Метка: ІІМ

  • Енді көліктен басын шығарғандар айыппұл төлейді

    Енді көліктен басын шығарғандар айыппұл төлейді

        – Бізде кейбір кезде жастар көліктен басын шығаратын қауіпті жағдай болып жатады. Осы бойынша да әкімшілік кодекске және заңдарға өзгерістер енгізілді. Бұл норма ең алдымен жолаушыларды тасымалдау кезінде өмірі мен денсаулықтың қауіпсіздігіне бағытталған. Мектеп бітіру кештерінде, үйлену тойлары кезінде көптеген кісі өздерінің қауіпсіздігіне мән бермей, осындай әрекеттер жасап отыратыны рас, – дейді Сұлтанбаев.
    Енді қозғалыс кезінде көліктің терезесінен басын шығарғаны үшін 10 АЕК – 39 320 теңге, (1 АЕК – 3 932 теңге) айыппұл салынады. Бұл кезде жауапкершілік жолаушыға да, жүргізушіге тең дәрежеде әсер етеді.
  • 1200 тұтқын мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін — ІІМ

    1200 тұтқын мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін — ІІМ

    Қазақстанда есірткі қылмысы үшін жаза өзгерді. Заң бойынша «есірткі таратушылар» (закладчик) жазасы жеңілдетілді.

    Енді есірткі жасырумен айналысқан жастар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға (ШТМБ) үміттене алады. Ресми деректерге сүйенсек, қазір 16-30 жас аралығындағы шамамен 1200 адам осы қылмыс үшін қамауда отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді.

    Полицейдің айтуынша, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған заңға қол қойған. Бұл заң 3 наурыздан бастап күшіне енді.

    Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 297-бабы есірткі сатумен айналысатындар, соның ішінде таратушылар үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтап қалды. Алайда, егер қылмыс алғаш рет жасалса және есірткіні өндіру, қайта өңдеу немесе жасау әрекеттері болмаса, жаза жеңілдетіледі.

    «Яғни, енді есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен таратушылардың жауапкершілігі ажыратылды. Бұрын олар бірдей баппен сотталатын және жаза бірдей болатын. Президенттің тапсырмасымен ІІМ, мемлекеттік органдар және депутаттар қауымдастығы бірлесіп, өзгерістер енгізді. Осы өзгерістерге сәйкес, есірткі өндіру, қайта өңдеу және жасаумен айналысатындар үшін жаза қатаңдатылып, ал есірткіні байланыссыз (онлайн) тәсілмен тарататындарға жаза жеңілдетілді», – деді Әлжанов.

    Жалпы, алғаш рет қылмыс жасаған есірткі таратушылардың жаза мерзімі қысқартылды.

    ҚК 297-бабы 1-бөлігі бойынша жаза 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды (бұрын 10 жылға дейін болған). Бұл аз мөлшердегі есірткіге қатысты. 2-бөлім бойынша жаза 6 жылдан 12 жылға дейін болса, енді 10 жылға дейін қысқартылды (ірі мөлшердегі есірткіге қатысты). 3-бөлім бойынша бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін жаза қарастырылса, енді 7 жылдан 12 жылға дейін қысқартылды. Бұл – мемлекет тарапынан рақымшылықтың бір түрі.

    Сондай-ақ, заңға сәйкес, сотталған «есірткі таратушыларға» шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШТМБ) және жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір жағдай жеке қаралатын болады.

    «Бұл тәсіл қазіргі уақытта қамауда отырған жастарға ертерек босап, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Жаза мерзімін қысқарту олардың әлеуметтік бейімделуін жеделдетуге және қылмыстық ортаға бейімделуін болдырмауға көмектеседі», – деді Қуандық Әлжанов.

    Сонымен қатар, заң есірткі қылмысын ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасағандарға, кәмелетке толмағандарға және білім беру мекемелерінде есірткі сатқан адамдарға жазаны күшейтуді қарастырады.

    Қызметтік жағдайын пайдаланып есірткі қылмысын жасаған лауазымды тұлғалар үшін де жауапкершілік күшейтілді. Енді олар 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін тартылады.

  • «16 қызметкер жұмыстан кетті»: ІІМ түрмедегі туған күнге қатысты пікір білдірді

    «16 қызметкер жұмыстан кетті»: ІІМ түрмедегі туған күнге қатысты пікір білдірді

    Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді, деп хабарлады ІІМ.

    ІІМ Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған жағдайға пікір білдірді. Полицияның мәліметінше, уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді.

    Бейнетүсірілімді УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды.

    Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды.

    «ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді», – делінген хабарламада.

    Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.

  • Астанада бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар қылмыстық топ құрықталды

    Астанада бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар қылмыстық топ құрықталды

    Астаналық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қылмыстық топты ұстады.

    ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оның құрамында бірнеше рет сотталған криминалитет өкілдері бар. Олар бірқатар ауыр қылмыстар жасады деп күдіктелуде.

    – Эпизодтардың бірінде қорқыту және зорлық-зомбылық қолдану арқылы жергілікті тұрғыннан 5 млн теңге сомасында қаражат және Тоуота маркалы жол талғамайтын көлікті иемденген. Басқа жағдайда банктердің бірінің іргелес аумағында олар 6 млн теңгені ашық түрде тонап кеткен. Қылмыстық топтың барлық қатысушысы қамауға алынды. Олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысын тексеру жүзеге асырылуда.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бопсалау және тонау фактілері бойынша жүргізілуде, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

  • Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салына ма?

    Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұға қатысты пікір білдірді. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті.

    Қазақстанда аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

    Бұл норма бірнеше жылдан бері тұрғындардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет.

    Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

    – Қалаларымыздағы ауа бассейндері қатты ластанған. Сондықтан осындай норма қабылданған. Әрине, осы бап бойынша жауапқа тарту үшін даусыз процессуалдық дәлелдер қажет. Бұл – бейнежазба, уақытты тіркеу және басқа да факторлар. Егер осылар анықталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай ережелер дамыған елдерде де қолданылады, – деді сенатор. 

    Ал ІІМ тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай дейді.

    ІІМ 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көліктің тоқтап тұру – көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату саналады. Ереженің 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген, – делінген ІІМ хабарламасында.

    Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.

  • Қазақстанда орташа жылдамдықты асырғандарға айыппұл салына бастады

    Қазақстанда орташа жылдамдықты асырғандарға айыппұл салына бастады

    Бүгіннен бастап жол қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған заң күшіне енді, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

    Жаңашылдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдармен жүретін барлық жүргізушіге қатысты.

    «Бұл өзгерістердің негізгі мәні – автомат түрде тіркеу жүйелерімен анықталатын түзу сызықты учаскелерде «орташа жылдамдықтан» асып кеткені үшін жауапкершілікті енгізу. «Орташа жылдамдық» жүріп өткен жолды сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі. Айыппұл рұқсат етілген «орташа жылдамдықтан» асып кетуіне байланысты 5-тен 40 АЕК-ке дейін болады. Яғни, жолдардың әр түрлі учаскелерінде «орташа жылдамдық» әр түрлі болады, себебі формулаға сәйкес әр автокөлік автоматты түрде есептеледі. Бұл жаңалық талдауды ескере отырып енгізілді, себебі қала маңындағы трассалардағы әрбір үшінші адам жылдамдық режимінің асып кетуінің салдарынан көз жұмған. Осы өзгерістерге байланысты ІІМ жол жүрісіне қатысушылардың барлыған қағидаларды сақтауға және басқа қатысушыларды құрметтеуге шақырады. Жолдағы қауіпсіздікті арттыру — бұл ортақ міндет», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

  • Жыл басынан бері қанша қылмыскер ұсталды?

    Жыл басынан бері қанша қылмыскер ұсталды?

    Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері криминалдық полиция 647 шетелдік қылмыскерді іздестіріп ұстады. Осы соңғы айдың өзінде олардың 34-ін құрықтады. Мысалы, Қостанай облысында тәртіп сақшылары 44 жастағы Ресей азаматын ұстаған. Ол 2021 жылы Бішкекте Қырғыз Республикасының лауазымды тұлғаларымен 7 миллион сомды иемденіп, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген тағы бір шетелдік ұсталды. Ол 2023 жылы Түменде топ құрамында жергілікті тұрғыннан 300 мың рубль мен Toyota Camry автокөлігін бопсалаған.

    «Жалпы ағымдағы жылы Қазақстан полициясы 1596 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен 1058 адамның орналасқан жерін анықтады», – делінген хабарламада.

  • Алматы облысының полицейлері жаппай қызметінен босатылды

    Алматы облысының полицейлері жаппай қызметінен босатылды

    Сондай-ақ Талғардағы жантүршігерлік жағдайдан соң, 19 қазан күні Қазақстан ІІМ басшысының бұйрығымен лауазымдарынан босатылды:

    ▪️Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров;

    ▪️Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов

    ▪️Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;

    ▪️Алматы облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;

    ▪️Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр;

    ▪️Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Жанат Омаров.

  • Айдос Рысбаев Алматы облысының полициясына басшы болып тағайындалуы мүмкін

    Айдос Рысбаев Алматы облысының полициясына басшы болып тағайындалуы мүмкін

    Бірер сағат бұрын  Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылған Айдос Рысбаев жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін. Ресми ақпарат дерегінше, бүгін Алматы облыстық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалады.  Кадрлық ауыс-түйіс 18 қазан күні  сағат 14:30 ге жоспарланған. Sona ақпараттық порталы бұл қызметке Айдос Какашаұлы Рысбаев келуі мүмкін деп болжайды. Себебі, Алматы облысындағы соңғы криминалдық жағдайды ескерсек,  Айдос  Какашаұлы бұл қызметке лайықты.  Себебі, ол 2022 жылдан ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, 2023 жылғы қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары  қызметін атқарды.

  • ІІМ балалар арасында тараған қауіпті ойынға қатысты дабыл қақты

    ІІМ балалар арасында тараған қауіпті ойынға қатысты дабыл қақты

    ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев министрліктің дәстүрлі брифингінде оқушыларға интернеттен келетін зардаптың алдын алу жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

    «Жыл басынан бері мониторинг нәтижесінде суицидтік сипаттағы белгілері бар 43 интернет-ресурс анықталды. Олар бойынша ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға, яғни мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілді. Соңғы уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат таралып жатыр. Мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейді, бірақ онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін», – дейді ол.

    Осыған байланысты ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырды.

    «Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі. Жалпы, суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады. Суицид жасау және соған әрекеттенген 14 бала мас күйде болған. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірім есірткіге масаң күйде болған.Талдау көрсеткендей, көп жағдайда 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер суицидке оқталады», – дейді ресми өкіл.