Метка: интернет

  • Қазақстандық әуе компаниясында интернет қызметі іске қосылады

    Қазақстандық әуе компаниясында интернет қызметі іске қосылады

    Қазақстанда алғаш рет отандық әуе тасымалдаушының бортында жолаушыларға интернет қызметі қолжетімді болады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sona..kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Министрдің айтуынша, цифрлық экономиканың тиімді дамуы тікелей байланыс инфрақұрылымының сапасына тәуелді. Осы бағытта өткен жылы негізгі жобалардың барлығы іске қосылған.

    Жаслан Мадиев аталған жобалардың басым бөлігі ағымдағы жылы аяқталатынын атап өтті. Нәтижесінде ел бойынша байланыс сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады.

    Атап айтқанда, қосымша 1900 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады деп жоспарланып отыр.

    Сондай-ақ барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында барлық өткізу бекеттері интернетпен жабдықталған.

    Бұдан бөлек, интернет қызметі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының негізгі жолаушылар тасымалы бағыттарында қолжетімді болады.

    Осы шаралардың аясында Қазақстан тарихында алғаш рет отандық әуе тасымалдаушының ұшақтарында интернет қызметін пайдалану мүмкіндігі енгізіледі.

  • 360 млн-ға интернет, бірақ мұғалімдер өз қалтасынан төледі: СҚО-дағы білім

    360 млн-ға интернет, бірақ мұғалімдер өз қалтасынан төледі: СҚО-дағы білім

    Солтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылдарында интернет әлі күнге дейін үлкен мәселе болып отыр. Мәселен, Ақжар ауданындағы Горький орта мектебінде желі жылдамдығы төмен болғаны соншалық, мұғалімдер оқу үдерісін жүргізу үшін роутерге өз қалтасынан ақша шығарып келген. Деп хабарлайды Sona.kz, Azattyq Rýhy мәліметіне сілтеме жасап

    Солтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылдарында интернет әлі күнге дейін үлкен мәселе болып отыр. Мәселен, Ақжар ауданындағы Горький орта мектебінде желі жылдамдығы төмен болғаны соншалық, мұғалімдер оқу үдерісін жүргізу үшін роутерге өз қалтасынан ақша шығарып келген.

    Алайда бұл уақытта облыстың 8 аудандық білім бөлімі интернет жүргізуге 360 миллион теңгеден астам қаржыға тендер өткізіп, шарттар бекіткен. Бұл фактілерді СҚО прокуратурасы анықтап, заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді.

    «Цифрландыруға бөлінген бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Ақжар, Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандарының білім бөлімдері мектептерге интернет тарту үшін қымбат келісімшарттар жасасқан. Бірақ соған қарамастан, мұғалімдер өздері төлеуге мәжбүр болған», — делінген прокурорлар таратқан хабарламада.

    Прокуратура араласқаннан кейін тендердің құны 75,8 млн теңгеге қысқартылып, бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

    Мемлекеттік сатып алу ережесін бұзған шенеуніктердің әрекеті қоғамда резонанс тудырып отыр. СҚО прокуратурасы білім саласындағы осындай қаржылық заңбұзушылықтарды болдырмау үшін тексерулерді жалғастыратынын жеткізді.

  • Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков пойыздардағы интернетке қатысты пікір білдірді.

    Елімізде пойыздарды интернетпен қамту жобасы қаңтар айында іске қосылды. Дамир Сейсембековтің сөзінше, республикада Тальго пойыздары 16 бағытқа жүреді.

    «Техникалық тұрғыдан осы пойыздар ғана интернетті вагондардың ішінде тарата алады. Ескі, кеңестік замандағы пойыздарда бұл жүйені енгізу мүмкін емес. Қазір интернет «Астана – Алматы» бағытындағы пойызда ғана бар», – деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

    Бүгінде пилоттық жобаны енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр.

    «Бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін техникалық пилоттық жобаның қорытындысы белгілі болады. Интернет бірінші кезекте жолаушылар көп жүретін бағыттарға енгізілетін болады. Екіншіден, ешқандай байланыс жоқ жерлерде жүретін пойыздарға енгізіледі. Биыл бұл жұмыс жалғасады», – деді министрлік өкілі.

     

  • Интернет кеңістігінде заңға қайшы контент екі есе өскен – Аида Балаева

    Интернет кеңістігінде заңға қайшы контент екі есе өскен – Аида Балаева

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі қолданушыларынан ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұрады. Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды.

    Балаеваның сөзінше, қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады.

    «Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын.

    Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс», – деп жазды министр.

    Аида Балаеваның мәліметінше, татистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті.

    Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды.

    «Достар, кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – ауызбіршілік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз Мемлекет басшысы атап өткендей, нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет», – деп қорытындылады Мәдениет және ақпарат министрі.