұрсағұлов ұлттық құраманы қайта алға шығарды. Есеп 1:2. Бұған дейін Қазақстан осы жарыстың топтық кезеңінде Испания, Ливия, Жаңа Зеландия құрамаларымен кездескен еді. Енді ширек финалда Аргентина — Хорватия командалары арасындағы ойын жеңімпазымен бақ сынасады.