Метка: Ішкі істер министрлігі

  • ІІМ: 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

    ІІМ: 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

    – Құрметті азаматтар! ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті кәмелетке толмағандарды есірткінің айналымына тарту фактілерінің жалғасуына байланысты алаңдаушылық білдіреді.

    Биыл үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде колледждердің бірінші курс студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар.

    Естеріңізге сала кетейік, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

    Бұдан басқа, Қылмыстық кодекстің 299-1-бабында есірткіні, оның ішінде интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау мен жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Құрметті ата-аналар! Сіздерді балаларыңыздың ортасына және олардың бос уақытында не істейтініне ерекше назар аударуға шақырамыз.

    Қауіптің алдын алу маңызды! Балалардың болашағы біздің қолымызда! Тек бірлесіп қана біз есірткісіз қауіпсіз қоғамды құра аламыз!, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

  • Ақтөбе облысында 12 вагон «әлеуметтік» газ ұрлаған бір топ адам қолға түсті

    Ақтөбе облысында 12 вагон «әлеуметтік» газ ұрлаған бір топ адам қолға түсті

    Ақтөбе облысында кен орнының аумағынан «әлеуметтік» газ ұрлау схемасын ұйымдастырған бір топ адам ұсталды.

    ІІМ мәліметінше, күдіктілерді полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратура және ҰҚКД-мен бірлесіп өткізді.

    Фигуранттар газ өндіру саласындағы компаниялардың бірінде жұмыс істейді.

    «Күдіктілер есепке алынбаған газды жинақтап, кейін темір жол арқылы тасымалдаған. Кен орнынан сату орнына бара жатқан жолда ұрланған газ бар 12 вагон ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, нәтижелері бойынша келтірілген шығынның сомасы белгіленетін болады. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

  • Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

    Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

    Бейнежазбада ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов ата-аналарға арнап сөз сөйледі.

    «Мен сіздерге ішкі істер органдарының қызметкері ретінде емес, ең алдымен әке ретінде үн қатқым келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда, әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қылмысының көбею үрдісі байқалуда. Олар қарапайым отбасының балалары»,  деді Әлжанов.

    Оның айтуынша, жасөспірімдер көбіне есірткі қылмысына интернет, әлеуметтік желі немесе таныстары арқылы тартылады. Оларға оңай әрі жылдам ақша уәде етіледі, бірақ мұндай жолдың соңы қайғылы жағдайларға ұласатынын бала біле бермейді.

    «Кінәні мектептен, интернеттен немесе айналамыздағы адамдардан іздеуге бейімбіз. Бірақ бәрі үйден басталатынын мойындауымыз керек», – деп атап өтті Әлжанов.

    Ол ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге шақырды.

    «Егер бала өзіне қызықтырған сұрағына үйден жауап таба алмаса, оны көшеден іздейді. Біз бірге олардың болашағын қауіпсіз әрі бақытты ете аламыз», – деп түйіндеді ол.

  • Келесі жылы елімізде 41 706 азамат әскер қатарына шақырылады

    Келесі жылы елімізде 41 706 азамат әскер қатарына шақырылады

    Тиісті құжат жобасы жарияланып, талқылауға ұсынылды.  Келесі жылы 41 706 азамат әскер қатарына шақырылады.

    «Әскерге шақыру комиссияларының жұмысын және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі саны 41 706 ер азаматты 2025 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында әскерге шақыруды жүргізуді қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскерге шақыру пункттерін медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын», – делінген бұйрық жобасында.

    Ішкі істер министрлігі әскерге шақырылушыларды жинау және әскерлерге жөнелту орындарында ішкі істер органдары қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін ұйымдастыратыны көрсетілген.

    Құжат «Ашық НҚА» порталында 13 желтоқсанға дейін жария талқылауда болады.

  • Жалған полицей адамдардан ақша бопсалап келген

    Жалған полицей адамдардан ақша бопсалап келген

    Ішкі істер министірлігінің мәліметінше, олардың барлығы өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, «қорғаймыз» деген желеумен ақша бопсалап, алаяқтықпен айналысқан.

    Атап айтар болсақ, алаяқтықпен айналысқан бір топ адам Шымкентте құрықталды. Олар өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырып «қорғағандары» үшін ай сайын 1,5 миллион теңге алып отырған. Сонымен қатар, дәл осындай жағдаймен Алматы облысының 2 тұрғыны ұсталды. Олар өздерін жедел уәкіл ретінде таныстырып, жәбірленушіден 500 мың теңге бопсалаған екен. Қазіргі таңда, олар пайдаланған жалған қызметтік куәліктер, құжаттар мен полиция қызметкерлерінің киімдері тәркіленді.

    «Жалған полиция қызметкерлерін ұстау бұл қауіпсіздік мәселесі ғана емес, азаматтар құқықтарын қорғаудың маңыздылығы. Егер азаматтар қырағы әрі мұндай сәттерде мұқият болса, осындай қылмыстардың саны едәуір төмендеуі мүмкін. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар әлі де жалғасып жатыр», – деді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.