Метка: ипотека

  • Қазақстанда банктер ипотеканы уақытша тоқтатты: не болып жатыр және несие алушыларды не күтіп тұр

    Қазақстанда банктер ипотеканы уақытша тоқтатты: не болып жатыр және несие алушыларды не күтіп тұр

    2025 жылдың 10 қазанынан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім елдегі тұрғын үй несиелеу нарығына тікелей әсер етті. Қаржы ұйымдары ипотека беруді уақытша тоқтатып, шарттарын қайта қарауға кірісті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Банктердің жауабы

    Altyn Bank «Цифрлық ипотека» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Себебі – сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін (СЖТМ) есептеуге қатысты жаңа талаптарға бейімделу қажеттілігі.

    «Қазіргі уақытта банк тұрғын үй несиелеудің балама бағдарламаларын әзірлеуде. Өтінім қабылдау басталғаны туралы қосымша хабарланады», – делінген хабарламада.

    ForteBank те жаңа ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатты.

    «Бұл ипотеканы толық жабу емес, тек шарттарды қайта есептеу үшін үзіліс. Нарық сарапталған соң несиелеу қайта жанданады», – деді банк өкілдері.

    Банк ЦентрКредит мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотеканы бұрынғыдай беріп жатыр.

    «Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне және СЖТМ бойынша жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты өтінім қабылдау жүйесінде техникалық шектеулер болды. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр», – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

    Freedom Bank ипотекалық несиелер беруді жалғастырып жатыр, бірақ пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуін жоққа шығармайды. Тек «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы өзгеріссіз қалады.

    Себебі неде

    Базалық мөлшерлеменің өсуі банктер үшін қарыз қаражатын қымбаттатады, сол себепті қаржы ұйымдары ипотека беруді уақытша тоқтатып, жаңа талаптарға сәйкес СЖТМ мен тәуекелдерді қайта есептеуде.

    Сарапшы пікірі

    Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, бұл — нарықтың табиғи реакциясы.

    «“Ипотеканы жауып жатыр” деген сөз асыра айтылған. Банктер жаңа экономикалық жағдайға бейімделу үшін уақытша үзіліс алды. Мөлшерлемелер 2–3 пайыздық тармаққа өсуі мүмкін, ал несие алушыларға қойылатын талаптар күшеюі ықтимал».

    Оның айтуынша, бұл жағдай ең алдымен жас отбасылар мен эконом-класс баспана алушыларға әсер етеді.

    Тұрғын үй бағасы не болады

    Мүсіреповтың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығы тұрақтану кезеңіне өтуде.

    «Сатып алу-сату қарқыны төмендеп жатыр. Кей аймақтарда бағаның 5-10 пайызға дейін жұмсақ түзетілуі мүмкін. Бірақ бұл дағдарыс емес — тұрғын үйге деген іргелі сұраныс сақталып отыр», – деді сарапшы.

    Сондай-ақ ол құрылыс компанияларының енді бөліп төлеу, банк серіктестігі және жеңілдік акциялары сияқты баламалы тәсілдерге жүгінетінін айтты.

    Алдағы уақыт не көрсетеді

    Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылдың соңына дейін нарық жаңа мөлшерлемеге бейімделіп, ипотекалық бағдарламалар қайта іске қосылады. Алайда несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме 20 — 22% деңгейінде болуы мүмкін.

    Сарапшылар баспана алуды жоспарлап жүрген азаматтарға нарық тұрақтанғанша асықпауға кеңес береді — алдағы айларда мемлекеттік қолдауы бар жаңа бағдарламалар пайда болуы ықтимал.

  • Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін баспана қымбаттайды

    Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін баспана қымбаттайды

    Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін баспана қымбаттауы мүмкін. Себебі қазақстандықтар зейнетақы жинағының артылған бөлігін баспана алуға бағыттап жүр.

    Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ниетті салымшылардан түскен 45 мың өтініш өткен айда мақұлданды. Ипотека рәсімдеушілердің де үлесі артқан. Өткен айда ипотека үлесі 17 пайызға артты. Қазір елде нарық шартымен берілетін ипотекалық несие үлесі артты. Жыл басынан бері 450 млрд теңге рәсімделген.

    Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 42 жарым пайызға көп. Ал жеңілдетілген шартпен рәсімделген қарыз көлемі 876 млрд теңгеге жуықтады. Жалпы банктердің ипотекалық портфелі 5,8 трлн теңге. Қаңтар-қыркүйек аралығында елде 1,4 трлн теңге баспана несиесі берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 17 пайызға көп.

    Бірінші несие бюросының дерегіне сүйенсек, өткен айдағы көрсеткіш он бес пайызға артқан. Мақұлданған 45 мың өтініштің жалпы сомасы 37,4 млрд теңге болған.

  • Ипотека жыры: 55 млн теңге шығын келтірген алаяқ 3 жылға сотталды

    Ипотека жыры: 55 млн теңге шығын келтірген алаяқ 3 жылға сотталды

    Астаналық  тұрғын өзін банк қызметкерімін деп таныстырып «Отбасы банк» АҚ арқылы бастапқы жарнасыз ипотекалық тұрғын үйсатып алуға көмектесу мүмкіндігі бар екені туралы ақпарат таратқан. Құқықбұзушы танысына банктен аукционда сатылатын тыйым салынған  үш бөлмелі пәтерді ипотекаға сатып алуды ұсынған. Аукционға қатысу үшін 630 мың теңге сұраған.

    Біраз уақыттан кейін ипотека рәсімдеу үшіншот ашып, 11 млн теңге көлемінде ақша қаражатын салу қажеттігін хабарлаған.

    «Осыған ұқсас сылтаулармен өзінің танысын алдап, сенімін теріс пайдалана отырып, жалпы сомасы 14 млн теңгеден астам ақшаны алаяқтық жолмен иемденген», — делінген Астана қаласы прокуратурасының хабарламасында. 

    Оның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде 22 жәбірленушіге 55 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.

    Кінәлі тұлға 3 жылға бас бостандығынан айырылды.Жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура азаматтарды тек уәкілетті ұйымдарға жүгінуге шақырады және алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп 10 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.